Өскемен
-29°
плотный туман ветер 1 м/с, В
468.9 485.64 7.7

Жұмысшының жағдайын жақсарту - басты міндет

23.07.2022, 03:09 0 0 Мадина Амангелдіқызы

Тәжірибе мен теорияны ұштастыруда 56 жылдық тәжірибесі бар Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы бүгінде 400 адамның екі қолына бір күрек ұстатып, нәпақа табуына қолғабыс етіп отырған кәсіпорын. Мал және өсімдік шаруашылығын қатар жүргізген бұл ұйым соңғы жылдары мал басын 3,5 мыңға таятып, сүт өндіруде облыстағы басқа шаруашылықтарды басып озды. Осылайша, мұнда пайда 25 пайызға, ал жұмысшының орташа жалақысын 200 мың теңгеге жеткен.

Өскемен қаласының іргесінде орналасқан Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығын бүгінде өңірдегі шаруашылық ісін ілгерлетумен қатар, жұмысшыларының әлеуметтік жағдайына да ерекше көңіл аударып отырған кәсіпорындардың бірі әрі бірегейі деп айтуға болады. Мұның бір мысалы, биыл шаруа қожалығы орналасқан Солнечное кентінде құрылысы аяқталып, жұмысшыларына төмен пайыздық несиемен табысталған екі қабатты таунхаус пәтерлер болды. Сәулеті батыстық стильде жасалып, барлық инфрақұрылымы тартылған баспананы үстіміздегі жылы жұмысшыларына берген шаруашылық алдағы уақытта осындай тұрғынүйлердің тағы бірнешеуін салуды жоспарлап отыр.

Тұрғынүйдің барынша сапалы етіп салынғанын алға тартқан Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығының басшысы Фарид Абитаев, болашақ қоныстанушылардың үй ішіндегі қосымша құрылыс жұмыстарына бас ауыртпауын да қамтамасыз еткен.

– Қабырғаларының қалыңдығы 40 сантиметр. Бұл бүгінде жаңадан салынған көптеген құрылыстардағы бас ауыртып, балтыр сыздатар дыбыс изоляциясы мәселесін толық жоюға мүмкіндік берді, – дейді Фарид Абитаев. – Жұмысшыларымызды пәтер қабырғаларын сылау, кафель жапсыру және тағы басқа ішкі әрлеу жұмыстарынан толық арылттық. Олардың бұл жердегі бар жұмыстары люстра іліп, үй ішін жиһазбен толтыру ғана.

Осылайша, мұнда жұмысшылардың шаруашылық жұмысына алаңсыз араласып, барынша пайдасын тигізуге жағдай жасалған. Келесі кезекте салынатын осындай тұрғынүйге қазірдің өзінде кезекке тұрып қойғандардың бар екенін айтқан ол, алдағы уақытта таунхаустардың балалар ойнайтын және спортпен шқғылданатын алаңдарымен қамтамасыз етіліп, маңайы жасыл желекпен көмкерілетінін атап өтті.

 

Өз қаражатын құяды

Құрылысы жыл он екі ай кідіріссіз жүргізілетін мүндай баспаналардың бір ерекшелігі – әр пәтердің есігі подъезге емес, бірден аулаға шығарылуында. Бұл бір жағынан тұрғындарға көршілерінің мазасын алмай кіріп-шығуына жағдай жасаса, екіншіден төрт қабырғаға қамалып отырмай, қалаған уақытында есігінің алдын шығып өз шаруасымен айналысуына мүмкіндік береді.

– Құрылыс қарқынын жылдамдатуға да болар еді. Бірақ, ол қымбат. Бұл үйлердің құрылысына өз қаражатымды құйып жатқандықтан, бірқатар қаржылық жақтарды қайта есептеуге тура келіп жатады. Осы жерде тұрғынүй салуда елу пайызы мемлекет тарапынан өтелетін бағдарламалар болса жақсы болар еді. Бүгінде елімізде мұндай бағдарлама жоқ емес, бар. Алайда оның шарттары тиімсіз. Мысалы, осыдан үш жыл бұрын бекітілген аталмыш бағдарламада салынатын тұрғынүйдің әрбір шаршы метрі жүз мың теңге болуы, үй салынатын жер аудан орталығынан 70 шақырым қашықтықта орналасуы, типтік жоба, бір қабаттан артық болмауы керек деген шарттары бар. Мысалы біздің үйіміз типтік жоба емес, – дейді Фарид Абитаев.

Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы кәсіпорынның негізгі базасы орналасқан Солнечное кенті қазірде дамып келе жатқан елді мекендердің бірі. Бүгінде мұнда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында орталық көшелерге асфальт төселіп, жарықтандыру жұмыстары жүргізілген. Бұл жерде қол қусырып отырмауды жөн көрген аталмыш шаруашылық басшылығы да алдағы уақытта кент іргесіндегі жасанды көлдің маңайын абаттандырып, көпшілік демалатын саябаққа айналдыруды жоспарлап отыр.

– Шаруашылығымызға жастар көптеп келуде. Жас отбасылар келсе бала санының да көбейетіні белгілі ғой. Сондықтан ауылымызға орта білім беретін мектеп керек, – дейді Фарид Абитаев.

Бұдан бөлек, шаруашылық жыл сайын өз жұмысшыларын санаторлық-курорттық емделуге жіберіп тұруды дәстүрге айналдырған. Жыл сайын жалақы мөлшерін он – он бес пайызға көтеріп отыру да жолға қойылған. Өйткені өндірістік орталық саналатын Өскеменнің іргесінде орналасу шаруашылықтың кадр мәселесіне оңай соқпайтыны белгілі. Үнемі Титан-Магний комбинаты, Үлбі металлургиялық зауыты, «Казцинк» сынды алпауыт кәсіпорындармен жұмыс күшіне бәсекелестік құруға тура келеді. Денсаулыққа тигізер зияны болмаса да сауу цехтарындағы сауыншыларға 200-250 мың теңге мөлшерінде жалақы төлейтін шаруашылық бүгінде тәулігіне 40 тонна сүт өндіруде.

– Бұл сегіз жылда жеткен жетістік. Бастапқыда тәулігіне алты-жеті тонна сүт сауудан бастадық. Облыстағы «Восток молоко», «Багратион» сияқты кәсіпорындарға сүт өткізіп отырмыз. Сонымен қатар, қазіргі уақытта «Фуд Мастер» компаниясы біздің өнімімізді мың шақырым қашықтықта орналасқан Алматыға тасымалдап жатыр. Олардың айтуынша, ерекше өнім шығару үшін сүт сапалы болу керек көрінеді, – дейді Фарид Абитаев.

Германиялық фермерлермен тәжірибе алмасып келген шаруашылық басшысы Кәрі құрлықта сүт тәулігіне елу тоннадан асса ғана қайта өңделген болып саналатынын айтады. Демек, тәжірибелік шаруашылықтың ендігі мақсаты сауылатын сүт көлемін арттыру. Ал бұл үшін қазірде қолда бар 1300 бас сауын сиыр санын тағы мың басқа арттырып, тәулігіне сауылатын сүт көлемін 100 мың тоннаға жеткізу жоспары құрылған.

Сонымен қатар, шаруашылық бүгінгі күні ересек сауын сиырлардың басын көбейтетін ферма бағытын дамытуды қолға алған. Бұл бірінші кезекте еліміздегі сауын сиырлар санының азаюына тосқауыл қоймақ. Мамандардың айтуынша, төлдің есейгенге дейінгі аралығын көптеген фермерлер тым ұзақ санайтын көрінеді. Осы аралықта, оны асырап шығынға батуды жөн көрмейтін көптеген шаруалар малды жас кезінде сатып жіберіп, тез пайда табуды әдетке айналдырған. Осыдан мал сауылудың орнына сойылып кетеді екен.

 

Мемлекеттік қолдауды қажет етеді

Сүт саууды жолға қоюды ойлаған шаруа үшін тағы бір бас ауыртып, балтыр сыздататын мәселе – субсидиялау мәселесі. 2015 жылдан бергі уақытта екі жүйелі сауын цехын салған кәсіпорындағы құрылыс соңғы екі жылда осы мәселеге байланысты біраз кідіріп қалған.

– Субсидия болмаса шаруашылық ісін өрге дөңгеленту тіптен мүмкін емес. Егер шаруашылықта мал басы аз, өндіретін сүт көлемі кішкентай әрі құрылысы жоқ болса субсидияның қазіргі мөлшерімен де өмір сүре беруге болады. Алайда, шаруашылықты кеңейту үшін құрылыстар басталған кезде 25 пайыздық субсидия түкке тұрғысыз болып қалады. Өйткені, құрылыс шығындарына алынатын несие көбейеді, – дейді Фарид Абитаев.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта орын алған қымбатшылыққа орай инвестициялық субсидиялар мөлшері 25 емес 50 пайызды құрау керек көрінеді. Сонымен қатар, заңдар мен заңнамалық актілердің жиі өзгерістерге ұшырауы да шаруа ісін ілгерлетуге қолбайлау болатынын алға тартқан ол, тауарлы сүтке бөлінетін субсидияны керісінше ұлғайтпаса, мүлдем алып тастауға болмайтынын айтады.

– Қазіргі таңда бүкіл әлемдегі шарулар өз өнімдерін экспортқа шығару үшін күш біріктіруді қолға алған. Яғни кооперация құру өте маңызды. Мен біздің елдегі әріптестеріме де кооперацияға бірігуді үнемі айтамын. Коопреацияға бірігу арқылы біз көп нәрседен ұтамыз, – дейді Фарид Абитаев.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, кәсіпорын өз жұмысын заманауи технологиялармен жабдықтап, еңбек өнімділігін жылдан-жылға жақсартып келеді. Шаруашылық жұмысшыларының қызмет орнындағы жағдайларын ғана жасап қоймай, сонымен қатар олардың отбасылық өмірлерін де жайластыруды қатар қолға алған кәсіпорын соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласына жастарды тартуға да ден қоя бастаған. Жастарды осы салаға тарту және ұстап қалу мақсатында оларды жайлы әрі бағасы арзан баспанамен қамту бағдарламасын іске қосып, жұмысшыға кәсіпорынмен еңбек келісім-шартын бекітіп, өз жұмысын жақсы атқаруы қажет деген жалғыз ғана шарт қойды.

Біздің Instagram-ға жазылыңыз

Жаңалықтарды жылдамырақ көріңіз

Жазылу

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив