KZ
Өскемен
+19°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, З
448.89 477.93 4.76

Праймериз 5 кезеңнен тұрады. Шығыста үш күнде үш жүзден астам адам тіркелді

20.08.2020, 08:12 202

Қазақстанда 17 тамыздан бастап Nur Otan партиясының праймеризіне қатысу үшін үміткерлерді тіркеу басталғаны белгілі. Үш күн ішінде Шығыс Қазақстанда 309 адам тіркелді, оның 43% – әйелдер, 26% – жастар.

Бұл туралы бүгін Nur Otan партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Олег Чугунков өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

– Тек алғашқы үш күннің өзінде 309 азамат өтініш берді. Олардың 133-і – әйелдер, оның ішінде алтауы – көп балалы ана. 81 кандидат – 35 жасқа дейінгі жастар, сондай-ақ үш үміткер ерекше қажеттіліктері бар азаматтар болса. 8-і қандастар. Бастауыш партия ұйымдары арқылы 103 адам ұсынылса, 206 кандидат – өзін-өзі ұсынғандар. Бүгінге дейін тіркелген 309 адамның 206-сы өзін-өзі ұсынушылар. Партиялықтардың жоғары белсенділігі бізді қуантады. Басты мақсат – праймеризге мүмкіндігінше көп адамды қатысуға шақыру. Бізге 1200-ден астам өтініш келіп түсті, олар әлі де жалғасуда. Кандидаттар саны бірнеше есе көп болатынына сенімдімін, – деді Олег Чугунков.

Еске салайық, үміткерлерден өтінімдерді қабылдау 28 тамызға дейін жалғасады. Содан кейін кандидаттарды үгіт-насихат жұмыстары, пікірталастар және тікелей дауыс беру процесі күтеді.

Праймериздің негізгі мақсаты – алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларына партиялық тізімдерді қалыптастыру үшін бәсекелес күрес негізінде жаңа көшбасшыларды айқындау.

Праймериз 5 кезеңнен тұрады:

1) кандидаттарды ұсыну және тіркеу;
2) кандидаттарды үгітке даярлау;
3) үгіт жұмысы;
4) дауыс беруді өткізу;
5) тізімдерді дайындау.

Кандидаттарды ұсыну және тіркеу 17 тамыздан басталып 28 тамызға дейін жалғасады. Пікірсайыстар партияның ресми аккаунттарында таратылатын «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы өтеді. Облыс бойынша жария пікірсайыстар өткізу үшін 107 арнайы орын белгіленген.

Олег Чугунковтың мәлімдеуінше, бүгінгі күнде Саяси кеңес Бюроларының шешімімен өңірлік және аумақтық ұйымдастыру комитеттерінің құрамдары мен басшылары бекітілген. Өңірлік және аумақтық ұйымдастыру комитеттерінің құрамына филиалдардың қызметкерлері, партия филиалдары Саяси кеңестер мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының басшылары мен бюросының мүшелері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері болып табылмайтын «Jas Otan» Жастар қанатының мүшелері кіріп отыр.

Жалпы, қазіргі уақытта ашық және адал партияішілік сайлау өткізу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Партия Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, ең бастысы – барлық қатысушылар үшін ашықтық пен тазалықты, тең мүмкіндіктер мен бәсекелестікті қамтамасыз ету.

– Праймеризге тек партия мүшелері ғана емес, сонымен қатар өз өмірін мемлекетіміздің дамуына арнағысы келетін әрбір белсенді азамат қатыса алады. Праймериз өзекті мәселелерді көтеруге және кейіннен оларды шешуге қол жеткізуге бағытталған. Сондықтан біз нақты көшбасшыларды көргіміз келеді, – деді брифинг қорытындысында Nur Otan партиясы ШҚОФ төрағасының бірінші орынбасары.
Праймеризге қатысты ережелермен және бастапқы нұсқаулықтармен nurotan.kz және primaries.kz. сайттарынан толығырақ танысуға болады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив