KZ
Өскемен
+18°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, СБ
447.4 477.55 4.76

Ольга Булавкина Сенат депутаты болып сайланды - ШҚО

12.08.2020, 11:26 150

Бүгін еліміздің барлық өңірінде, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысында да Парламент Сенаты депутаттарының сайлауы өтті. Сайлау учаскесі Өскемен қаласындағы Жекпе-жек сарайында орналасты.

Күнтізбелік жоспарға сәйкес 10 тамыз күнгі сағат 24.00-де үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аяқталды. 11 тамыз, сонымен бірге дауыс беру күні – 12 тамызда кез келген сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына тыйым салынды.
Сайлаушылардың қауіпсіздігі – басты назарда. Сол үшін дауыс беру орны ретінде қаладағы ең үлкен спорттық нысанның бірі таңдалды. Ғимарат іші толық дезинфекцияланды, дауыс беретін мәслихат депутаттарына медициналық бетперде тағып, қолғап кию міндеттелді, сондай-ақ 1,5-2 метр арақашықтықты сақтаулары да ерекше қадағаланды.

– Дауыс беру бюллетеньдеріне Сенат депутаттығына тіркелген төрт кандидаттың тегі енгізілді. Олар – Ольга Булавкина, Нұржан Жұмаділов, Игорь Панченко мен Юрий Старокожев. Яғни, сайлау балама негізде өтпек. Дауыс беруге барлық 301 таңдаушының 275-і келіп отыр. Сайлау санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтай отырып, сайлау туралы конституциялық заңға сәйкес өтеді. Дауыс беру рәсімі кабиналарда жеке және жасырын ұйымдастырылады. Заңнама бойынша 50 пайыздан астам дауыс жинаған кандидат жеңіске жетеді, – деп хабарлады Шығыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерсайын Нәбиев таңдаушылардың бірлескен отырысында.

Шығыс Қазақстаннан еліміздің жоғарғы заң шығарушы органының жоғары палатасына тіркелген барлық кандидаттар белсенді азаматтық ұстанымымен, кәсібилігімен, өңірдің қоғамдық өміріндегі жетістіктерімен ерекшеленеді. Айталық, Ольга Булавкина – Бородулиха ауданының әкімі, оны Өскемен қалалық және Бородулиха, Ұлан, Шемонайха аудандық мәслихаттары ұсынған. Ал, Нұржан Жұмаділов облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы, Игорь Панченко – Риддер қалалық мәслихатының хатшысы, Юрий Старокожев – облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың бас дәрігері, бұлардың бәрі де кандидатураларын өздері ұсынып отыр.

Облыстағы Сенат депутаттығына сайлау екі сағат көлемінде аяқталды. Шығыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясы сайлаушылардың берген дауыстарын есептеп, оның нәтижесін шығарды.

Таңдаушы мәслихат депутаттарының дауыс беруі нәтижесінде Ольга Александровна Булавкина 255 дауыс (93,07 пайыз) жинады. Ал қалған үш кандидат Нұржан Сайлаубекұлы Жұмаділов 7 (2,55 пайыз), Игорь Иванович Панченко мен Юрий Александрович Старокожев 6 дауыстан (2,19 пайыздан) жинай алды. Бір бюллетень жарамсыз деп танылды.

Сонымен, Сенат депутаты мандатына үміткерлердің ішінен Ольга Булавкина жеңімпаз атанды. Облыстық мәслихат хатшысы Владимир Головатюк Ольга Булавкинаны залға шақырып, оны Шығыс Қазақстан облысынан Сенат депутаты болып сайлануымен құттықтады.

– Сіздің өз міндеттеріңізді абыроймен орындайтыныңызға сенімдіміз. Депутаттар сізбен әрқашан өзара тиімді жұмыс жасауға дайын, – деді ол. Өз кезегінде жаңадан сайланған сенатор депутаттарға сенімдері мен қолдаулары үшін алғыс білдіріп, Шығыс өңірінің дамуы үшін бар күш-жігері мен білімін жұмсауға уәде етті.

Дауыс беру аяқталған соң байқаушылар сайлау процесіне өз бағаларын берді.

– Бүгін біз кандидаттарды, байқаушыларды, БАҚ өкілдерін тіркеу сәтінен бастап мониторинг жүргіздік. Дауыс беру процесіне бақылау жасадық, ол өте жақсы, ашық өтті. Таңдаушылардың барлығына қолайлы жағдай жасалған. Өңірімізде Сенат депутатын сайлау демократиялық жағдайда, ел заңнамасына сай өтті, – деді сайлауға тәуелсіз байқаушы ретінде қатысқан Алдияр Әубәкіров.

Атап өтерлігі, Қазақстан Парламентінің Сенаты 49 депутаттан тұрады, олардың ішінде 34 сенатор – барлық деңгейдегі мәслихаттардың таңдаушы депутаттарының сайлауында, елдің әрбір 17 аймағынан Сенатқа екі депутаттан принципі бойынша алты жылға сайланады. Тағы 15 сенаторды Мемлекет басшысы тағайындайды.

– Мен Сенат сайлауында дауыс беруге екінші рет қатыстым. Біздің әрқайсымыз облысымыздың мүддесін қорғайтын ең лайықты адамды таңдағанмызға сенімдімін, – деп атап өтті облыстық мәслихаттың депутаты, «Шалабай» ЖШС директоры Қуаныш Сүлейменов.

Басқа таңдаушылар да осындай пікірде болды. Мәселен, облыстық мәслихаттың депутаты, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова маңызды саяси оқиғаға қатысып, тағдыршешті шараға үлес қосуды өзіне зор мәртебе санайтынын жасырмады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив