KZ
Өскемен
+15°
облачно с прояснениями жел 10 м/с, С
446.49 475.38 4.79

Қойтаста қордаланған мәселе көп

17.07.2022, 15:45 197

Алыстағы ауылдардың аянышты қалін көргенде жан дүниең жабырқап қалады. Көшсек пе деп отырған жұрттың көңілін немен алдарқатасың?! Жайылымы тарылып, мал баға алмай тарығып отыр. Суы сор болған соң соры қайнаған жұрт жалғыз құдыққа арба айдап жаяу тартады. Бізде мәдени іс-шара өтпегелі қашан деп қынжылды халық. Бұл – Күршім ауданына қарасты Қойтас ауылының тұрғындарының назы.


Қираған клубта құстар ән салып жүр

     

Қожыр таудың бөктерінде орналасқан Қойтас ауылына барар жолдың тең жарымынан көбі топырақ жол екен. Сондықтан доңғалақтың дүбіріне құлақ түре отыру үшін машинадағы музыканы өшірдік. Сол арадан бастап мәдениет пен өркениеттен алыстап, байланыстан шығып қалдық. Андыз-андыз орналасқан үйлердің орта шенінде орналасқан ауыл клубының алдына барып тоқтадық. Іргесі сөгіле бастаған бір қабат клубтың төбесі де опырылып тұр. Түкпір жағын ала орналасқан үлкен залдың астына ауыл тұрғындары жиналып цементпен төсеніш құйып, сәл де болсын реттеп қойған. Оны да топырақты өлімде барар жер жоқ болғандықтан амалсыз жасаған. Бірақ есік-терезесі тесік клубтың кәдеге жарар түрі жоқ. Сахнасы бос қалған клубтың ішінде бозторғайлар пыр-пыр ұшып, ән салып жүр.

– Біз бұл ауылдың тарихымен бірге жасасып келеміз. Сондықтан да жанымыз ашып, жүрегіміз ауырады. Бұрын қандай ауыл еді, әншісі де, күйшісі де, ақыны да, спортшылары да бар ауыл еді. Ал қазір оның бірі де жоқ, себебі мына клубтың құлағалы тұрғанына бірнеше жыл болды. Әлі бір жөндеу көрмеді. Ешкімнің жөндеп беретін ойы да жоқ. Бұл бізге торқалы тойда, топырақты өлімде де керек қой. Өткенде бір баламыз бақилық болды. Сонда ас беретін жер таппадық. Ал бұл ауылда ән мен күйдің әуені естілмегелі қашан?! – деп налыды ауыл тұрғыны Гүлсім Сағидолдинова.

Ескі клубтың алдына жиналған жастар мен ауыл тұрғындары да бұл пікірді қостап, ойларын ортаға салды. Ауылдағы жастардың қатары да сирек, өйткені олардың көңіліне медеу болар ауылда ештеңе жоқ.

– Кеш болса ауыл жастары осы құлағалы тұрған клубтың айналасына жиналады. Басқа барар жер жоқ. Ертең олардың 

арасынан тәртіпсіздік шығып, тәрбиесі бұзылуы да мүмкін ғой. Ал ауылда спортпен айналысатын орындар мүлдем жоқ. Мектептің залына кіргізбейді. Сондықтан болмаса осы клубты жөндеп берсе, – дейді ауыл тұрғыны Нұрлан Сәрсенбинов.

Көптен бері ән мен күйдің сазын естімеген жұрт іште жиналып қалған назын бізге жеткізді. Не клубы, не спорттық алаңдары, не интернет байланысы жоқ ауыл тұрғындарының өкпесі орынды. Ал қазірдің өзінде дұрыс телефон байланысы жоқ ауылға интернеттің игілігін көру әлі алыс сияқты.

– Бұл рас жағдай, ол мәселені біліп отырмыз. Осы мәселені келе салып қозғап, жоғарыға хат жазғам. Бұл ауылда 70 отбасы, 295 тұрғын бар. Аудан әкімдігінің берген жауабы, ауыл тұрғындарының саны аз болғандықтан клубты жөндеу тиімсіз екенін айтты. Енді біз ауылдағы ескі мектепті клуб етіп беруді қарастырып жатырмыз. Ол мектептің құжаты дұрыс болмағандықтан қазір ретке келтіріп жатырмыз. Бұл мәселені осылай шешпекпіз. Ал ескі клубты жөндеу қарастырылмаған, – дейді Абай округінің әкімі Талғат Бақтияров.

Әкімдіктің әлі де шешімін таппаған, жоғарыға сілтеме жасаған жауабы осылай болды. Соған қарағанда, ауыл мәдениетінің мәйектенер уақыты алыс секілді.

 

Ауызсу атымен жоқ

 

Қойтас ауылының тұрғындары әлі де құдықтан су тасып ішіп отыр. Ауылдың орта тұсындағы жалғыз құдықтың суының дәмін біз де татып көрдік. Тұщынып жұтып, шөл баса алмадық. Ал артезиан суы жоқ емес, бар. Мектептің ауласында бір емес, екі құдықтан артезиан суы шығып тұр. Алайда ол бір көше бойымен тартылған, бірақ ешбір үйге қосылмаған. Тұрғындар оның не себепті тартылғанын, неге қосылмай тұрғанын білгісі келетіндерін айтты.

– Мына мектептің алдындағы құдықтан артезиан суы шығып тұр. Оны бір жылдары арнайы техникамен қазған. Сол кезде әр үйге су тартылады деп естіп, қуанып қалған едік. Алайда осы бір көшеге ғана тартып, Қабдығали Мұраттың үйінің алдына әкеліп тоқтатып қойған. Ал бұның қандай бағдарлама негізінде жасалған жұмыс екенін тағы білмейміз. Жол ортадан тастап кеткені де түсініксіз. Ауыл тұрғындары қағаз жүзінде таза су ішіп отыр деген сөз де бар. Шындығында, бұл ауылда таза су ішіп отырған ешкім жоқ. Тіпті, кейбір адамдар бұлақтан су тасып ішуде. Ал қазір жер жыл сайын бұлғанып барады, одан ауру пайда болмасына кім кепіл?! Сондықтан осы ауызсу мәселесін шешіп берсе, – дейді Қойтас ауылының тұрғыны Серікбек Әбілмәжінов.

Ал артезиан суы есігінің алдына дейін тартылып, бірақ үйіне әлі қосылмаған мектеп директоры Мұрат Қабдығали мектептегі құдықтың жайын бізге баян етті. Оның айтуынша, мектептің қасындағы құдықтан таза су шығып тұр, алайда оны ауылға таратуға құдықтағы насостың шамасы келмейтін көрінеді.

– Менің білуімше, бұл ауылдағы мектептің қасында екі құдық бар. Ал оны қазу үшін мемлекеттен ешқандай ақша бөлінбеген. Ол ешқандай бағдарлама негізінде жасалған дүние емес. Оны 2014 жылы мектепті салған мердігер компания аудан әкімінің сұрауы негізінде қазып берген. Ал ауылға су тарту мәселесі – біздің жоспарда бар дүние. Мен ЖКХ-ға өтініш бергенмін, алдағы уақытта 2 «БМС» салу жоспарда бар. Бірақ сол «БМС» салу мәселесін халықпен тағы сөйлесу керек. Өйткені «БМС» салынған жағдайда оны халық пайдаланса да, пайдаланбаса да ақша төлеу керек болады. Сондықтан бұл тағы ертең дау болмас үшін халықпен ақылдасамыз, – дейді Абай округінің әкімі Талғат Бақтияров.

Округ әкімінің сөзіне қарағанда қойтастықтар сол баяғы құдықтан су тасуды жалғастыра беретін сияқты. Иә, ауылдағы ағайын арба сүйреудің азабын әлі де тартады-ау.


e0a15277-b998-471f-a64a-063140010bbd.jpg

Жайылымдық жер жетпейді


Ұртымызды толтырып «ұлы дала», кеңірдегімізді бүлкілдетіп «кең дала», дүрілдеп тұрып «дархан дала» дейміз-ау! Алайда қайда барсаң да, ауылдағы ағайынға жер жетпей жатады. Бұл жағдайды Қойтас ауылынан да жолықтырып қайттық. Ауылдың жайылымдық жерін алтын өндіретін компания қоршап алған. Білуімізше, алтын қазу үшін емес, егін егу үшін алғандарын айтқан. Ауыл тұрғындарының айтуынша, қоршалған жердің аз бөлігіне егін салғанымен, оны күзде орып алмаған. Шашылып қар астында қалған. «Жалпы, алтын өндіруші компанияға егістік жер не үшін керек болды?» дейтін сұрақ жұртты мазалайтын көрінеді.

– Бізді қинайтын тағы бір мәселе – жайылымның жоқтығы. Жер жоқ емес, бар еді ғой. Сол бар жерді алтын өндіруші «Бизол» компаниясы қоршап алды да, бай шаруашылыққа беріп қойыпты. Олар енді қора салады, егін салады деп жатыр. Бұл жерге кеңес өкіметінің тұсында егін шығара алмаған еді, енді келіп билік «егін салатындар алды» деген уәж айтады. Олар қайтіп шығармақшы, білмеймін. Солардың кесірінен біз жайылымсыз қалдық. Ауыл шетіндегі тас қорым жолмен таудың үстіне апарып сиыр жаюға мәжбүр болып отырмыз. Ал мына қоршауға кіріп кетсе, айыппұл саламыз, атамыз деп отыр. Ауылда мал бағудан басқа жұмыс жоқ. Мал бағайын десең, жерді сатып жібереді. Әкімдіктің адамдары мектептегі 5-6 мұғалімге келіп жиналыс ашады да, кетіп қалады екен. Тұрғындармен кездеспейді, жерді сатып алғандардың мүддесін қорғайды, – дейді ауыл тұрғыны Бақытбек Майлықанов.

Жер дауына жиналған жұрттың қарасы да, наласы да көп. Өйткені тіршілігінің тірегі мал шаруашылығы болғандықтан жерін жер тепкілеп тұрып қорғауға мүдделі. Басқа тығырықтан шығар жол жоқ.

– Иә, алтын өндіруші «Бизол» компаниясы 49 жылға 800 гектардан астам жерді жалға алған. Олар не істейді, кімге береді, оны өзі біледі. Оған біз ештеңе істей алмаймыз. Егістік жерді пайдаланам деген адамға бер деген үкіметтің тапсырмасы бар. Сондықтан біз оған қарсы шыға алмаймыз. Ал ауылдың жайылымдық жер мәселесін шешіп бергенбіз. Біз барып жиыны 2 мыңнан астам гектар жерге қазық қағып, белгілеп бергенбіз. Таудан бола ма, тастан бола ма, әйтеуір жер бердік қой, – дейді округ әкімі Талғат Бақтияров.

Расымен, жер астынан алтын қазған компанияға ауыл шетін қоршап алып егін салу не үшін қажет болды екен?! Осы сұрақ көкейлерінде көптен бері жүрген ауыл тұрғындары компания басшысына да жүгініпті. Ким есімді компания басшысы біз сендерге көмек беріп отырмыз, одан артық не керек деген көрінеді. Ол қандай көмек, оны ауыл тұрғындары білмеген, көрмеген болып шыққан.

– Ауыл тұрғындарының мәселесі көбейіп кеткен соң, «Бизол» шектеулі серіктестігінің басшысы Эдуард Киммен барып сөйлестім. Ол кісі біз ауылға көмектесіп отырмыз, одан артық не керек дегенді айтты. Иә, бір жылдары аз қамтылған отбасыларға азын-аулақ көмір бергенін білемін. Ал компания басшысы екі жыл бойы округ әкіміне Камазбен ұн, қант бергенін, оны растай алатынын айтты. Оны біздің ауылдан ешкім алмаған, көрмеген, – дейді ауыл тұрғыны Ермұханбет Наурызбаев.

Оны да округ әкімінен сұрап едік, ол кісі де ештеңе білмейтін болып шықты. Қант пен ұнның қайда кеткені белгісіз.

– Мен осы округке 2021 жылы әкім болып сайландым. Оған дейін қандай көмек берілгенін, оның неге халыққа берілмегенін мен білмеймін. Көмектеседі деп естігем. Нақты қанша килограмм ұн, нақты қанша килограмм қант бергенін білмеймін. Біз бұны бір жерде есеп бергенде айтқан едік, нақты мөлшері есімде жоқ. Былтыр Бурабай ауылына 100 тонна көмір берем, басқалай көмек беруге жағдайым жоқ деген болатын. Оның 50 тоннасы ғана жеткізілген, – деді округ әкімі. Қойтастықтардың қордаланған мәселесі көп, бірақ нақты жауап жоқ. Жайылымы жоқ, суы жоқ қойтастықтар қайтып күн көрер деген сауал көкейде қалып бара жатты. Ал біздің құлақта клубтағы торғайлардың сайрағаны, жыларман болған халықтың жерін даулаған үні кетті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив