KZ
Өскемен
+16°
ясно жел 11 м/с, С
446.49 475.38 4.79

Көпір жұмысы жоспарға сай жүріп жатыр

17.07.2022, 11:32 183

Күршім, Марқакөл бағытына барар жол жақын, жақында болса алыс. Өйткені орта жолда оңай-оспақ өткізе қоймас су өткелі бар. Дәл осы өткелде кезек күтуден шаршаған жұрттың жан айқайы екі жылдың алдында Президенттің құлағына жеткен болатын. Естіген бойда ел президенті халық үніне құлақ асып, көпір салуды тапсырған еді. Жоспарға сай жұмысы дер кезінде басталып кеткен болатын. Қазіргі таңда техникалық көпірдің 300 метрі салынғанын көзбен көріп қайттық.

Жоспарлы уақыт артта қалып, жол ортада тоқтап тұрған жолдар көп. Тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп бітпей қалған құрылыстар да болған. Сондықтан болар жергілікті жұрт бұл көпірдің жұмысы да ащы ішектей созылып кетеме деп алаңдайды. Оған дәлел Омбы – Майқапшағай, Өскемен – Талдықорған тас жолдарының құрылысы 2020 жылдары аяқталуы керек еді, әлі бітпеді. Өскемен – Рахман қайнары бағытындағы төте жолдың құрылысы да тұралап жатыр. Ал, Күршім көпірінің аяқталар мерзімі 2025 жылға жоспарланған. Сондықтан ұттырып алмаса уақыт бар. Қазіргі таңдағы көпір құрылысының қарқыны жаман емес көрінеді. Жауапты компания жұмысты екі жағалаудан қатар бастаған. Негізгі жұмыс күші Күршім ауданына қарасты Құйған ауылы жағынан басталған тұсқа жұмылдырылыпты. Көпір жұмысын бастағанға дейінгі жұмыстың көп уақыт алғаны айтпаса да көзге көрініп тұр. Солай болғанын бізге учаске басшысы да баяндап берді. Жағалауға екі үлкен бетон зауытын салыпты. Бірі тоқтаса, бірі жұмысты жалғастырады. Қыс айларының аязында да ыстық цементті дайындап, құя беруге арналған. Сондықтан енді жұмысты тоқтатуға еш сылтау жоқ. Ал көпір құрылысына таңдаулы материалдар ғана қолданылады. Мысалы, құрамы суға шыдамды, арнайы зерттелген құмды Боран ауылының тұсынан тапқан. Әудем жердегі әдеттегі құм жарай бермейтін болғандықтан Бораннан тонналап құм тасыпты. Керекті қиыршық тасты да қыраттан теріп ала салмайды, арнайы Өскеменнен тасиды. Осылайша тас-топырақтың да төзімдісін пайдаланып жатқандарын айтты. Көпір аузындағы кішігірім қалашықта жұмысшыларға арналған 84 орындық екі жатақхана салыпты. Материалдарды сақтауға арналған қаз қатар қоймалар мен темір-терсек, техникалардың саны адамнан көп. Сол техникалардың күшімен техникалық көпірдің 300 метрін салып тастапты. Ал онымен қатарласа негізгі көпірдің де тағаны тартылып, тіреулері орнатылыпты.

– Қазіргі таңда құрылыс материалдары жеткілікті деуге болады. Жұмыс күші де, техника да бар. Техникалық көпірмен қатар негізгі көпірдің құрылысын қатар алып келе жатырмыз. Тіреулерін құйып алған соң жұмыс тез жүреді. Осы қазір №21 тіреу дайын тұр. Тағы екі тіреудің арматура темірден қаңқасы тоқылып жатыр, – дейді құрылыс алаңындағы жұмыстармен таныстырып жүрген учаске басшысы Юрий Чанов.

Шаруаның шашауын шығармаймын деп қолға алған Юрий сөзге шешен, іске бекем сияқты. Бізге көпір құрылысының егжей-тегжейіне дейін түсіндіріп берді. Арасында әлемдік саясаттың, сүреңсіз соғыстың да жұмысқа зияны барын айтып, қынжылып қояды. Оның айтуынша, көпір құрылысына қажетті болат деталь Украинада шығарылады екен. Бастапқыда алып тұрған деталь енді жоқ. Сондықтан оны басқа жақтан қарастырып жатқандарын айтты.

ef9c5e8d-373e-4141-9337-55442c8d8688.jpg

Жол қысқартып, уақыт ұтуға арналып салынып жатқан еліміздегі болашақ ең ұзын көпірдің жұмысына «ОблШығысЖол» ЖШС жауапты. Бұрын бұндай көпір салып көрмесе де білек сыбана кіріскен. Жұмыстың тізгінін қолға алған Юрий Чановтың айтуынша, суда жұмыс істеудің қиындығы көп көрінеді. Жалпы көпірдің ұзындығы 1300 метр болса, судың ең терең жері 23 метр. Осы 23 метр тереңдікке тіреу орнатудың өзіндік тәсілін де тілге тиек етті. Алдымен жуан темір құбырларды су түбіндегі қатты қыртысты қабатқа тірелгенше қағады екен. Содан кейін барып құбыр ішіне арматурадан тоқылған қаңқа орнатылады. Мықтап орнатылған соң бетон құяды. Бетон салмағымен суды сыртқа шығарады. Тіреу орнатылған соң арнайы мамандар оны үнемі тексеріп отырады екен. Қолмен ұстап, көзбен көріп ғана қоймай, тіреудің үстінен 450 тонна салмақпен басады екен. Осыған дейін орнатылған тіреулердің барлығы да осы сынақтан өтіп, ойдағыдай нәтиже көрсеткен.

Көпір салушылар болашақта баржа, паром, кемелердің жүріп өту жолын да ескерген. Сондықтан да орта тұстағы бір тіреудің арасын 75 метр қашықтықта орнатса, қалғанын 64 метер қашықтықпен орнатқан.

– Қазіргі уақытта техникалық көпірдің 300 метрімен қоса, негізгі көпірдің тіреулері орнатылды. Жұмыс уақыт жоспарына сай жүргізіліп жатыр. Көпір құрылысы аяқталған соң жарық тарту, жақтауларын орнату секілді жұмыстар да біраз уақыт алады. Одан бөлек көпірге дейінгі жол құрылысы тағы бар. Жұмыс жоспарға сай жүзеге асатын болса, 2025 жылы Күршімге көпір арқылы баратын боламыз, – деді Юрий Чанов.

Қалған үш жылда үміт ақталса болғаны. Уақыттың ұршығы тоқтамаса көпірден өтер күнге де жетерміз. Тек, көпірге бөлінген миллиондар суға кетпесін деп тілейік.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив