KZ
Өскемен
+11°
пасмурно жел 3 м/с, СБ
446.49 475.38 4.79

Ерекше жандарға концерт қойды – Өскемен

13.10.2022, 15:53 584

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «ерекше» жандарға «Жүректен жүрекке...» атты ерекше концерт қойылды.

Жалпы ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтік тұрғыда қолдау және олардың өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі екені белгілі. Сондықтан елімізде қазан айының екінші жексенбісі «Мүгедектер күні» деп белгіленген. Аманжолов университетінің жанынан құрылған «Мейірім» волонтерлер клубы осы датаға орай ерекше іс-шара ұйымдастырды.

– Клубта 150-ден астам волонтер бар және өнерпаздар жеткілікті. Алайда жастар бүгін тек би билейді. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың әннен гөрі биді жақсы түсініп, жылы қабылдайтынын мамандардан сұрап білдік, – дейді «Мейірім» клубының жетекшісі Ұлан Көшербай.

«Мейірімнің» жастары қала-облыс төңірегінде ғана емес, республикалық іс-шараларға да белсене атсалысатын көрінеді. Мәселен Қостанайдағы өрт дүйім елді дүрліктіргенде, алғашқылардың бірі болып көмек беруді ұйымдастырған да осы клубтың мүшелері екен.

Еріктілердің бұл жолғы бастамасына «Мархабат.KZ» Мүгедектер Қоғамы» қоғамдық бірлестігі қолдау білдірді. Бұл бірлестік психоневрологиялық патологиясы бар адамдарды оңалтумен айналысады.

– Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік ортаға бейімделіп, қоғамдық іс-шараларға араласуына қолдау көрсету біздің жұмысымыздың бір бөлігі. Волонтер жастардың концертті университетте ұйымдастырғаны ұтымды шешім болды. Біріншіден, жоғары оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысқан «ерекше» балалар өмір сүруге құлшынысы арта түскендей болды. Екіншіден, мұндағы жастардың позитивті көңіл күйі біздің жасөспірімдерге күш-жігер сыйлайтыны анық, – дейді «Мархабат.KZ» Мүгедектер Қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасының орынбасары Меруерт Өтегенова.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив