KZ
Өскемен
+17°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, ОШ
447.4 477.55 4.76

ШҚО: екі жылда 12 денсаулық сақтау нысаны салынады

12.07.2022, 16:29 303

Биыл Шығыс Қазақстанда бес медициналық мекеме құрылады. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүлмира Сағидуллина мәлімдеді.

Сондай-ақ, басқарма басшысының айтуынша, 2023-2024 жылдар аралығында 12 жаңа нысан салынады. Оның он бірі – амбулаториялық-емханалық желі, яғни медициналық пункттер, дәрігерлік амбулаториялар.

– Келер жылды онкология және хирургия орталығының хирургиялық корпусының бірінші және үшінші қабаттарының бөлімдерін жаңартуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ үш дәрігерлік амбулатория салу жоспарланған. Айталық Верхнеберезовский кентінде ауысымына 20 келушіге қызмет көрсететін, үш төсекті күндізгі стационары бар нысан салынады. Прапорщиково ауылы мен Ахмер кентінде бір ауысымда 25 адам қабылдайтын және төрт төсекті күндізгі стационары бар амбулатория бой көтереді, – деді Гүлмира Сағидуллина.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, құрылыстың болжамды құны 556 миллион теңге. Бұдан бөлек облыс басшылығы Қасым Қайсенов кентінде ауысымына 150 келушіге қызмет көрсететін емхана салуды да жоспарлап отырған көрінеді.

– 2024 жылы бес медпункт, бір дәрігерлік амбулатория мен бір емхана салуды жоспарлап отырмыз, – деді Гүлмира Сағидуллина.

Оның айтуынша, Глубокое және Ұлан аудандарында медициналық пункттер, Шемонаихада дәрігерлік амбулатория жабдықтау жоспарлануда. Сондай-ақ, Зайсанда бір ауысымда 160 адам қабылдайтын 20 төсектік күндізгі стационары бар емхана салу мәселесі қаралып жатыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив