Өскемен
-11°
переменная облачность ветер 2 м/с, СВ
462.36 493.48 5.99

Әлем елдері коронавирусқа қарсы шектеу шараларын қайта күшейтіп жатыр

8.07.2022, 17:35 37 0 Мадина Амангелдіқызы

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, соңғы екі аптада коронавирус жұқтырғандар саны 30%-ға артты. Мұндай өсім ДДҰ-ның алты аймағының төртеуінде байқалып отыр. Сонымен қоса ұйымның хабарлауынша, маймыл шешегі ауруы да алаңдатарлық мәселеге айналды. ДДҰ сарапшылары қауіптің дәрежесін бағалау үшін 18 шілдеде жиналып, талқыламақ. Қазақстанда да коронавирусты жұқтырғандар саны күн өткен сайын өсіп келеді. Соның салдарынан елімізде қайтадан маска тағу ұсынылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлемдегі және елдегі эпидемиологиялық жағдай туралы ҚазАқпарат сарапшысының материалында. Джонс Хопкинс университеті мен Worldometer интернет-порталының мәліметтері бойынша, әлемде SARS-CoV-2 коронавирусын жұқтырғандар саны 553 миллионнан асты. Жұқтырғандар саны бойынша АҚШ әлі де көш бастап тұр. Онда ауырғандар саны 88,2 миллионнан асып отыр. Еуропа мен Америкада COVID-19 инфекциясының қайта таралуына омикронның BA.4 және BA.5 нұсқалары себеп болып отыр. Коронавирустың мұндай жаңа штамы Үндістанда да анықталды және оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бақылауға алған болатын.

ДДСҰ басшысы Тедрос Гебрейесустың айтуынша, жағдайды бірнеше фактор қиындатып отыр.

Біріншіден, көптеген елде зертханалық тестілеу саны азайған, сондықтан жалпы жағдайды бағалау өте қиын.

Екіншіден, жаңа нұсқаларға қарсы тұруға көмектесетін препараттарға табысы төмен және орташа елдер әлі де қол жеткізе алмай отыр.

Үшіншіден, уақыт өте келе вакцинаның қорғаныс деңгейі азаяды, дегенмен вакцина әлі де ауыр жағдай мен коронавирустан қайтыс болу қаупін азайтады.

Доктор Тедростың сөзінше, бұл жағдайда вакцинаның күшейткіш дозасының маңызы арта түседі, әсіресе, бұл қауіпті топтағы адамдарды қорғау мақсатында өте өзекті мәселе.

Төртіншіден, коронавирус жұқтырғандар саны артқан соң, пост-ковидтен зардап шегетін адамдар саны да өсіп келеді.

«Бұл жайт, біріншіден, науқастарға, олардың отбасына көбірек ауыртпалық түсіреді, бірақ оның бір бөлігі денсаулық сақтау жүйесіне, экономикаға және тұтастай алғанда қоғамға да әсерін тигізеді», - деп толықтырды ДДҰ басшысы.

Оның айтуынша, бұл мәселе жаһандық, ұлттық және жергілікті деңгейлерде жедел іс-шаралар қабылдау керек екенін көрсетіп отыр. ДДҰ басшысы қауіпті топтағы адамдарды, оның ішінде егде жастағыларды, сонымен қоса бұған дейін коронавирусты ауыр өткізген азаматтарды және медицина қызметкерлерін вакцинаның күшейткіш дозасымен қамтамасыз етуді ұсынды. Жоғарыда атап өткендей, шілде айының басында COVID-19 вирусын жұқтырғандар санының артуына байланысты бірқатар елдің билігі коронавирус шектеулерін қайта енгізіп жатыр.

Катарда кешеден, яғни 7 шілдеден бастап жергілікті тұрғындар мен туристер ғимараттың ішінде, көлікте маска тағуға міндеттелді. Тек 21 мамырда ел үкіметі қоғамдық орындарда (ғимарат ішінде) міндетті түрде маска тағу керек деген талапты тоқтатқан еді. Сонда тұрғындардың тек бір ай маска тақпай жүруге мүмкіндігі болды. Мұндай қорғаныс құралдарын тек медициналық мекемелерде және көлікте қолдану қажет болған еді. Осыған ұқсас талап бүгіннен бастап Кипрде қолданыла бастады. Елдің Денсаулық министрлігі масканы 12 жастан асқан барлық азамат тағуы керек екенін айтты. Оны аталған ведомство соңғы күндері барлық эпидемиологиялық көрсеткіш пен коронавируспен ауырып, ауруханаға жатқызылғандар санының көбеюімен түсіндірді. Франция үкіметі де халықты жабық жерлерде және көлікте маска тағуға шақырды. Алайда олар бұл шараны міндеттеуге әлі ерте деп санайды.

Түркияда медициналық қауымдастық үкіметке міндетті түрде қайтадан маска тағу режимін енгізуді ұсынды. Олардың мәлімдемесіне сәйкес, ел аумағында коронавирус жұқтырғандар қатары артып отыр. Сондықтан вакциналауды балалардан бастау, барлық тұрғынды жабық бөлмелерде бетперде тағуға міндеттеу, тест санын көбейту, сонымен қоса олардың нәтижелерін күн сайын жариялап отыру керек екенін айтты.

Германия қазіргі уақытта ауруды жұқтырғандар саны бойынша әлемде бесінші орында (28,5 миллионнан астам, оның ішінде 141 мыңнан астам адам қайтыс болды). Роберт Кох институтының (RKI) мәліметі бойынша, коронавирус жұқтыру көрсеткіші қазіргі уақытта халықтың жүз мыңына шаққанда 687,7 жағдайға жетті. Германияның денсаулық сақтау органдары күніне 147 489 жаңа инфекция және 102 өлім жағдайын тіркеді. Бір апта бұрын күнделікті өсім 142 329 жағдайды құраған. Сарапшылар Германияда жұқтырғандардың нақты саны әлдеқайда көп екенін атап өтті, өйткені көп жағдай әлі анықталмаған. Ресми статистикаға тек ПТР тесті негізінде расталған жағдайлар кіреді.

Италияда да коронавирус жұқтырғандар саны артады деп болжанып отыр. Осы елдің денсаулық сақтау министрлігінің ғылыми кеңесшісі, профессор Уолтер Риччарди SARS-CoV-2 коронавирусының жаңа толқындары болатынын ескертті. Оның айтуынша, шілденің аяғында және мектептер қайта ашылғаннан кейін күзде, яғни қыркүйектің ортасынан қазан айына дейін КВИ қайта өршуі ықтимал. Профессор 80 жастан асқан қариялар мен балаларға вакцина салуды жалғастыру қажет деп санайды. Риччардидің пікірінше, Италияда ғана емес, бүкіл Еуропада жабық жерлерде міндетті түрде маска тағуды енгізу қажет.

«Маймыл шешегі»: 58 елде 6 мың жағдай тіркелді Ал маймыл шешегіне тоқталсақ, ДДҰ басшысының сөзінше, бұл ауру әлі де алаңдаушылық туғызып отыр. Қазіргі таңда әлемнің 58 елінде алты мың жағдай тіркелді. Инфекцияны анықтау әлі қиын, сондықтан жұқтыру жағдайлары да аталған цифрдан көп болуы мүмкін. Аурудың ошағы Еуропа десек болады, онда жаңа жағдайлардың 80%-ы тіркелген.

Африкада маймыл шешегі бұрын болмаған елдерге таралып жатыр. Еске салайық, 23 маусымда Төтенше жағдайлар комитеті маймыл шешегінің өршуін «халықаралық алаңдаушылық тудыратын төтенше жағдай» ретінде белгілеуден бас тартқан еді. Дегенмен ДДҰ басшысы комитетті 18 шілдеде қайта шақыруға ниетті. Ол «қажет болса, кездесу одан да ертерек өтуі мүмкін» екенін атап өтті. Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны артып, маска тағу ұсынылды.

Елімізде де короанвирус жұқтырғандар саны артты. Осыған байланысты бүгіннен бастап елімізде 1 шілдедегі ВАК-тың шешіміне сәйкес, «Көлік объектілерінде коронавирустық инфекция бойынша санитариялық-профилактикалық және санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу туралы» қаулысы күшіне енді. Енді аталмыш құжат бойынша, тұрақты жолаушылар тасымалын (әуе, су, темір жол, метрополитен) жүзеге асыратын ұйымдар көлік құралдарындағы ауа баптау, желдету жүйелеріне тексеру жүргізуі және желдеткіш сүзгілерін ауыстырып отыруы қажет. Сондай-ақ перрондық автобустардан басқа көлікте ондағы жолаушылар орын санынан аспауы керек. Көлік салонын желдету, дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, салонды сулап сүрту және ауысым аяқталғаннан кейін қоғамдық көліктерге дезинфекция жүргізу талап етіледі. Бұл ретте әуежай, вокзалда, қызмет көрсету пункттерінің ғимараттарында, қоғамдық көлікте жүргенде жолаушыларға маска тағу ұсынылды. Айта кетейік, Қазақстанда өткен тәулікте 334 адамда коронавирус індеті ПТР арқылы расталып, ауырғаны белгілі болды.

Аймақтар бойынша: Нұр-Сұлтан қаласы - 101, Алматы қаласы - 121, Шымкент қаласы - 22, Алматы облысы - 29, Атырау облысы - 14, Шығыс Қазақстан облысы - 1, Жамбыл облысы - 13, Батыс Қазақстан облысы - 1, Қарағанды облысы - 20, Қостанай облысы - 1, Қызылорда облысы - 2, Маңғыстау облысы - 3, Павлодар облысы - 4, Солтүстік Қазақстан облысы - 1, Түркістан облысы - 1.

Жалпы ел бойынша ауырғандар саны – 1308541 адамға жеткен. Сонымен қоса, Қазақстанда өткен тәулікте 65 адам коронавирус індетінен жазылып шықты. Аймақтар бойынша: Нұр-Сұлтан қаласы - 29, Алматы қаласы - 31, Атырау облысы - 2, Қарағанды облысы - 3. Қазақстан бойынша жазылғандар саны – 1292932-ні құрады.

Біздің Instagram-ға жазылыңыз

Жаңалықтарды жылдамырақ көріңіз

Жазылу

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив