KZ
Өскемен
+12°
ясно жел 7 м/с, СШ
444.22 476.38 4.82

Өскеменнің белсенді жастары марапатталды (видео)

12.12.2019, 06:51 113

Өскеменде «Алау-2019» байқауының қорытындысы жарияланып, үздік деп танылған жастар марапатталды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Өскемен қаласы әкімінің «Алау-2019» сыйлығына өтінімдер 27 қарашаға дейін қабылданған болатын. Байқауға 14 жастан 29 жасқа дейінгі 100-ге жуық адам қатысты. Сыйлықтар 7 аталым бойынша табысталды: «Үздік оқушы», «Студенттік көшбасшы», «Жас ұстаз», «Жас ғалым», «Үздік жас дәрігер», «Үздік жас кәсіпкер», «Үздік өндіріс маманы».

Байқаудың қорытындысын жариялау үшін арнайы ұйымдастырылған кешке қала әкімдігінің өкілдері, жастар қоғамдық ұйымдарының өкілдері, «Jas Otan» жастар қанаты, «Жасыл Ел», ЖОО студенттері мен қаланың белсенді жастары қатысты.

- Былтыр бұл байқауда алғаш рет өткіздік. Неге оны «Алау» деп атадық? Барлығымыз жақсы білетін, бірақ кейде өзінің маңызы мен мағынасын мән бермейтін ән бар еді ғой: «Сен жанбасаң лапылдап, мен жанбасам лапылдап, аспан қалай ашылмақ?» деген. Бұл жастық эгоизм емес, тек  мен жануым керек, қалғандары сөніп, өшіп жатуы керек деген мағына бермейді.  Ол адамның өзін қайрауы мен алға ұмтылуын білдіреді.  Сондықтан біз жастардың бастамаларына қолдау беріп, жол көрсетіп отырмз. Бұл – біздің мойнымыздағы міндетіміз, - деді  жастарды құттықтауға келген қала әкімі Жақсылық Омар.

Сонымен, байқауда «Үздік жас кәсіпкер» номинациясын Екатерина Портнова жеңіп алды. Ол – goodwill даму орталығының, Jasmine шығармашылық студиясының негізін қалаушы, RosModel модельдер мектебінің  жетекшісі.  Мамандығы –маркетолог. 2012 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысып келеді. 

«Үздік өндіріс маманы» номинациясын Сергей Головин иеленді. Сергей  Үлбі металлургиялық зауытында 6-шы разрядты электромонтер болып жұмы істейді. 2018 жылы «Техникалық физика» мамандығы бойынша конкурстық грантты жеңіп алып, ШҚМТУ-нің магистратурасына оқуға түсті. Қаланың өміріне белсенді қатысып, өскелең ұрпақ үшін үлгі бола білген жас маман.

«Жас ғалым» номинациясы Аманжол Тұрлыбекұлына бұйырды. Аманжол – PhD докторы, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-нің Аға ғылыми қызметкері. Ол сүйек тінін қалпына келтіру қажеттілігі науқастарды емдеуге бағытталған зерттеу жоба авторларының бірі. Франция, Польша, Латвия және Украинадағы жетекші ғылыми орталықтармен бірлескен зерттеулер жүргізуде.

«Үздік жас дәрігер» номинациясын бірден екі маман алды. Асқар Ибраев пен Анастасия Лахно. Асқар - ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығының дәрігері. Қатерлі ісік ауруларын емдеу мен диагностика жасаудағы жаңа тәсілдерді игерген. Ұлыбританияда тағылымдадан өткен. Анастасия – Ана мен бала орталығында педиатр.  Бала кезінен дәрігер болуды армандаған Анастасия оқуын ойдағыдай тәмамдап, туған жеріне оралды. Балалардың денсаулығын сақтау мен дамыту жолында көп еңбек етіп келеді.

«Студенттік көшбасшы» номинациясында Сағадат Мұса жеңіп отыр.  Бұл номинацияға қатысуға өтінім берген 20 адамның ішінде үздік деп танылған Сағадат - С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-нің 3-ші курс студенті, сондай-ақ, «Жас Отан» университеттік  жастар қанатының жетекшісі. 

«Жас ұстаз» номинациясы Руслан Исраиловке бұйырды. Ол – М.Әуезов атындағы №17-ші орта мектебінің ұстазы. С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-н «Денешынықтыру және спорт» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2017 жылы шетелде тағылымдамадан өтіп, қазір өзінің ғылыми жұмыстарын жазып жүр.  Модератор-ұстаз ретінде мастер-класстар өткізеді.

«Үздік оқушы» номинациясында Дильназ Марат пен Темірлан Байболов үздік деп танылды. Екеуі де оқу озаттары, мектептегі іс-шаралардың белсенді қатысушылары.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив