KZ
Өскемен
+5°
пасмурно жел 6 м/с, ОШ
449.3 489.69 4.89

Өскемен қаласындағы пандустар талапқа сай жасалған ба?

30.06.2022, 11:09 905

28 маусым күні “AMANAT” партиясының өкілдері мен арнайы құрылған мониторнгтік топ бірқатар нысандарды аралап, пандустардың жағдайын тексерді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

-        Сайлауалды бағдарламамыздың бірнеше бағыты бар, соның бірі – «Кедергісіз келешек» жобасы. Бұл жоба мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың еш қиындықсыз, кедергісіз өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау. Күнделікті өмірде біз мұндай мәселелерді аңғармауымыз мүмкін, осылай арнайы тексеруге шыққанда ғана қандай проблема барын байқап, шешілу жолдарын да қарастырамыз, - деді «AMANAT» партиясының Өскемен қалалық филиалының атқарушы хатшысы, қалалық мәслихат депутаты Арайлым Есімбекова.

Ең алдымен Антон Чехов көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолағынан еш кедергісіз өтіп, “Ертіс концерт” орталық мәдениет үйіне бардық. Өкінішке орай, арбаға таңылған кейіпкеріміз аталмыш мәдени орынға өздігінен шыға алмады. Нысаннан әлдебіреуді көмекке шақырмақ болған еді, көмекке шақыруға арналған қоңырауды да таба алмадық. Кейіпкерімізді демеп, кіреберіс есікке де жеттік. Десе де, ол жердің да жағдайы мәз еместігіне көзіміз жетті. Табалдырығы тар, мүмкіндігі шектеулі жан үшін ыңғайсыз жасалыпты.

Ал кері қайтқанда пандуспен түсу үшін тәуекелге баруға дәтіміз шыдамады. Тік орналасқан пандустан түсудің өзі қауіпті көрінді.

Қала тұрғындары көңіл көтеріп, рухани демалу үшін келетін мәдени кешеннің бұл күйі, әрине, кімді болсада алаңдатары сөзсіз. Мән-жайды нысан басшылығынан сұрап-білуді жөн көрдік.

f9048646-e5c6-437f-abe6-185d51086f4f.jpg

-        Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандусты, тақтайшалар мен қоңырауды орнату үшін арнайы 1 млн 500 мың қаржы бөлінді. 5 жұмыс күні ішінде конкурс жарияланып, компания таңдалған соң жұмыс басталатын болады, - деді «Ертіс концерт» КМҚК директорының орынбасары Алчинбаев Рашид.

Келесі нүкте “Спорт сарайы” аялдамасы мен жерүсті өткелі болды. Халық қарасы көп жүретін бұл жерде де мүмкіндігі шектеулі жандарға көңіл көншітерлік жағдай жасалмапты. 

c6ac45d5-f861-4e46-90a9-8511aa9ff985.jpg

Қоғамдық көлік аялдамаға алыс тоқтайтындықтан, оған отыру ыңғайсыздық тудырды. Жерүсті өткеліне шықпақ болып едік, лифт жұмыс істеймейтінін білдік, ал ондағы орнатылған пандусқа біздің кейіпкердің арбасы сәйкес келмегендіктен, жоғары көтерілу мүмкін болмады.

1ac3aa91-36c9-49c4-8f7d-94327a2c1a66.jpg

“Спорт сарайындағы” Каспий банкінің жанынан өтіп бара жатып, көмекке шақыру батырмасын басып, тексеруді жөн көрдік. Асықпай, қоңырауды бірнеше рет басқаннан кейін шыққан күзетші бірден “маңайда жүрген кішкентай балалар ойнап басып тұр екен десем” деп бастады өз сөзін. Жоғары көтерілу үшін көтергіш құрылғы сұрап едік, қуаты бітіп қалғанын айтты.

Уақытымыз тығыз болғандықтан админстратормен сөйлеудің ыңғайы келмеді.

Артынша, №30 мектеп пен “Өскемен қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағларламалар” ММ-не бардық. Ол екі нысанның жағдайы басқаларға қарағанда әлдеқайда жақсы екен. Баласы бар аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға толықтай жағдай жасалған, қоңырау батырмалары да іске қосылып тұр. Нысан ішіне кіргенде көру мүмкіндігі шектелген жандарға да барлығы ыңғайлы жасалғанын көруге болады. Демек, жағдай біз ойлағандай жаман емес деген ой келді. Қала ішінде мұндай жұмыстар қолға алынып, бірқатар шаралар атқарылып жатқан көрінеді.

7297da96-0c71-47de-ad6c-6e74190837b1.jpg

Нысандарды аралау барысында “Бұл мәселеге кім жауапты?” - деген сұрақ туындады. Ең бірінші кезекте, өзіміз кінәлі шығармыз. Жерүсті өткелінде лифт істемейтінін, мүмкіндігі шектеулі жанның жоғарыға шыға алмай тұрғанын, аялдамада арбаға таңылған жанның жалғыз кетіп бара жатқанын байқаған жастардың бірде-біреуі жақындап келіп, қандай көмек керектігін сұрамады. Күзетшінің көмекке шақыру қоңырауымен балалардың ойнайтынын айтқан сөзінен де соны аңғаруға болады. Сонда кім кінәлі? Жауапты мекемелер ме, тас жүрек адамдар ма, әлде қатігез қоғам ба?

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив