KZ
Өскемен
+10°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, С
449.58 486.94 4.86

Жастар шығармашылығына арналған көрме ашылды - Өскемен (ФОТОРЕПОРТАЖ)

20.11.2019, 05:01 110

Белгілі қоғам қайраткері Сағат Әшімбаев бір сөзінде "Өнер туындысы - өмірді түсінудің кілті" деген екен. Шығыс Қазақстан Өнер музейінде өңіріміздегі жас суретшілер мен мүсіншілердің, фотографтар мен сәулетшілердің тамаша туындылары ұсынылған көрме ашылды, деп хабарлайды Аltaynews тілшісі.

Көрме «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Жастар жылы» аясында ұйымдастырылып отыр. «Жастар шығармашылығы» атты көрмеде "Жас суретші", "Жас мүсінші", "Жас сәулетші", "Көркем сурет" сынды бағыттар бойынша байқау қатысушылары сынға түседі. Сайысқа Өскемен, Семей, Риддер, Катон-Қарағай, Жарма және Тарбағатай аудандарының шығармашыл жастары қатысты. Көрмеге 53 автордың 111 жұмысы іріктелген.

-        Өнер музейінде жастар шығармашылығына арналған ерекше көрменің ашылу өтіп жатыр. Қаламызда алғаш рет ұйымдастырылып жатқандықтан, бүгінгі күн барлығымыз үшін ерекше. Бұл шараны өткізудегі басты мақсатымыз - ол жастардың шығармашылығы мен өнеріне қолдау білдіру. Олардың туындыларын көпшілік назарына ұсыну, - дейді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.

Байқау жұмыстарын ҚР Суретшілер одағының мүшесі Гүлнар Бекбердинова, ШҚО Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бөлім жетекшісі Алмас Нұрғалиев, Шығыс Қазақстан өнер музейінің директоры Бекайым Қасымханова, «Nur Otan» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының кеңесшісі Шолпан Мысаева, Суретші, сәулетші, плакат графикасының шебері Василий Бильков, Шығыс Қазақстан «Невзоровтар  атындағы бейнелеу өнері музейінің директоры Татьяна Стромская бағалайды.

-        Байқауға ұсынылған жұмыстарды көріп таңғалдық. Себебі жас буынның туындылары өте  сәтті шыққан. Тақырып таңдауда да қателеспеген. Бағалау кезінде қатысушылардың жас ерекшелігі ескеріледі. Олардың қозғаған тақырыбына, бояулардың үйлесімділігіне мән береміз, - дейді Қазылар алқасының төрайымы Гүлнар Бекбердинова.

Айтпақшы, сайыстың ең жас қатысушысы – 15 жаста. Ол өзінің «Алтын Алтай» туындысын екі жылға жуық уақыт салыпты.

-        Мен осындай ауқымды шараға бірінші рет қатысып жатырмын. Суретті саларда ұзақ толғандым. Туындымда өңірімізден табылған құнды жәдігерлердің болғанын қаладым. Алтын бұйымдар мен оюларды, Алтайдың асқақ тауларын бейнелеуді жөн санадым, - дейді жас суретші Маржан Қамзина.

Музейдің кіші және үлкен залында мүсіншілердің «Сақ әйелі», «Жалын», «Аударыспақ», «Келмеске кеткен жастық шақ», «Жұмбақ әйел», «Дала әуені» сынды жұмыстары, жас фотографтардың «Таудың шәйі», «Табиғаттағы тартылыс», «Ұршық өмір», «Ер қанаты  - ат», «Күннің қызыл күреңденіп батуы» және т.б фотосуреттері, суретшілердің «Әжемнің киіз үйі», «9 мамыр. Менің есімде...», «Сүйіспеншілік болғанда...», «Түс», «Сағат ұстаған қыз», сәулетшілердің «Балалар ойын алаңы», «Өскемен қаласына кіре беріс» және т.б жұмыстары ұсынылған.

Көрмеге келушілер өздеріне ұнаған туындыға дауыс бере алады. Осы арқылы «Көрермен көзайымы» анықталады. Графикалық және көркем техникада жазылған портреттер, пейзаждар, авангардтық және реалистік бағыттағы сюжеттік жұмыстар  жыл соңына дейін музей келушілерін қуантады. Байқау жеңімпаздары 12 желтоқсан күні марапатталады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив