Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Өтіп бара жатқан аптада елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. Президент Әкімшілігінде бөлім меңгерушісі тағайындалып, Ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетіне жаңа төраға келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
***
Мемлекет басшысының өкімімен Руслан Мұхтарұлы Тұрғаналы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды. Руслан Мұхтарұлы Тұрғаналы 1986 жылы Жамбыл облысында туған. 2008 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетін, 2016 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Ноттингем университетін бітірген. Мамандығы бойынша халықаралық құқық бакалавры, мемлекеттік саясат магистрі. 2021 жылғы шілдеден бастап Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды.
***
Осы аптада Қайрат Дүйсембайұлы Баймульдинов ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Қайрат Баймульдинов 1983 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, Қарағанды «Болашақ» өзекті білім беру институтын тәмамдаған. Еңбек жолын 2004 жылы өңірлік газетте журналист болып бастады. 2020 жылғы тамыздан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары болды.
***
Қанат Таймерденов Ішкі істер министрлігінің Орталық аппаратына лауазымды қызметке ауыстырылып жатыр. Айта кетейік, бүгін бұқаралық ақпарат құралдарында Қ. Таймерденов Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы қызметінен босатылғаны жөнінде ақпарат тараған болатын.
***
Атырау облысы Жылыой ауданының әкімі қызметіне Жұмабек Қаражанов тағайындалды. Ж. Қаражанов Қазақстан-Британ техникалық университетін, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын «Экономика және бизнес» мамандығы бойынша бітірген. Экономика және бизнес магистрі, мемлекеттік аудитор сертификаты бар. 2019 жылдың ақпан айынан бастап Атырау қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
***
Бұл аптада Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы болып Батырхан Қуанышбеков тағайындалды. Б. Қуанышбеков Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетін «Құқықтану» және «Туризм» мамандықтары бойынша екі жоғары білім алған. Еңбек жолын 2012 жылы Ақтау қаласы әкімі аппаратында іс жүргізуші болып бастаған. 2014-2022 жылдар аралығында Маңғыстау облысының ішкі саясат басқармасында инспектор, талдау және мониторинг бөлімінің бас маманы, талдау және мониторинг бөлімінің басшысы, ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары лауазымдарын атқарды.
***
Мұрат Байсалов ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы болып тағайындалды. М. Сейлбекұлы 1988 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында дүниеге келген. Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын мемлекеттік басқару мамандығы бойынша бітірген. Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі. Жаңа лауазымға тағайындалғанға дейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметтер департаменті директорының орынбасары қызметін атқарды.
***
Алматы жастар саясаты басқармасына басшы болып Қайыржан Меңдіғалиев тағайындалды. Қ. Меңдіғалиев 2011 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің экономика және бизнес жоғары мектебін құқық және экономика негізі мамандығы бойынша бітірді. 2013 жылы осы университетте инновациялық менеджмент мамандығы бойынша экономика ғылымдарының магистрі дәрежесін алды. 2018 жылдан 2021 жылға дейін жеке құрылымдарда жұмыс істеді. Алматы қаласы жастар саясаты басқармасының басшысы болып тағайындалғанға дейін Халықаралық білім беру корпорациясының бірінші проректоры қызметін атқарды.
***
«Қазақстан халқына»қоры Қамқоршылық кеңесінің жаңа төрағасы болып «Атамекен» ҰКП-нің Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Қайырбек Сүлейменов сайланды.
***
Аптаның басында Алматы және Жетісу облысындағы кәсіпкерлер палатасының директорлары тағайындалды. Меритократия қағидаты бойынша Жетісу облысы өкілдігінің директоры болып Алматы облысы өңірлік кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басшысы Дәурен Оңалбаев, Алматы облысы өкілдігінің басшысы қызметіне Ұлттық кәсіпкерлік палатасы агроөнеркәсіп кешен департаменті директорының орынбасары Қуандық Чункунов тағайындалды. Еске салайық, 2022 жылдың 8 маусымында ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлығы күшіне енді. Нәтижесінде жаңадан құрылған өңірлерде кәсіпкерлер палатасы ашылып жатыр.