Өндірістік жарақатты жасыру белең алып барады - ШҚО

ШҚО-дағы кәсіпорындарда өндірістік жарақатты жасыру бойынша 16 жағдай анықталды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Шығыс Қазақстан – еліміздегі өнеркәсіп орталығы. Тек осы салада аймақта ғана 87 мың адам жұмыс істейді. Осы ретте еңбекті қорғау және қауіпсіздікті қадағалау мәселесі өзекті болып табылады.
Облыстық прокуратураның мәлімдеуінше, 2019 жылдан бері өңірдегі кәсіпорындарда 688 жазатайым оқиға орын алып, 66 адам қаза тапқан. Өндірістік жарақат алу саны бойынша тау-кен металлургия саласы көш бастап тұр.
- Бүгінгі таңда жасырын жарақат алу мәселесі де өзекті, біз мұндай 16 факті анықтадық. Жауапкершіліктен жалтаратын жұмыс берушілермен қатар, олар туралы хабарламайтын қызметкерлер де бар. Өндірістегі жазатайым оқиғаны жасыру жұмыс берушіні жауапкершіліктен босатады. Сайып келгенде, зардап шеккен қызметкер заңда көзделген қолдау шараларынан айырылады. Сондықтан өндірістік жарақаттанудың барлық фактілері бойынша Еңбек инспекциясына немесе прокуратура органдарына хабарлауға шақырамыз,- деп атап өтті ШҚО Прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының бастығы Жандос Қоңыров.
Басқармада тексеру нәтижелері бойынша барлығы 6 қадағалау актісі енгізілгенін, 1 қылмыстық іс және 22 әкімшілік іс қозғалғанын, оның ішінде 13 млн.теңгеден астам айыппұл салынғанын, 3 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті.