KZ
Өскемен
+10°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
447.4 477.55 4.76

«7-20-25» халыққа емес, банкке қолайлы - депутат

10.09.2019, 06:39 135

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының  депутаты Рыйза Молдашева «7-20-25» бағдарламасы халыққа емес, құрылыс компаниялары мен банктерге қолайлы екенін талдап айтып берді. Оның сөзінше, пәтер алғандар баспанаға өз бағасынан екі есе артық төлейді. Ал «алаяқтардың» арбауына түспеу үшін, бағдарламаның іске асырылу механизмін қайта қарау керек.

Бұл мәселе аймақ басшысы Даниал Ахметовтың қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың кезекті отыз үшінші сессиясында қозғалды. Жиында «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бауыржан Құдияров баяндама жасады.

«Баяндамада айтылмаған мәселелер бар» деген мәслихат депутаты Рыйза Молдашева «7-20-25» бағдарламасының халыққа тиімсіз тұстарын былайша жіліктеп айтып берді.

– Құрметті Даниал Кенжетайұлы! Құрметті әріптестер! «7-20-25» бағдарамасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жыл 5 наурызағы «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» атты үндеуі негізінде дүниеге келген, баспанаға мұқтаж азаматтарға үміт сыйлаған ұтымды жоба деп қуана қабылдаған құжат болатын. Бұл орайда ипотекалық кредиттің негізгі портфелі екінші деңгейдегі банктерге берілген. Негізгі мақсат – Қазақстан азаматтарының баспана мәселесін шешу. 

Р.Молдашева

Бүгінгі әңгімені «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру механизмі дұрыс жасалған ба?» деген сауалдан бастағым келіп тұр. Атқарылып жатқан жұмыстардың аз еместігіне қарамастан, баспана мәселесі толық шешілді дейтін күн әлі де алыс. «7-20-25» бағдарламасымен пәтер алуға ынталылар көп болғанымен, еңбекақы көлемі, жасы, басқа да кредитінің болуы сияқты кедергілерден банк талабына сәйкес келмейтіндіктен несиенің кез келген адамға беріле бермейтініне күнделікті өмірде көзіміз жетіп отыр.

«7-20-25» несиелендіру бағдарламасының талаптары бойынша, бастапқы нарықта тұрғын үй сатып алу үшін астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларында 25 миллион теңге, басқа өңірлерде 15 миллион теңге болып бекітілген болатын. «7-20-25» бағдарламасымен пәтер алуға ниеттілердің саны көп. Ендеше осы орайда тиісті орындарға қоятын бірнеше сауал бар:

1. «Аймағымызда жаңадан пайдалануға берілген үйлерден пәтер сатып алуға осы қаржы жеткілікті ме?» деген мәселеге сараптама жасалды ма?

2. Егер жеткілікті болса, облыс тұрғындарының бүгінгі орташа еңбекақы көлемі мен банктерден 15 милион несие алу қолжетімді ме?

3. «7-20-25» бағдарламасы іске кіріскен уақыттан бері тұрғын үй бағасына қаншалықты әсерін тигізді? Пәтер бағасы арзандады ма, қымбаттады ма? Сарапшылардың пікірі қалай? Бүгінгі хабарламадан осы мәселеге қатысты ақпаратты да ести алмадық.

Бүгінгі сессияның күн тәртібіне қойылған сұрақтарды тереңірек сараптап білу мақсатында біз екінші дейгейдегі банктермен хабарласып, сондай-ақ осы бағдарламамен пәтер сатып алған адамдармен де сөйлесіп, көкейдегі сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.

Мысалы, бағдарламаға қатысу үшін қандай уақыт аралығында меншігінде тұрғын үй болмауы керек? Әдетте соңғы бес жылда меншігінде үй болмауы керек деген қағидаға байланып қалған көпшілік «7-20-25» бағдарламасы бойынша 5 жыл емес, банкке өтініш берген сәтте атыңда үй болмаса болды, несие алуға мүмкіндігі бар екенін біле бермейді,. Бағдарлама бойынша қарыз алушының жасы да ескеріледі деген ақпарат та пәтер аламын деушілерді тежеп жүрген сияқты. алайда жас бойына шектеулер жоқтығы, қарыз алушы несиені қайтару мерзімін банкпен келісім бойынша айқындайтынын да халыққа толық жетпеген ақпараттардың қатарында екенін байқадық.

Банктер тәуелсіз бағалаушының актісі бойынша бекітілген бағаға ғана несие береді. Мысалы, құрылыс компаниясы белгілеген пәтер құны 15 миллион теңге делік, тәуелсіз бағалаушының актісі бойынша сатып алатын пәтер құны 12 миллионға бағаланса, банктер беретін несие сомасы 9 миллион 600 мың теңге болмақ. Оған өзіңіздің 2 миллион 400 мың теңге алғашқы жарнаңызды қосасыз. Құрылыс компаниясы қойған бағаға 3 миллион теңге тағы жетпей тұр. Не істеу керек? Осындай жағдайда құрылыс компаниясы жағдайды түсініп, не бағаны арзандату керек, не жетпей тұрған қаржыны пәтер сатып алушы өз қалтасынан төлеуі қажет. Ал несие алып отырған адамның қалтасынан суырып бере қоятын 3 миллион теңге қаржы табыла қояр ма екен?!

Барлық құжатты рәсімдеп болғаннан кейін осындай кедергілергі тап болған адамның бағдарламаға деген сенімі жоғалатынына күмән жоқ.

Құрылыс компаниялары тауарын сата отырып, сатушы мен алушының арасында қатып қалған баға емес, әдеттегі саудаласудың болуы заңдылық екеніне де дайын болулары керек деп ойлаймын.

Статистикамен дауласпай-ақ қоялық десек те, жұмыс істеп, орташа еңбекақы алатын аймақ тұрғынадарының «7-20-25» бағдарламасы бойынша несиені төлеуге күйі келе ме? Қолжетімді ипотека бар, оған қол жеткізуге жағдайы жететін адамдар аз болып тұрған ияқты.

Аталған бағдарламамен «Банк центр кредит» арқылы пәтер алған 40 жастағы жалғызбасты анамен сөйлестім. Еңбекақысы 200 мың теңге екен. 15 миллион теңгенің пәтері үшін, бастапқы жарнасын алып тастағанда, 24 жылға 12 миллион теңге кредит алыпты. Осы 24 жылға 12 милилонның үстіне 12 миллион 647 мың 356 теңге қосып төлейді екен. Пәтерінің құны 27 миллион 647 мың теңгеге түсіп отыр. Айына 87 мың теңгені 64 жасқа келгенде ғана төлеп бітіреді.

Халық саны артып, отбасылар саны көбейген сайын баспана мәселесі күрделеніп бара жатыр. Бұл жағдайда «7-20-25» бағдарламасының жалына жармасып, өзінің коммерциялық мақсатын шешіп алғысы келетін құрылыс компаниялары, қаржылық ұйымдар, тұрғын үй кооперативтері мен делдалдық қызметін пайдаланып жүрген алаяқтар да аз емес. сондықтан кез келген ақпаратқа жіті қарап, «7-20-25» бағдарламасы бойынша несиеге 7 жылдық үстемеден басқа ешқандай артық төлем болмайтынын әлі түсіндіру қажет сияқты.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша тек қана 25 жылға несие береді деп ойлайтын азаматтар көп сияқты. 25 жылдың шекті мерзім екенін, пәтер сатып алушы несиені өз қалаған мерзімде: 1 жыл, 5 жыл, 10 жылға да ала алатынын – мерзімді өһзі анықтайтынын түсіндіру қажет. Мерзім неғұрлым аз болса, үстеме ақы аз болатындықтан, 25 жылға байланудың ешқандай қажеті жоғын да көпшілік біле бермейді. Бағдарлама бойынша түсіндіру жұмысы әлі де әлсіз. «7-20-25» бағдарламасының бастапқы ниеті түзу болғанымен, іске асыру механизмі дәл қазір халықтың жағдайынан гөрі, елімізде құрылыс индстриясын дамыту мен банктердің ұзақ мерзімге берілетін несие портфелін қамтамасыз етуге басымдық беріп отырғанын байқаймыз.

Сондай-ақ осы бағдарлама бойынша тек жаңа емес, қолданыста болған пәтерлерді де сатып алуға рұқсат берілсе, баспана бағасы қалта көтерерліктей болар ма еді.

Алдағы уақытта бағдарламаның іске асырылу механизмін республикалық деңгейде қайта қарау қажет деп есептеймін. Аталған бағдарламаның болашағы дәл бүгінгі жағдайда күмәнді сияқты, – деді Рыйза Молдашева.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив