KZ
Өскемен
+17°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, С
446.49 475.38 4.79

Кіру тегін. Өскеменде үлкен теннис додасы басталды

26.08.2019, 11:11 232

Өскеменде үлкен теннистен World tennis tour M25 Ust-Kamenogorsk халықаралық жарысы басталды. ITF бағдарламасына енетін айтулы дода Шығыс жерінде тұңғыш рет жалауын желбіретіп отыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Бір аптаға созылатын жарыста Қазақстанның, сонымен қатар АҚШ, Беларусь, Израиль, Литва, Өзбекстан, Польша, Ресей, Сербия, Швеция сияқты он шақты елдің кәсіпқой теннисшілері бақ сынайтын болады. Араларында теннис сүйер қауымға есімдері жақсы таныс ракеткалар да бар. Мәселен, тәжірибелі ресейлік теннисші Константин Кравчук «Челленджер» сериясы аясындағы үш турнирде топ жарып, кезінде әлемнің үздік 100 ойыншысы қатарына енген-ді. Сол сияқты израильдік Эдан Лешем мен ресейлік Богдан Бобров та біршама жетістікке жетіп үлгерген ракеткалар саналады. Өскемендегі турнирде дәл осындай сақа спортшыларға біздің елдің теннисшілері де қарсылас атанбақ. Әрине, мұндай жағдайда отандастарымыздан тек қана жеңіс күту әбестік болар. Мұны жарысты ұйымдастырушылар да жасырмайды.

– Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін «Казцинк» компаниясы негізінен балалар мен жасөспірімдер арасындағы турнирлерді өткізуге атсалысып келген. Ал биылғы бәсекеге жастар емес, ересектер, ересек болғанда, нағыз кәсіпқой спортшылар қатысуда. Турнир халықаралық теннис федерациясының бағдарламасына енген. Демек теннисшілер үшін бұл кезекті ұпайларын жинап, жалпы рейтингтегі жағдайын жасқартып алуға тамаша мүмкіндік. Сол себепті, жарыс өте тартысты өтеді деп үміттенеміз. Жалпы, мұндай турнирлер қазақстандық теннисшілер үшін аса қажет. Өйткені, осы тәрізді ірі додаларға қатысу арқылы спортшылардың шеберлігі шыңдалып, тәжірибесі толыса түседі, – дейді жарысқа демеушілік көрсетіп отырған «Казцинк» ЖШС-нің әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев.

Белгілі болғандай, турнир алдында жарыс кездесулері өтетін «Smash» теннис орталығында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Атап айтқанда, мұндағы корттардың жабындысы жаңаланған екен. Бүгінде испандық мамандардың көмегімен төселген мұндай жабындыларды еліміздің ешбір қаласынан таппайсыз, дейді ұйымдастырушылар.

Өскемендегі теннис корттарының сапасына шетелдік спортшылар да жоғары баға беруде. Соладың бірі – швециялық Никлас Йоханссон.

– Шыны керек, бұған дейін Өскемен қаласы жайында естіп көрмеппін. Бүгін алыстағы Қазақстанның бір түкпірінде де осындай керемет теннис орталығы, заманауи корттар бар екенін көріп, таңданысымды жасыра алмай отырмын. Мұндай жерде ойнаудың өзі бір ғанибет, – дейді шетелдік теннисші.

Тағы бір атап өтер жайт, жарысқа кіру тегін болмақ, яғни ойындарды кез келген адам келіп тамашалай алады. Еске салайық, Өскемендегі теннис додасы 31 тамызға дейін жалғасады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив