KZ
Өскемен
+10°
ясно жел 10 м/с, С
443.85 474.3 4.8

«Кёгере дәуірі» кәрістердің түп-тамырын Алтайдан іздеп жатыр

26.08.2019, 09:53 104

Өскеменде Шығыс Қазақстан мен Канвондо провинциясы (Оңтүстік Корея) арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған форум өтті. Еліміздегі кәрістер қауымдастығының бастамасымен өткен шара барысында екіжақты серіктестік аясын кеңейту мүмкіндіктері қарастырылды.

Осыдан сегіз жыл бұрын Шығыс Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның шығысындағы Канвондо провинциясы, сондай-ақ Өскемен және Каннын қалалары ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Содан бері қос тарап арасында сауда-экономикалық, мәдениет және медицина саласындағы серіктестік дамып келеді.

– Жалпы, екі өңірдің ұқсастығы көп. Канвондо да өзен-көлдері мол таулы өлкеде орналасқан. Халық саны жағынан да шамалас. Сіздерде де өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы, гидроэнергетикаға ерекше назар аударылғанын білеміз. Былтыр қыркүйек айында өткен «Алтай-Invest» форумында Корей елінің Қазақстандағы төтенше елшісі Ким Дэ Сик тараптар арасындағы байланыс аясын осы бағыттар бойынша кеңейту жөнінде ниет білдірген еді. Бүгінгі кездесу серіктестігімізге серпін береді деген ойдамын, - деп атап өтті Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшысы Асқар Нұрғазиев.

Оның айтуынша, қазірдің өзінде екіжақты серіктестік байланыстар өз жемісін беріп келеді. Мәселен, екі өңір арасындағы сыртқы сауда айналымы былтырғы алты аймен салыстырғанда биыл 18 пайызға өсіп, 50 млн. АҚШ долларына жетті. Медицинадағы ынтымақтастық та қанат жайып келеді. 2013 жылы облыс әкімдігі мен Енсе университетінің Севернас госпиталі, сондай-ақ денсаулық сақтау басқармасы мен Тэгу қаласының университеті арасында байланыс орнатылған. Корей елінің дәрігерлері өңірде 14 күрделі ота жасап, 2000-нан астам тұрғынға медициналық көмек көрсетті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірлескен археологиялық ғылыми-зерттеулер жүргізіліп, «Кёгере дәуірі» тарихи қоғамы кәрістердің түпкі тарихы Алтайдын бастау алатынын дәлелдеуде.

Корея үшін Орталық Азиядағы кез келген мемлекет сенімді серіктес. Десе де бұл елдің қазақ еліне бүйрегі ерекше бұратын жөні бар. Себебі, Ұлы дала елі өткен ғасырда корей этносының мыңдаған өкілін бауырына басты. Өңірдегі кәріс елінің қауымдастығы да бүгінде өз ұлтының тілі мен мәдениетін дамытуға мүмкіндік алып, тарихи отанымен байланысын нығайтып келеді. Мұны Корей елінің Қазақстандағы елшісі Тэ Кён Гон ерекше атап өтті.

– Біз ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ниеттіміз. Бұл жолда жаңа мүмкіндіктер іздестеруге әзірміз. Елшілік тарапынан өңірге инвестиция мен технология тарту бағытындағы жобаларға қолдау көрсетілетін болады, - деді елші.

Қазақстандағы кәрістер қауымдастығының президенті Сергей Огай қос тарап ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұрғанын ерекше атап өтті.

– Ынтымағы жарасқан екі ел арасындағы көпір рөлін атқару біз үшін абырой. Бұл жолғы кездесуге үлкен дайындықпен келдік. Осы сапарымызға Корей елшілігінің коммерциялық мәселелер бойынша атташесі мен сауда агенттігінің бас директоры да қосылды. Аталмыш агенттік әлемде 120 филиалы бар Кореядағы сауда нарығының беделді өкілі. Олар Қазақстанмен әріптес болуға ниетті. Осында Оңтүстік Корядағы туризмді ұйымдастыру ұлттық ұйымының директоры да келіп отыр. Сондықтан туризм саласындағы байланыстардың аясын кеңейтуге де мүмкіндіктер қарастырамыз, – деді ол.

Айта кетейік, екі ел арасында 2014 жылы енгізілген визасыз тәртіп туризм саласын дамытуға үлкен жол ашып отыр.

Бірнеше күнге жалғасқан Қазақстан-корей форумы аясында ресми кездесулер мен екіжақты келіссөздерден бөлек, мәдени, рухани шаралар да өтті. Облыстық драма театрда Корей музыкалық комедия театрының қатысуымен фестиваль ұйымдастырылып, кәріс халқы қазақ ұлтына деген ризашылығын сахналық көріністер арқылы әсерлі жеткізді. Театр әртістері қойған саханалық көріністе тамыры тереңге тартқан екі ел бауырластығының тарихы баяндалды. Бір кезде жер аударылған жүздеген отбасын бауырына басқан кеңқолтық қазақ халқының дархан пейілі мен осы елді отаным деп қабылдаған корейлердің еңбекқорлығы, ел дамуына қосып жатқан үлесі қойылымға арқау болды. Әртістер өнер арқылы екі ел арасындағы тарихи байланысты ғана емес, рухани жақындық пен сыйластықты да паш етті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив