KZ
Өскемен
+11°
пасмурно жел 6 м/с, ОБ
448.15 483.46 4.86

Еңбек қауіпсіздігі: Мұғалімдердің мектепте жарақат алуы жиілеп кеткен

23.08.2019, 04:05 243

Бүгінде жазатайым оқиғалар еңбек қауіптілігі жоғары өндіріс ошақтарында емес, қарапайым білім ордаларында жиі бас көрсетуде. Атап айтсақ, жыл басынан бері өңірдегі білім беру ошақтарында осындай екі жағдай орын алса, соңғы үш жыл көлемінде осы салада орын алатын жазатайым оқиғалар саны сегізге жеткен.

Бұл жөнінде Облыстағы бастапқы кәсіподақ ұйымдарының форумы барысында облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының құқық жөніндегі бас маманы Иван Соколов хабарлады.

- Бүгінгі таңда біздегі білім және ғылым ошақтарында еңбек қауіпсіздігін қорғау саласы бойынша 558 бастапқы кәсіподақ ұйымы тіркелген, - дейді Иван Соколов. – Осындай әр ұйымда өндіріс кеңестері құрылып, онда техникалық инспекторлар қызмет етеді. Өндірістік кеңес пен техникалық инспектор туралы ереже Білім басқармасымен келісіліп, бекітілген. Аталмыш ереженің 8-бөлімінде еңбек қауіпсіздігін қорғау мақсатында жұмыс берушінің қызметкердің жылдық жалақы қорынан 1 пайыз жарна ұстап отыратыны жөнінде жазылған. Бір пайыз – бұл өте үлкен сома. Сондықтан аталған қаражатқа мекеме техникалық қызметкерлердің жеке басын қорғайтын және жұмыс істейтін құралдар сатып алуы міндетті.

Жауапты тұлғаның айтуынша, барлық аудандық және бастапқы кәсіподақ ұйымдарындағы ұжымдық және еңбек келісімшарттары осыған сәйкестендіріле жасалуы қажет көрінеді. Яғни әр мектеп пен балабақшадағы жұмысшылар жалақысы қорынан аударылатын бір пайыздық жарна еңбек қауіпсіздігін ұйымдастыруға жұмсалуы керек.

- Біз нақты осы мәселемен күресіп келеміз. Өкінішке қарай, өңірдегі бір де бір ұйым жалақы қорының бір пайызын еңбек қауіпсіздігін қорғауға бағыттамайды. Қазіргі уақытта облыстағы білім беру ұйымдарында орын алатын жазатайым оқиғалар сиреді. Мысалы 2016 жылы – екі жазатайым оқиға тіркелсе, 2017 жылы ол төртке өскен. 2018 жылы өңірде жазатайым оқиғалар тіркелген жоқ, - деді Иван Николаевич.

Көрсеткіш төмендеді деп өз-өзімізді жұбатудың қажеті жоқ екенін ескерткен ол, биыл жыл басынан бері жазатайым оқиғалардың қайта бас көрсетіп, ауыр жағдайға әкеп соққанын тілге тиек етті. Адами фактордың әсерінен орын алатын оқиғаларға көбінесе жұмыс беруші мен жұмысшының салғырттығы себеп болатын көрінеді.

- 2017 жылы Шемонаиха ауданында орын алған жазатайым оқиғаны мысалға келтірейін: мектепте жөндеу жұмысын жүргізіп жүрген жұмысшы болгарканы қолдану кезінде ауыр жарақат алады. Себеп - болгарка дискісін жауып тұрған қалқаншаның болмауы. Салдарынан дискі сынықтары жұмыс істеп тұрған адамның артерияларын қиып жіберген. Тексере келе біз ол болгарканың мектеп теңгерімінде болмағанын анықтадық. Мекемеде мұндай құралды сатып алуға қарастырылған қаражаттың болмауына орай жұмысшы болгарканы үйінен алып келген екен. Сондай-ақ, қызметшілер жөндеу жұмыстары кезінде темір басқышты қолданбай, бірнеше орындықты бірінің үстіне бірін қойып жоғарыға шығуға әрекеттеніп, нәтижесінде құлап мертігеді. Осындай оқиға биыл Шемонаиха ауданында орын алып, бір мұғалім жарақат алды. Міне осындай қарапайым жағдайлар, құрал-жабдықтардың жетіспеуі білім ордаларындағы техникалық қызметшілердің ауыр жарақат алуына әкеп соғады, - деп қосты Иван Соколов.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив