KZ
Өскемен
+4°
ясно жел 7 м/с, В
443.35 475.54 4.82

ШҚО-да "Алтай базары" фестивалі өтті (Фоторепортаж)

5.08.2019, 05:30 122

Өткен демалыс күндері Өскемен қаласында ой-өрісі кең, қиялы бай қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

 Осымен үшінші жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан «Алтай базары» фестиваліне облысымыздан 40-қа жуық қолөнер шеберлері қатысты. Бұйымдар байқауына ШҚО туризм және сыртқы байланыс басқармасының Туристік ақпарат орталығы және Шығыс Қазақстан облыстық музей-қорығы, ШҚО қолөнершілері ресурстық орталығының жетекшісі Раиса Мұхамеджанова мұрындық болды.

 – Қолөнер халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, тамырын тереңге жайып келе жатқан асыл мұрасы. «Өнер – таусылмас азық, жұтамас байлық» - деген халық даналығы бар ғой, сондықтан да осындай жәрмеңкелерді барынша жиі өткізуіміз қажет. Ол біздің қастерлі парызымыз. «Шыдамы жеткен шебер болар» дегендей, расымен де үлкен қажырлықпен шеберлікті талап ететін қолөнер бұйымдары еліміздегі туризм саласын дамытуға үлкен септігін тигізері анық, – дейді, ШҚО туризм және сыртқы байланыс басқармасы, Туристік ақпарат орталығының жетекшісі Раушан Алдабергенқызы.

Қасым Қайсенов атындағы саябаққа келушілер қалаған бұйымдарын сатып алып, арнайы әзірленген концерттік бағдарламаны тамашалады. Шуақты шараның шымылдығын Ұланнан келген «Дарын» би ансамблі ашты.

Көрмеде шеберлердің тың туындылары ұсынылып, үздік 20 қолөнерші шара барысында «Алтай базары» байқауына қатысты. Байқау бес түрлі бағыт бойынша өтті:

1. «ШҚО бейнесіндегі үздік бұйым» (Гран-при);

2. «Дәстүрлі қолөнер шебері»;

3. «Жаңашыл дизайн»;

4. «Жас шебер»;

5. «ШҚО қолөнеріне зор үлес қосқаны үшін».

– Әр шебердің өзіндік ерекшелігі бар. Ешқандай дүкенде сатылмайтын ғажайып дүниелерді көріп көзің қуанады. Бәрін сатып алғың келеді екен. Бірақ таңдап жүріп алқа сатып алдым. Көрмеге келген шеберлердің байланыс нөмірлерін телефоныма сақтап қойдым. Өйткені, болашақта жақындарымды осындай өнер туындыларымен қуантқым келеді, – дейді қала тұрғыны Маржан Арманқызы.

Шеберлер бұйымына баға беру құрметі өнертанушы Тамара Быковаға, «Айша-Бибі» орталығының төрайымы Айман Боқбасароваға, суретші, сәндік-қолданбалы өнер шебері Тамара Шафранға бұйырды.

Саябақтың ажарын ашқан көрмеде қала тұрғындарының таңданысын әрбір шебер тудырды. Алайда өз бұйымдарымен қауымды ерекше баураған бірнеше шебермен таныстыруды жөн көрдік.

«Зергер адам – зерделі адам»

Зергерлік - ерте заманнан келе жатқан өнер. Бүгінде сол өнерді барынша дамытып, авторлық бұйымдарын жасап жүрген шеберлердің бірі – Ирина Шальнева. Оның әшекейлерінің ерекшелігі неде? Ирина бұйымдарды кептірілген өсімдіктерден жасайды. Шебердің айтуынша, кейбір гүлдер шет елдерден алынған.

 – Авторлық бұйымдарды жасап жүргеніме 7 жылға жуық уақыт болыпты. Шеберлік сабақтарының арқасында осы өнерді үйрендім. Бір әшекейді жасау үшін 3 күннен 1 аптаға дейін уақыт кетеді. Ол тапсырысқа байланысты. Кейбір өсімдіктерді өзім де білмеймін. Ұнағандарды кептіріп, осылай бұйымдар жасаймын. Қызыл теңізден алып келгендерім де бар. Жақында қала тұрғындары үшін шеберлік сабағын өткізуді жоспарлап жүрмін, – дейді шебер.

Шеберлінің қолында кәсіп болған бұл ағаш...

Іздеген іскер ағашын табады. Дүйім жұртты өз айналасына жинағандардың тағы біреуі – Сергей Радионов. 15 мың вольттық құрылғымен жұмыс жасайтын шебер көздің жауын алатын туындыларымен таң қалдырды. Қалада бірнеше жеке дүкенін ашып үлгерген Сергейдің өз командасы бар. Айтуынша, бұл нәтижеге үш-ақ жылда жеткен. Қызығушылық білдірген қауымның назарына Сергейдің ағаштан жасалған визит картасы бірден ілікті.

 – Ағаш өңдеп, тұрмысқа керекті заттар жасауды осыдан үш жыл бұрын қолға алғанбыз. Қазір тапсырыс республика бойынша ғана емес, шет елдерден де түсіп жатыр. Әр тапсырыс берушінің тілегі мен шеберлердің қиялы тоғысқанда еңбек те жемісті болып шығады, – дейді Сергей Радионов.

Жүрегім қолөнерді таңдады

 Үшінші шеберіміз – Юлия Проскурина. Фестивальге келген әр екінші бүлдіршін Юлияның үстелінен айналып кете алмады. Өйткені қуыршақтары көздің жауын алады. Юлия үлкен танымалдылыққа ие болған LOL қуыршақтарының түрлі нұсқасын жасайды екен.

– Шығармашылықтың мүсіндік тоқыма атты бағытын таңдадым. Бұл өнерге мені анам мен әжем баулыды. Тоқуды мен кішкене кезімнен бастап үйрендім, сурет салуды - мектепте, ал қалғаны тәжірибе арқылы келді. Қуыршақ жасау үшін тоқи білу аздық етеді, сурет те сала білуің керек. Сызба-нұсқасын да жасай алу қажет. Тіпті, кей кезде етікші де боласың. Өйткені қуыршаққа аяқ киімді өзің тігесің. Менің жүрегім қолөнерді таңдады. Сондықтан, әр туындыға махаббатымды қосамын, – дейді Юлия Проскурина.

Жәрмеңкеге қатысқан әр үміткердің бұйымы бір бөлек әлем ғой, әрине.

Фестиваль соңында сырлы өнердің жеңімпаздары анықталды.

«ШҚО бейнесіндегі үздік бұйым» үшін Гран-при Бесқарағайдан келген Жанар Мәлікбаеваға бұйырды.

«Дәстүрлі қолөнер шебері» номинациясын Ұлан ауданының өнерпазы Мұхаметбек Сайлан алса, «Жас шебер» номинациясын Бекқали Оралбек қанжығалады. Ал «Жаңашыл дизайн» аталымын Сергей Радионов жеңіп алды. «ШҚО қолөнеріне зор үлес қосқаны үшін» номинациясы шараның өтуіне зор үлес қосқан Раисаға Мұхамеджанова бұйырды.

Жеңімпаздар мадақтама қағаздары мен ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Айтпақшы, көрмеде үздік шеберлер жиылған қауымға шеберлік сабағын да өткізіп үлгерді.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив