KZ
Өскемен
+22°
ясно жел 3 м/с, Ю
440.92 475.36 4.82

Өскеменде жөндеуден өткен көшелер күзге қарай қолданысқа беріледі

30.07.2019, 10:44 136

Облыс орталығында бірнеше жыл қатарынан жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан бірқатар көшелер құрылысы толық аяқталмаса да қазан айына қарай қолданысқа берілмек. Бұл жөнінде БАҚ өкілдерімен құрылыс нысандарын аралаған Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар мәлімдеді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Атап айтсақ, биыл Сәтпаев даңғылының Қазыбек би даңғылынан тіке тартып Шешек асуына шығатын және даңғылдың Жібек Жолы көшесімен қиылысатын аралығы, Өскемен-Семей автожолының Меновное және Ахмер ауылдарының арасындағы бөлігі, сондай-ақ Ахмер ауылынан Понтон көпіріне бастайтын Тоғас және Жібек жолы көшелеріндегі жұмыстар бірқатар деңгейде аяқталмақ. Мердігер мекемелер өкілдерінің айтуынша, биыл көшелерге бір қабат асфальт жайылып көлік қозғалысы жолға қойылатын көрінеді. Ал үшінші, яғни қиыршық тасты-мастикалық төсеніш келесі жылы төселеді.

Жалпы ұзындығы үш шақырымға таяйтын Сәтпаев даңғылының Шешек асуына келіп тірелетін бөлігі Қазбек би және әл-Фараби даңғылдары арасында алты, ал Шешек асуына дейінгі қалған бөлігі төрт жолақты болмақ. Жолдың қос қапталына жаяу жүргіншілер жолы салынып, жаңа электр бағандары орнатылмады. Бұдан бөлек, Шешек өзенінің арнасы абаттандырылып, өзен суы Сәтпаев даңғылының бойындағы арнайы салынған канал арқылы Ертіс өзеніне құяды. Сонымен қатар осындай төрт жолақты көшелер Жібек жолы көшесінің Сәтпаев даңғылымен қиылысатын, Өскемен-Семей тасжолының Меновное мен Ахмер ауылдарының арасындағы жол бөліктерінде және Ахмер ауылы мен Понтон көпіріне дейінгі аралықты қосатын Тоғас көшесінде пайда болады.

– 10 жыл бұрын Өскемен қаласында 106 мың көлік тіркелсе, бүгінгі таңда олардың саны 158 мыңға жетіп отыр, - деді қала әкімі Жақсылық Омар. – Бұл Өскеменге өзге аудандардан келіп-кететін автокөліктерді қоспағандағы көрсеткіш. Осы себепті біз аталмыш жол бөліктерін кеңейтуді қолға алдық. Өскемен қаласынан транзит арқылы өтетін көліктер бұған дейін ұзын-сонар кептелісте тұрып, қала ішімен өтуге мәжбүр болса, ендігі уақытта кең көшелермен еш кедергісіз қалаған бағытына өте беретін болады. Жол құрылыстарын жүргізу екі жылға жоспарланған. Биыл бір қабат асфальт төсеп жолдардың жүру бөліктерін қазан айына қарай қолданысқа береміз. Келесі жылы үстінен қиыршық тасты-мастикалық қабатын төсейтін боламыз.

Салынып жатқан жол сапасына деген талаптың тым қатал екенін алға тартқан шаһар басшысы арнайы құрылған мемлекеттік орган өкілдері мен Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ ғалымдары зертханалық талдаулар жасап, сапасы нашар жол бөліктерін дер уақытында қайта қалпына келтіртіп отыратынын атап өтті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив