KZ
Өскемен
+16°
переменная облачность жел 9 м/с, З
445.66 474.58 4.78

Киелі Алтай: Берел-2019. Фоторепортаж

25.07.2019, 11:32 201

...Түу, шіркін! Тоқымдай жерде тоқсан түрлі гүл, ну орман, төбесі көк тіреген шыңдар. Жер бетіндегі жұмақ жер осы шығар, – деп таңданған Нұрманбет ақсақал Солдатқұлаған асуынан Бұқтырманы жағалай жатқан елге көз тастады. Арғысы Маңғыстаудан, Оралдан, Ақтөбеден, Түркістаннан, бергісі Алматы, Астанадан келген фотосуретшілер жанталаса жан-жақтарын шырт-шырт еткізіп суретке түсіріп жүр.   

 «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайым бастаған бір топ фотографтардың көздегені Шығыстың шырайлы табиғатын сапалы фотосуреттерімен әлемге танытуды мақсат етті. «Шығыс-Ақпарат» медиахолдингі, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі және Берел қорық-мұражайы ұйымдастырған фотоблог турға келген фотографтар алдымен Өскемендегі этноауылды аралап, әр ұлттың салт-дәстүрінен сыр шертетін үйілерге бас сұқты.

 

Этноауылдағы саяхаттан соң, фотоаппарат ұстаған жастар үшін «National Geographic Qazaqstan» журналының шеф-фотографы Ерболат Шадрахов, «Егемен Қазақстан» газетінің ардагер фототілшісі Нұрманбет Қизатұлы және басқа да кәсіби мамандар шеберлік сағатын өткізді.

 – Биыл елімізде «Жастар жылы» деп жарияланғандықтан, «Киелі Алтай: Берел-2019» фотоэкспедициясына келген фотографтардың басым бөлігі – жастар. Олардың ішінде әлеуметтік желі арқылы көзтартар туындыларымен танымал болып қалған Досжан Балабекұлы да бар, – дейді Асылхан Әбдірайым.

 Ал шеберлік сағатында сөз алған «National Geographic Qazaqstan» журналының шеф-фотографы Ерболат Шадрахов:

– Табиғатты түсіру үшін жан-жақты зерттеу керек. Ол үшін баратын жердің суреттерін ғаламтордан қарап шығып, «Кім түсірді?», «Қалай түсірді?» деген сұрақтарға жауап іздеңіз. Өз басым көздеген жерімнен жақсы кадрлар түсірмейінше бірнеше рет барамын, – деп фотографтарды ертеңгі саяхатқа дайындағандай болды.

 

Ашық аспан астында өтіп жатқан шеберлік сағатына белсенді қатысып, фотографияға қатысты сұрақтарға дұрыс жауап берген жастарға «Фотоөнер» ҚБ-ның атынан естелік сыйлықтар табысталды.

 

Солдатқұлаған

Ертесінде он бес фотограф артынып-тартынып Төр Алтайға, Катонқарағайға жол тарттық. Бұралаңы мен асуы көп Өмеш асуын басып өткен шағын автобус Васильев өткеліндегі паромға тұмсығын тіреді. Кейбіреуі үшін бұл паром да таңсық еді. «Неге әлі күнге Васильев өткелі?» деп сұрақ қойғандар да болды. Мұндайда аузыңа құм құйылады екен.

 

     

Фотоаппарат асынғандар түс ауа Алтайдың тұмса табиғатынан бір-ақ шықты. Шыңғыстайдың тұсынан қос «УАЗ» мәшинесімен өткен ғасырда Аустрия-Венгрия тұтқындары салған ирек жолмен Солдатқұлаған асуына көтеріліп келеміз. Бұл жолдың бас-аяғы жүз шақырымға жуық.

 

 Кейбір тұстан Мұзтау менмұндалады. Фотографтар үшін бұл – алтын уақыт, сәтті кадрлар түсіретін кез.

 

  Берел

Таң атар-атпастан фотоапараттарын арқалап, Берел-қорық мұражайының маңындағы төбеге шығып кеткен Досжан мен Бекбол ентігіп етекке түсті. «Аю жүр», – дейді екеуі жарыса сөйлеп.   Олардың айтқанына аса мән бере қоймаған осы жердің күзетшісі:

– Е-е-е, аю жүре береді. Қонжығымен жүрген аю болмаса, адамға шаппайды, – деп екеуінің үрейін басқандай болды. Досжан Балабекұлы «таукезбе» фотограф болғанымен, Алматының тауларында мұндай жабайы жануарлар кездесе бермейді дейді. 

 

 Фотографтар бір үйдің баласындай таңғы астарын ішкен соң, сақтар мен түркілердің заманындағы жәдігерлермен, обалармен танысты.  

Көне мәдениетпен танысқаннан кейін фотографтар қараңғы түскенше құнды жәдігерлерді, тоң басқан обаларды таспалап алуға тырысты.

 

 Бір тобы Берел ауылының тыныс-тіршілігінен де тұрмыстық фотолар түсірді.

 

Көккөл

«Киелі Алтай: Берел-2019» фотоблог турының үшінші күнінде арнайы жасақталған «Урал» мәшінімен Мұзтауды маңдайға алып, Қаракөлге жолға шықтық.

 

Көбігін атқақтата ағып жатқан Ақбұлқақ өзеніндегі көпірге таяй бере біз мінген «Урал» кілт тоқтады. Жүргізуші түсіңдер дегендей ишарат жасады. Тегі ағаш көпір қауіпті болса керек. Алып мәшін шегіншектеп барып, ағаш көпірден зу етіп өте шықты. Көпір сықыр-сықыр ете қалды. Біз жаяу өттік. Кейбір тұсындағы тақтайлар ойылып кетіпті. Жүрек жұтқан жүргізуші жолаушылардың қауіпсіздігін сақтағаны ғой.

 

Көп ұзамай Қарайрық ауылында аялдадық. Кезінде тіршілігі қайнап жатқан ауылдағы үйлердің көбі бос тұр, төрт-ақ отбасы қалыпты. Әрі қарай ерекше қорғалатын Ұлттық парктің аумағы. Ақысын төлеп, постан өттік.

 

 Язовое сарқырамасының тұсына келіп тағы бір аялдадық. Фотографтар шырт-шырт еткізіп суретке түсірді де, қайта көлікке жайғасты.

 Ұзақ жүрген жоқпыз, бір асудан асқан соң, мөлдіреп Қаракөл көрінді. Қалай дегенмен де, адам аяғы аз. Жаздың он төрт күні ғана ашық тұратын Мұзтауды бұлт басып тұрды. Түсірілім тобы көл жағасына аппараттарын тізіп қойып, ымырт түскенше ақбас шыңның ашылуын күтті...

 Үш күнде фотоэкспедиция мүшелері Алтайға бауыр басып қалғандай көрінді, қимай қоштасты. Берел-қорық мұражайының директоры Жангелді Ахмадиев топ мүшелеріне алғысын айтып, «Егемен Қазақстан» газетінің ардагер фототілшісі Нұрманбет Қизатұлына, «National Geographic Qazaqstan» журналының шеф-фотографы Ерболат Шадраховқа қазақтың дәстүрімен шапан жапты. Топты бастап келген Асылхан Әбдірайымға да ерекше ілтипатын білдірді. «Киелі Алтай: Берел-2019» фотоблог турын ұйымдастыруға атсалысқан «Шығыс-Ақпарат» басшылығын Алғыс хатпен марапаттады. Келген қонақтар да «Берел-қорық мұражайына» естелік ретінде кәдесыйларын табыстап кетті.   

 

 Ал сіздер фотографтардың Төр Алтайда түсірген жауһар туындыларын Алматыда, Семейде, Өскеменде өтетін көрмеде тамашалай аласыздар.

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив