KZ
Өскемен
+4°
пасмурно жел 2,5 м/с, Ю
448.15 483.46 4.86

ШҚО-да көмірдің бағасы бақылауға алынатын болды

18.07.2019, 11:51 108

Қыркүйектің 15-іне дейін облыстағы барлық әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер қысқа сақадай-сай болуы керек. Алдағы жылыту маусымына дайындық барысы талқыланған облыс әкімідігінің кезекті отырысында аймақ басшысы Даниал Ахметов осындай міндет қойып, жекелеген аудандардағы жағдайды ерекше назарға алуды тапсырды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Энергетика басқармасы ұсынған мәліметтерге сәйкес, бүгінгі таңда білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау мекемелерінің басым бөлігі қысқа әзір. Қазір қазандықтар, су электр сансалары, электр сымдары мен жылу, су құбырлары, кәріздер жөнделіп жатыр. Алайда, кейбір кәсіпорындар қаржы тапшылығынан жөндеу жұмыстарын кешіктіруде. Айталық, осы мақсаттар үшін Семейге 268 миллион, Глубьокое ауданына 55,8 миллион теңге қосымша қаражат қажет болып отыр.

Мұнымен қоса, жылу ұйымдарына дебиторлық берешек мөлшері 900 миллион теңгеден асып жығылады. Атап айтсақ, «Өскемен жылу желілері» 64 миллион, «Өскемен су арнасы» 131 миллион, «Жылукоммунэнерго» 286 миллион, «Семей су арнасы» 281 миллион, «Риддер ЖЭО» 58 миллион, Алтай қаласының «Жылу орталығы» кәсіпорны 36 миллион, «КМЭП» кәсіпорны 17 миллион теңге қарыздарын қайтара алмай отыр.

Ал осы кәсіпорындардың «Шығысэнерготрейд» ЖШС алдындағы берешегі 26 миллион теңгені құрайды, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 6 миллионға көп.

– Егер берешекті жоймасаңыздар, қосымша қаржыны күтпеңіздер. Дебиторлық қарыз – жыл сайын қайталанатын мәселе. Мұндай келеңсіздікке жол беруге болмайды. Тұрғындармен тығыз жұмыс істеңіздер, – деп жүктеді олбыс басшысы Семей мен Өскемен әкімдеріне.

Өңір басшылығы көмір дайындығына айырықша мән беріп отыр. Энергетика басқармасы қатты отынға деген жалпы қажеттілік 2310 мың тонна деп мәлімдейді. Жылыту маусымының басында кәсіпорындарда кем дегенде 200 мың тонна отын болуы тиіс.

Әлеуметтік нысандарды жылыту үшін алдағы қыста 127 мың тонна, ал өңір тұрғындары үшін 1140 мың тонна көмір керек екен. Қазіргі кезде жеткізілген отын көлемі – 74 мың тонна, яғни қажетті мөлшердің 7 пайызы ғана.

Облыс әкімінің тапсырмасына сай биыл 1 қыркүйекке дейін барлық әлеуметтік мекемелер көмірмен толық қамтылуы тиіс.   

Көмірдің бағасына келер болсақ, ол әр түрлі. Ең арзаны – Семейде, тоннасы 7400 теңге шамасында. Күршім, Көкпекті, Катонқарағай, Абай сияқты жырақ аудандарда қатты отынның құны 14-16 мың теңге аралығында. Ал, Тарбағатай мен Үржар тұрғындары үшін 18 мыңға шарықтайды.

Энергетика басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алма Қайрақанованың айтуынша, көмірдің бағасына аудандардағы темір жолдың бар-жоғы әсер етеді. Отын құнының жартысын жол шығыны құрайды. Облыс әкімі осы орайда Өскемен мен Семей қалаларының басшыларына шалғай аудандарға көмір жеткізу бойынша көмек көрсетуді, яғни жүк көліктерін бөлуді міндеттеді.

Тақырыпты қорытындылаған Даниал Ахметов 15 қыркүйекке дейін барлық әлеуметтік мекемелер мен тұрғын үйлерді жылыту маусымына толық дайындауды, көмір бағасын ұдайы бақылауды ұстауды қатаң тапсырды.  

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив