KZ
Өскемен
+8°
ясно жел 4 м/с, С
443.85 474.3 4.8

ШҚО-да студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге бағытталған жобалар қолға алынды

15.07.2019, 12:13 177

Бүгінгі таңда еліміздегі оқу орындары 90 мыңға жуық студентті қоныстандыратын жер таппай отыр. Бұл көрсеткіш біздің өңірде 4,5 мыңнан асып жығылады.

Облыстық Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Қаржы орталығы» АҚ өкілі өңірдің жоғары және кәсіптік-техникалық оқу орындарымен, кәсіпкерлермен кездесіп, студенттік жатақхана салу мәселесін талқылады.

Бұл мәселе бүгін ғана бас көтеріп отырмағаны белгілі. Өзекті проблеманың біріне айналған тақырып соңғы бірнеше жыл көлемінде айтылып келе жатқанымен, өткен жылдан бастап Елбасының Бес әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында мықтап қолға алынған болатын. Ол кезде Білім және ғылым министрлігіне ел бойынша кем дегенде 75 мың орынды қамтамасыз ететін жатақханалар салу жөнінде тапсырма берілген еді.

Естеріңізге сала кетсек, «Қаржылық орталық» АҚ бүгінгі таңда Қазақстан бойынша студенттік жатақханаларды салудың бірыңғай операторы болып келеді. Сол себепті аталмыш бағыт бойынша түсіндіру жұмыстары да осы мекемеге артылған. Жобаның әлеуметтік тиімділігімен қатар, бизнес ортаға тигізер пайдасын да қатар көрсеткен акционерлік қоғам өкілі бұл бағытта өңірлік Кәсіпкерлер палатасының көмегі ұшан-теңіз екенін алға тартты.

– Елімізде студенттік жатақханаларға деген сұраныстың тым жоғары екенін барлығымыз білеміз, – дейді ШҚО Кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің бастығы Әсет Әділхан. – Бұл көрсеткіш Қазақстан бойынша 90 мың орынды құраса, біздің өңірде 4,5 мыңнан асып жығылады. Білім және ғылым министрлігінің жанындағы «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының шығынның бір бөлігін мемлекет тарапынан жабуы бойынша жобасы бизнес ортаға қызықты болады деген ойдамын.

Бағдарлама операторының Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып дайындаған мемлекеттік тапсырысын орналастыру механизмі жайын хабарлаған «Қаржы орталығы» АҚ менеджері Алпамыс Сатыбалдин аталмыш шараның кезекті әлеуметтік жобалардың бірі емес, нәтижелі әрі пайдасы мол бизнес жоба екенін айтады.

– Бұл жобаға жатақхана ғимараты немесе оны салуға арнайы бөлінген жер телімі бар білім мекемелерімен қатар кәсіпкерлер де қатыса алады, – дейді ол. – Бағдарлама операторымен алдын ала келісімшарт жасалған соң мердігер мекеме өз қаржысына ғимаратты қайта жөндеп немесе жаңадан салады. Мұндағы басты талап - жатақхананың нысаналы мақсатын 20 жыл бойына өзгертуге болмайды. Ғимарат қолданысқа берілген соң Қаржы орталығы әр жатын орын үшін сегіз жыл бойы ай сайын 122 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қаражат төлеп отыратын болады. Яғни, келесі жылы әр жатын орын үшін 318 мың теңгеден төленіп отырады. Бұл мақсатқа мемлекеттік бюджеттен 11 жылға, яғни 2030 жылға дейін 152,8 миллиард теңге қарастырылған.

Қаржы орталығы өкілінің хабарлауынша, жоба басталғалы бері тоғыз ай ішінде Қазақстан бойынша жалпы құны 20 миллиард теңгені құрайтын 28 келісімшарт жасалған. Ол Шымкент қаласындағы 350 орындық жатақханаға қатысты келісімшартты мысалға келтірді. Құны 650 миллион теңгелік бұл құрылысқа сегіз жыл ішінде мемлекет тарапынан 862 миллион теңге төленетін көрінеді. Осылайша жатақхана құрылысына қалтасындағы қаржысын жұмсаған инвестор 212 миллион теңге мөлшерінде пайда табады екен.

Сондай-ақ кәсіпкер мемлекеттік тапсырыстан бөлек, тағы да екі көзден пайда табу мүмкіндігіне ие болады. Оның біріншісі, коммуналдық шығындарды жабу мақсатында алынатын аренда ақысы болса, екінші көзі жатақхана базасында асхана, жаттығу залы, студенттік сауна, дүкен және тағы басқа коммерциялық нысандар салуға деген мүмкіндіктің болуы. Бұл жобаның тағы бір жағымды жағы инвестордың «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қатысуға мүмкіндік алып, «Даму» қоры 15 пайыздық мөлшерлемемен берілген несиенің жеті пайызын субсидиялайды.

– 2000-шы жылы елімізде орын алған бэби-бум есебінен халық арасындағы туу көрсеткіші жоғарлағаны белгілі. Қазақстанда туу көрсеткіші жыл санап өсіп келеді. Осыған қарап алдағы уақытта студенттер санының да әдеттен тыс көп болатынын айта аламыз. Яғни, сіздер салған жатақханаларға деген сұраныс жыл сайын өсетін болады. Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысының оқу орындарына оқитын студенттерге 4578 жатақхана орны қажет. Сіздердің өңірлеріңіздің бір ерекшелігі білім ордаларының меншігіндегі жер учаскелерінің болуы, – деп қосты Алпамыс Айдарұлы.

Бүгінгі таңда облыстың 15 оқу орны студенттер жатақханасының қажеттілігін сезінуде. Қазірде бұл мәселе жергілікті жерде шешімін таба бастаған. Астанадан келген маманның айтуынша, өзге өңірлер бұл проблемамен бетпе-бет келіп жатқанда Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен білім ордалары жатақханалар салынатын жерлерді анықтап та қойған.

Егер білім ордаларында жатақхана салатын қаражаты болмаса бұл істі жергілікті инвесторларға сеніп тапсыруларына болады. Бұл жерде тағы бір айта кететін жайт, жатақхана ғимараты мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобалары сияқты салынғаннан кейін бірден мемлекет меншігіне өтіп кетпей, оны салған ұйымның теңгерімінде тұрады. Не болмаса консорциум келісімшарты бойынша түскен пайда құрылыс компаниясы мен білім ордасы арасында бөлінеді. Бұдан бөлек, құрылыс компаниясы жатақхананы білім ордасының теңгеріміне бірден өткізуіне де мүмкіндік берілген.

Облыстық Кәсіпкерлер палатасының хабарлауынша, бүгінгі таңда Қаржы орталығы мен С.Аманжолов атындағы ШҚМУ арасында бар ғимаратты қалпына келтіру бойынша келісімшарт жасалған. Сонымен қатар, Қазақстан-Американдық Еркін университетіне 88 орындық, Семейдегі «Қайнар» колледжіне 100 орындық жатақханалар салу және тағы да басқа екі жоба келісілу үстінде.

Инвестор тарапынан қосымша сұрақтар болса облыстық Кәсіпкерлер палатасына, «Даму» қорына, Білім басқармасына жүгініп, studdom.fincenter.kz және www.fincenter.kz сайттары арқылы көмек алуына болады.

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив