KZ
Өскемен
+3°
переменная облачность жел 2 м/с, З
444.32 473.33 4.76

ШҚО-ның үздік тауар өндірушілері анықталды

7.07.2019, 11:18 152

ШҚО-ның үздік тауар өндірушілері анықталды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Елорда күніне орай ұйымдастырылған "Қазақстанның үздік тауары-2019" байқауына Шығыстан 100-ге жуық кәсіпорын қатысты.
Қатысушылардың 43-і жеке кәсіпкерлер. Бұл көрсеткіш өңірдегі шағын және орта бизнестің дамып келе жатқанының дәлелі. Бұдан бөлек, сегіз шаруа қожалығы, 38 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және бір акционерлік қоғам өз өнімдерін ұсынды.

– 12 жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан шараның дәстүрге айналғаны айтпаса да белгілі. Көрменің тауар өндірушілер үшін де біз үшін де берері мол. Бастысы осы байқау арқылы бәсекелестік артып, тауардың сапасы жақсарады. Бүгінгі күні, біздің өнімдеріміз импорттық тауарлармен оп-оңай бәсекелесе алатынын батыл мәлімдей аламыз, – дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймукашев.

Жәрмеңке түрінде өткен көрмені ШҚО Кәсіпкерлер Палатасы, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасымен бірлесіп ұйымдастырған.

– Құрбым екеуміз жергілікті кондитерлердің тәттілерінен дәм татып, мектеп формаларын қарадық. Тіпті кейбір тігіншілердің байланыс нөмірлерін өзімізге жазып алдық. Біз үшін ең үлкен жаңалық болған, кір жуу ұнтағы шығар. Бізде мұндай ұнтақтың шығарылатынын білмей де келіппіз, - дейді көрмеге келген Ирина Берсенова.

Өз бағыты бойынша көш бастап тұрғандарға келетін болсақ, көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған мектеп формасын тігу Өскемендегі жалғыз "Isnar" фирмасына тапсырылды.

Конкурс қорытындысы бойынша "Үздік азық-түлік тауарлары" номинациясы бойынша бірінші орынды "Eco Product" ЖШС (Ұлан ауданы, қоян етін өндірушілер), екінші орынды "Қалиқанұлы" ШҚ (сүт және ет өнімдерін өндірушілер, Көкпекті ауданы) және үшінші орынды "Мельникова Н" ЖК құрған Алтайдан келген ерлі-зайыптылар Дмитрий мен Жанна Мельников иеленді. Өңірлік бизнестің дамуына үлес қосып жүрген отбасы "Sweet Home" кофеханасын ашқан.

"Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар" аталымы бойынша көшті "Азия Авто" АҚ бастады. Ал, екінші орынды "Қазақстанның майлары мен майлау материалдары" ЖШС алса, үшінші орынды "УК Триплекс" ЖШС (шыныдан өнім жасау, Өскемен) иеленді.
"Халық үшін ең үздік тауарлар" номинациясында "ТЕРРА ВИТА" ЖШС (медициналық, хирургиялық, стоматологиялық және ветеринарлық жиһаз өндірісі, Семей) иеленді, екінші орында "Роза киіз басу комбинаты" ЖШС (Семей), үшінші орында "Аль-Прима" ЖШС (полиграфиялық қызметтер, Өскемен) жеңімпаз болып танылды.

"Конкурсқа белсенді қатысқаны үшін" номинациясын "Вояж-плюс" ЖШС (кондитерлік өнімдер, Өскемен) алды, «Көрермен көзайымы» жүлдесін "Үлбі сыра қайнату зауыты" ЖШС жеңіп алды.

Өңірлік байқауда топ жарған тоғыз жеңімпаз бен жүлдегерлер республикалық тауарлар көрмесіне елордаға аттанады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив