KZ
Өскемен
+5°
ясно жел 10 м/с, С
443.85 474.3 4.8

Ұйымшылдық танытқан жерлестеріме алғыс айтамын – облыс әкімі

3.07.2019, 12:10 161

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, өңірде облыс әкімінің төрағалығымен Арысқа көмек көрсететін арнайы штаб құрылған болатын. Бүгінде облыстың ірі кәсіпорындары мен тұрғындары Арысты қалпына келтіруге 166 миллион теңгеден астам қаражат жинады. Жиналған қаражаттың 138 миллионы «Парыз» қорына аударылса, 28 миллионы «Түркістан» қорына бағытталған. Бұл жөнінде облыстық әкімдікте өткен баспасөз мәслихаты барысында аймақ басшысы Даниал Ахметов хабарлады.

Облыс әкімінің хабарлауынша, бүгінде 200 тоннадан астам гуманитарлық жүк жолға шығуға дайын. Оның 150,3 тоннасы – ұн, 22 тоннасы – өсімдік майы, 20 тоннасы – ет, 7,6 тоннасы – макарон өнімдері, 7,2 тоннасы – жарма, 1 470 консерві банкасы, 2,8 тонна – қант, бес мың түрлі аса қажетті тауарлар екен.

– Гуманитарлық көмек жинау жұмыстары «Nur Otan» партиясының бақылауында. Өңірдегі әр кәсіпорын қиын жағдайда қалған адамдарға көмек көрсету мүмкіндігін қарастырды. Жерлестеріміз арыстықтарға ақшалай, киім-кешекпен, құрылыс материалдарымен және азық-түлік өнімдерімен жәрдемдесуде. Көмек қолын созуға еңбек ұжымдары, Достық үйлері мен этномәдени бірлестіктер, жастар ұйымдары, Азаматтық Альянс та бір адамдай жұмылды, – деді Даниал Ахметов.

Аймақ басшысының хабарлауынша, жастардың бастамасымен ірі сауда орталықтарында «Қайырымдылық сөрелері» ұйымдастырылып, тұрғындар шама-шарқынша азық-түлік пен гигиеналық заттарды жинап берді. «Арыс, Шығыс сіздермен бірге!» акциясы барысында бірсыпыра жерлесіміз қан тапсырып, жиналған қаражат зардап шеккендердің арнайы шоттарына аударылды.
Игі істен аудан жастары да қалыс қалмады. Соның бірі ретінде Күршімде өткен республикалық «Жайдарман» жастар фестивалін айтуға болады. Шараға қатысушылар 100 мың теңге көлемінде қаржы жинап, арнайы шотқа бағыттапты.

– Арыстағы оқиға кезекті рет қазақстандық қоғамның бірлігін паш етті. Отандастарын қиын жағдайда қалдырмаған азаматтар әлеуметтік желілер арқылы да жылы сөздерін айтуда. Арысқа көмек көрсетуге атсалысқан барлық жерлестеріме кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарына зор алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив