KZ
Өскемен
-1°
небольшая облачность жел 2 м/с, СБ
443.85 474.3 4.8

ШҚО ауылдарындағы 230 отбасыға «Парыз» қоры есебінен баспана әперіледі

27.06.2019, 05:46 175

Ауылда тұрып жатқан көпбалалы 230 отбасыға «Парыз» қорының қаржысы есебінен баспана сатып алынатын болды. Бұл туралы кеше өткен көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешу жөніндегі қоғамдық комиссияның кезекті отырысында облыс әкімі Даниал Ахметов мәлім етті.

  Бұл комиссия аймақ басшысының тікелей тапсырмасымен құрылып, оның құрамына азаматтық белсенділер, БАҚ өкілдері, блогерлер кірген.  Ондағы мақсат – көпбалалы аналарды баспанамен қамту мәселесінде жергілікті атқарушы билік жұмысының ашықтығы мен тиімділігін, жариялылығын қадағалау. Екінші мәрте өткізілген отырыста жауапты басқармалардың басшылары мен мамандары аталған бағытта атқарылып жатқан кешенді жұмыстардың барысын баян етті.

Алдымен көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың балаларына білім саласында қандай қолдау-көмек көрсетілетініне тоқталсақ. Білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Байжанованың айтуынша, өткен оқу жылында аймақ мектептерінде жоғарыдағы санатқа жататын 33 583 бала оқыған. Мұның 23 мыңы көпбалалы отбасылардан шықса, 10 мыңы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың баласы. Аталған санаттағы оқушылар үшін қазіргі күні өңірдің білім беру жүйесінде тегін тамақпен, мектеп формасымен, оқу құрал-жабдықтарымен, киім-кешекпен қамтамасыз ету және жазғы демалысты ұйымдастыру мәселелері шешіліп қойыған. Алдағы жаңа оқу жылында да барлық көпбалалы және тұрмысы төмен отбасының балаларына (33 583 бала) мектеп формасы сатып әперіледі. Ол үшін жиыны 626 млн. теңге қарастырылған. Бұл соманың 125,2 млн. теңгесі қалалар мен аудандардың бюджетінен бөлінсе, 500,8 млн. теңгесі облыстық бюджеттің үлесіне тиесілі. Сатып алынатын мектеп формаларын өзіміздің тауар өндірушілер тігетін болды. Бүгінгі күні тиісті басқармалармен бес бас мердігер анықталды. Олар: «Ақтұмар», «УК Юнис», «Семспецснаб», «Ақмаңдай» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Instar» жеке кәсіпкерлігі.

– Бүгінгі күні 580 мектептің 260-сымен форма сатып алу жөнінде келісімшарт жасалды, қалған 299 мектепке қатысты келісім жүргізіліп жатыр. Бірінші шілдеге дейін бәрі толық шешіледі, – деп нақтылаған Айгүл Байжанова Бесқарағай ауданында бұл мәселе жергілікті атқарушы билік тарапынан дұрыс бақылауға алынбағанын айтты.

Түсіндіре кетейік. Әлі күнге дейін аталған аудандағы 21 мектепте тиісті басқармалар анықтап берген жергілікті тауарөндірушілермен келісімшарт жасау бойынша ешқандай жұмыс жүргізілмеген. Жаңа оқу жылы болса жақындап келеді.

– Екі айдан кейін сабақ басталады. Ал сіздер әлі жүрсіздер! Қаражат бар, тауарөндірушілер белгілі. Неге іске кіріспейсіздер? Бір апта уақыт беремін. Осы аралықта мәселені бір жағына шығарып, комиссияның қарауына ұсыныңыздар. Содан кейін шешім шығарылады, – деген аймақ басшысы Даниал Ахметов Бесқарағай ауданының басшылығына нақты тапсырма берді.

Жиында жауапты сала мамандары кәсіби бағдарлау жұмыстарына қатысты біраз ақпарат ұсынды. Ресми деректерге сүйенсек, биыл облыста 9-сыныпты бітірген 15 мыңнан астам түлек болса, соның 969-ы көпбалалы отбасыдан шыққан. Оның ішінде тоғызыншы сыныптан кейін колледжге тапсыруға ниетті 5 289 түлектің 642-сі көпбалалы отбасының баласы екен.

– Құжат тапсыру уақыты басталған 20 маусымнан бүгінгі күнге дейін колледжде оқуға көпбалалы отбасыдан шыққан 285 баладан өтініш келіп түсті. Қазіргі күні аталған санатқа жататын 630 түлекпен кәсіптік бағдарлау жұмыстары жүргізілуде, – деп түсіндірген Айгүл Байжанова колледждерге құжат тапсыру мерзімі тамыздың 20-сы күні аяқталатынын да еске сала кетті.

Сонымен қатар комиссия отырысында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Ерболат Ошақбаев ақпарат ұсынып, көпбалалы отбасылардың балалары мен ерекше білім беруді қажет ететін бүлдіршіндердің балабақшасы үшін төленетін өтемақы туралы айтып берді. Басқарма басшысының сөзінен ұққанымыз, әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдар әлеуметтік қорғау органына мына құжаттарды тапсыруы тиіс: жеке куәлігі, тұрақты тұрып жатқан жерін растайтын анықтама, отбасы құрамы туралы мәлімет, отбасы мүшелерінің табысы туралы мәлімет. Бұл құжаттар «Е халық», «Е-Собес» сияқты ақпараттық жүйелер арқылы өтініш берушінің тікелей қатысуынсыз-ақ алынады.

– Биылғы мамыр айынан бастап облыстағы көпбалалы отбасылардың балалары мен ерекше білім беруді қажет ететін балалар түгелдей балабақшаға тегін барып жүр. Бұл мақсатқа бюджеттен 200,2 млн. теңге қаржы бөлінген, – деп атап өткен басқарма басшысы Ерболат Ошақбаев аталған санаттағы балаларды мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен тегін қамтамасыз етуде ешқандай мәселе жоқ екенін айтты.

Осы орайда айта кету керек, облыстық бюджеттен бөлінген 200,2 млн. теңге өтемақы мемлекеттік балабақшалармен қатар жекеменшік иеліктегі мекемелерге де төленеді.

Несиелендіру неге сылбыр?

Көпбалалы отбасыларды несиелендіру жұмыстарының қалай жүріп жатқаны туралы облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Ержан Шорманов баян етті. Оның айтуынша, бүгінгі күнге дейін «Еңбек» бағдарламасы аясында Өскеменде екі жоба қаралып жатыр. Оның біреуі дүкен ашуды көздесе, екіншісі шаштараз қызметін жандандырмақ. Одан бөлек «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасымен грант қаражатына үмітті бес жоба дайын тұр. Олар: Өскемен, Риддер қалаларында, Үржар, Ұлан, аудандарында. Мұның сыртында өңірлік «Ақниет» бағдарламасы бойынша Курчатов қаласында бір жоба қолға алыныпты. Қысқаша айтсақ осы. Алайда аймақ басшысы бұл мәселеде жауапты басқарманың, сондай-ақ облыстық кәсіпкерлер палатасының жұмысына көңілі толмайтынын білдірді.   

– Өзінің кәсібін ашып, шаруасын дөңгеленткісі келетін көпбалалы отбасылар аз емес. Мұны мен жұмыс бабымен аудан, қалаларға барғанда, жұртпен кездескенде көріп жүрмін. Бүгінгі күнге дейін облыстағы 26 мыңнан астам көпбалалы отбасының қанша пайызы несие алып, кәсібін бастады? Сіз айтқандай бірең-сараң ғана. Неге? Өйткені олар көмекті қалай алатынын, жеңілдетілген несиеге қалай қол жеткізетінін білмейді. Оларға қажетті ақпарат жетпей жатыр. Түсіндіру жұмыстары нашар. Сіздерге көпбалалы аналармен кездесіп, мәселенің мән-жайын дұрыстап түсіндіру керек еді. Олай болмады. Айтылды, бәрі сол жерде қалды. Сондықтан қырүйекке дейін уақыт беремін, жұмысты ширатпасаңыздар тиісті шара қолданамыз, – деп шегелеп тұрып ескерткен аймақ басшысы Даниал Ахметов кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы мен кәсіпкерлік палатасының жұмысын қатаң сынады.

Облыстың аудандарында, оның ішінде ауылдық жерлерде тұрып жатқан көпбалалы 230 отбасыға баспана берілетін болды. Аймақ басшысымен әр ауданнан онлайн байланысқа шығып, өздеріне ұсынылған үйлердің сапасы мен жағдайына разы екендіктерін білдірген көпбалалы аналар мәселені шешуге нақты кіріскен өңір басшылығына алғыстарын жаудырды.

– Сатып алынатын үйлерді тексеретін комиссия құрамына көпбалалы аналарды да қосқаны өте дұрыс болды. Бәрін көзімізбен көрдік. Барлығы да тұруға жарамды. Оның өзінде ауылдық жер болғандықтан мал ұстап, бақша өсіруге ыңғайлы үйлерді алуға көңіл бөлінді. Жалпы, жаман емес. Көпбалалы аналар мемлекеттің қолдауын нақты сезініп отыр. Облыс басшылығына дән ризамыз, – дейді «Ақжүніс» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, көпбалалы ана Анар Сүлейменова.

Жиында облыс әкімі Даниал Ахметов әр ауданмен байланысқа шығып, көрсетіліп жатқан көмек пен сатып алынатын үйлердің жағдайы туралы әуелі әкімдерден, содан кейін көпбалалы аналардың өзінен сұрады. Бәрінің айтқаны біреу – «көмекке көңіл толады». 

Сонымен қатар әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамту үшін ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 1 600 млн. теңге қаражат бөлінген. Оның тең жартысы баспана сатып алуға бағытталса, қалғаны тұрғын үй құрылысына жұмсалмақ.

«Бақытты отбасы» ипотекалық несиелендіру бағдарламасы арқылы да көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамту мәселесі қарастырылған. Бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев тәптіштеп тұрып айтып берді. 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив