KZ
Өскемен
+6°
небольшая облачность жел 6 м/с, С
444.32 473.33 4.76

«Сатқындар мен шпиондар» немесе Мақсұт Тайшыбаевтің тағдыры

31.05.2019, 06:25 201

Елдің есінде «қызыл қырғын» деген жүрек мұздатар қаралы атаумен қалған 1937 мен 1938-дің «қанды шеңгеліне» 7000-нан аса шығысқазақстандық азаматтар ілініп, жапа шекті. Ұлтын ұлықтаған сондай абзал ағалардың бірі – «халық жауы» деген айыппен 1938 жылы 34 жасында ату жазасына кесілген, өз ұлтын жанындай жақсы көрген шебер журналист, жазушы, «Еңбекші қазақта» (бүгінгі «Егемен Қазақстан») екі айдай еңбек сынағынан өтіп, орыс ұлты мол шоғырланған Шығыс өңіріне келіп, тақыр жерден осы өңірімізде «Жұмысшы» аталған тұңғыш қазақ газетін (бүгінгі «Дидар») ашқан Мақсұт Тайшыбаев еді.

***

Мақсұт Тайшыбаев 1904 жылы тамыз айында Солтүстік Қазақстан облысы (қазір Ақмола облысына қарайды), Есіл ауданының Қорғалжын ауылында туған. Әкесі өз заманының беделді, ауқатты байы, сөзі дуалы болысы, биі болған. Қорғалжын маңында «Тайшыбай көлі» деген көл әлі де бар көрінеді. Алайда, әкеден ертерек, бес жасында айрылған Мақсұт, Хамит деген інісі екеуі Ақмола балалар үйінде тәрбиеленеді. Басқа ағайындарының барлығы шет елге асып кетеді. Ерте хат таныған, еті тірі бозбала 16 жасынан кеңес жұмысына араласады, жиырма жасында совет-партия мектебін бітіреді. Шығыс Қазақстанға келердің алдында, ол Атбасар уездік кәсіподақ бюросының төрағасы, Ақмола прокурорының көмекшісі болып лауазымды қызметтер атқарады. 1931 жылғы шілдеде Мақсұтты Өлкелік партия комитеті «Еңбекші қазақ» газеті партия секторының меңгерушілігіне тағайындап, екі айдай «сынақтан» өткізіп, «Тайшыбаев жолдас Риддердегі қазақ газетінің редакторы болып тағайындалсын» деген Ф.Голощекиннің бұйрығымен қыркүйек айының басында сол кездегі ірі өндіріс ордасының бірі саналатын Риддерге келеді. Ал, қазан айының 24-жұлдызында «Жұмысшының» алғашқы саны оқырмандар қолына тиеді.

Мақсұт туыстық жағынан Мағжан Жұмабаевпен туған бажа болған. Қы­зылжар қаласының атақты байы Шоқан Тастеміровтың үлкен қызы Зейнеп – Мағ­жанның жары болса, кіші қызы Нағимаға Мақсұт үйленген.

Тайшыбаевтан тараған ұрпақтар, құдайға шүкір, қазір бар. Бір ұл, екі қызы болған. Үлкен қызы Роза Тайшыбаева-Сужикова Алматы қаласында тұрады, жасы сексеннің ішінде. Сол Роза апайдың айтуынша, отызыншы жылдардың ортасында әкесі Сәкен Сейфуллин арқылы Жазушылар одағының сол кездегі басшысы Сәбит Мұқановтың қолына жұмысшылар өмірінен жазылған екі томдық романын тапсырған екен, әрине, оның дерегі жоқ, соңына түсіп іздеген де адам болмаған…

«Жұмысшының» тігінділерін ақтара отырып, газеттің сол кезде қалыптасып келе жатқан қазақ жұмысшы табының әділдік іздер ордасына, қуат берер, рухын көтерер байрағына айналғанын, ондағы батыл жазылған материалдардан комбинатта еңбек етіп жүрген қандастарымыздың біршама мүшкіл халін елестетуге болады. «Өзім», «Тілші», «М», «Мақсұт», «Қорғасын» деген псевдонимдермен шыққан «Тентегімнен мәнтөрім, мәнтөрімнен мелитсиям сорақы», «Бассыздық па, батырлық па?», «Аты өшкір Әндіреев», «Ұлы орысшылдық па, жергілікті ұлтшылдық па» деген сын материалдары осы күнге дейін өзінің өміршеңдігін жоғалтпаған тәрізді. Тайшыбаевтың өте-мөте көбірек жазғаны – қандастарының жағдайы, оларды кемсіту, қорлауды көре тұрып, ашына ара түсуі еді. Оның мұндай батылдығы бірте-бірте жинала, қордалана келе, өзіне қарсы оқ болып атылатынын сұңғыла санасымен сезсе де, «ұлы халықтың» өзінің бауырларына көрсетіп отырған әділетсіздіктеріне төзе алмады.

Мақсұт Тайшыбаевтың іскерлігін, пысықтығын, ортақ іске жанының ауыратынын көрсететін бір мысалды жаңа Риддердің іргесін қалаған, кезінде КазЦИК-тің мүшесі болған, Ленин орденді металлург Сатыбалды Бөлегеновтың естелігінен келтіруге болады.

«Түн ішінде біреу келіп, тереземді қатты қағып-қағып жіберді. «Сәке, тез аш!» – дейді. «Кімсің сен?!». «Мен Тайшыбаевпын, редактормын», – дейді. Сыртта жауын екен, үсті су, бірақ өңі жайнап тұр. Жылдам адымдап кіріп, алдыңғы үйдегі орындыққа отыра кетті. «Үйдегілердің мазасын алмайық, есікті жауып қойыңыз», – деп өзі су тиген бетін ақ орамалмен сүртіп алып, келген шаруасын айтты…» Келген шаруасы – ертең Орталықтан үлкен қонақ келіп, жұмысшылармен кеңеспек екен. Бірақ, жергілікті басшылар сорақымыз шығып қалмасын деген қауіппен үлкен адаммен кездесуге өздеріне сенімді адамдарды дайындап қойыпты. Ертең заводты аралағанда, қонақтың алдынан солар ғана шығып танысып, жаттап алған сөздерін сайрамақ екен. 

– Сіз солардың өтірігін шығарыңыз, Сәке, – дейді Тайшыбаев. – Өзіңіз білесіз, жұмысшылардың халі өте ауыр, қазір өндірістік іс те оңып тұрған жоқ. Осы­ның бәрін үлкен басшының алдында жасқанбай айтып берер жұмысшы болса, ортақ іске оның орасан зор пайдасы тиер еді…

– Мен дайын, – дейді Бөлегенов. — Бірақ, қалай, қайтіп жолығуым керек ол кісімен?..

– Оның бәрін мен ұйымдастырамын. Тек ертең таңертең өз пешіңіздің маңайы­нан ұзап кетіп қалмаңыз… 

Тайшыбаев айтқанын орындады. Бөлегенов те үлкен басшының сұрақ­тарына орай облыстағы басшы­лардың кеселінен кокс болмай, үш ай тұрып қалғандарын, жұмысшының ет, балық дегенді көрмейтіндерін, картоп егуге тұқымның жоқтығы сияқ­­ты өндірістегі де, тұрмыстағы да кем­шіліктерді, жауап­сыздықты тегіс жайып салып, Тай­шы­баевша айтқанда, «облысын да, қаласын да сілейтіп салды» (К.Сақабаев «Ал­ғашқы редактор». «Коммунизм туы» 1977.11.01).

Бұл қазір тарихқа айналған оқиға, 1934 жылы С.М. Кировтың Риддерге келуі еді. Осы келістен көп жақсылық күткен кісінің бірі «Жұмысшы» газетінің редакторы Мақсұт Тайшыбаев болатын. Оның сенімі ақталды. Осыдан бастап Риддер шаруашылығы күрт алға басты. Риддер өсіп-өркендеп, аса маңызды Риддер-Рубцовка темір жолы, сол кездегі ең ірі құрылыстың бірі Үлбі су электр станциясы салына бастады. Жұмыс іздеп жан-жактан ағылған халық саны да молая түсті.

Алайда, бесжылдықтар кезеңіндегі аса ірі түсті металлургия орталығы Риддердегі ұлттық жұмысшы табының қалыптасу процесі өте күрделі тарихи жағдайда өтті. Ұлтжанды, сезімтал Мақсұт сияқты журналистің жүрегін, әсіресе, мұндағы қазақтардың жағдайы, олардың көпе-көрнеу шеттетіліп отыруы қатты ауыртты. Қалалық партия комитетінің мүшесі ретінде де, журналист ретінде де ол мұндай бассыздықтарды өткір сынға алып жүрді...

«Жұмысшының» редакторы М. Тай­шыбаевтың мұндай сындары, әрине, көптеген беделді адамдардың «салмағын жеңілдетіп», қандарын қайнатқаны анық. Осындай жекелеген материал­дардан жинала келіп, Риддердегі НКВД бастығы Константиновтың «қара тізі­міндегі» Тайшыбаевтың мойнына қояр айыптар ұлғая түсті. Мұндай ашық айыппен, Мақсұттың соңына шырақ алып түсу 1937 жылғы 19 қаңтарда Риддерде өткізілген қазақ активінің жиналысынан соң ашық жүргізілді.

Соңынан НКВД-ның ұсынысымен арнайы тексеру жүргізген бес адамдық комиссия бұл жиналыс туралы мынадай қорытынды жасады: «Қазақ активін» ұйымдастырушы қалалық партия коми­тетінің бұрынғы екінші хатшысы Қап­сұлтан Сүйіншалин болды. Және бұл актив ең алдымен «ұлыдержавалық шовинизммен» күресу бағытын ұстанды. Мұнда баяндамалар жасаған Мәдалиев (комбинат директорының орынбасары), Сүйіншалин, Толыбаев (қалалық партия комитетінің нұсқаушысы), Тай­шыбаев (барлығы халық жауы) Риддерде қазақтар санының азайып бара жатқандығы, қазақтарға қысым көрсетілуі, олардың біліктілігін өсіруіне мүмкіндік жасалмауы сияқты ұлттар арасына от жағу мақсатын көздеген, әдейі бұрмаланған фактілер, нақты цифр­лар және мысалдармен әңгімеленді» (ШҚО мұрағаты, 130-қор, 17-тізбе, 11-іс).

Бұл жөніндегі шу обкомға, өлкелік комитетке, тіпті, «Правда» газетіне дейін жетті. Осыдан аз ғана уақыттан соң, ақпан айында өткен БК(б)П-ның Өлкелік комитетінің VII пленумы «Ұлтшыл элементтер – контрреволюцияшыл троцкистердің, фашистердің тура одақтасы және жапон империализмінің агенті екендігін әрбір коммунист, әрбір комсомолец пен әрбір еңбекші ұғынуы керек» дегенді шегелей айтып «Қазақтың контрреволюцияшыл ұлтшылдығына және соған қарай ауа жайылған уклондарға қарсы үнемі және мейлінше мықтап күресуге барлық көңілді бөлуді партияның барлық ұйым­дарына» мықтап міндеттеді. Бұл – алдымен жайлап басталған қуғын-сүргін ызғарының бірте-бірте «қызыл қыр­ғынның» бет қаратпастай қара дауылына айнала бастаған кезі еді.

1937 жылдың ақпан-наурыз айларында партияның Орталық Комитетінің атақты Пленумы болып, мұнда «халық жауларын» әшкерелеу мәселесі арнайы қаралды. Жер-жердегі НКВД басқармаларына әрбір тоқсан, әрбір айда қанша «халық жауын» анықтауы тиіс екендігі жөнінде жоспар жасалды… Мұндай жоспар газеттерден де талап етілді. Оның айқын айғағын «Жұмысшы» газетінің Шығыс Қазақстан облысының партиялық бақылау комиссиясына жолдаған мынадай қатынас хатынан көруге болады: «Сіздің сұрауыңыз бойынша, ұлтшылдар туралы «Жұмысшы» газетінің № 2 (5.01.), № 3 (6.01), № 4 (10.01), № 24 (28.11), № 25 (3.03), № 28 (10.03), № 29 (14.03), № 31 (30.03), № 32 (20.03) сандарында басылған материалдарымен бірге редактордың хатын жіберіп отырмыз.

Редактор (қолы) Тайшыбаев.
27.03.37 ж.

Риддер қаласы (ШҚО мұрағаты, 
қор-130, тізбе-17).

Сол кездегі газет тігінділерін ақтарып отырғанда төбе шашың тік тұрады: бү­кіл елді жайлап алған – «сатқындар мен шпиондар». Және шпион болғанда, қан­дай-қайдағы бір шалғай ауылдағы сауатсыз шалдарға дейін – жапон шпионы, тыңшысы, жасырын ұйымдардың мүшесі. Сол байғұстардың көпшілігі тірі жапондықты көрмек түгіл, жер бетінде сондай халықтың барын білді дейсіз бе… Және осылардың барлығын «халық жауы» деп абақтыларға тоғытып жатқанда, халық дегеніміздің өзі кім болғаны деп таң қаласың.

Мақсұт 1937 жылғы 14 мамырда өткен қалалық партия конференциясында қала­лық комитет мүшелігіне өтпеді, тегі – бай, кезінде партия қатарынан шығып қа­лып, Риддерге қашып келіп, «алдап» ре­дактор болған деген желеулер айтылды. «Жығылған үстіне жұдырық», енді, Риддердің «Жұмысшысы» мен оның редакторын өлкелік газеттер жұдырықтың астына алады. 1937 жылғы 6 шілдеде «Со­циалистік Қазақстанда» «Партиялық беті жоқ газет және оның редакторы» деген мақала жарияланады. Одан соң, осы тақылеттес «Поучительная история» деген материал «Казахстанская правдада» жария­ланады. Сол шілде айының соңында «Әшкереленген редактор және оның шашпауын көтерушілер» деп «Социалистік Қазақстан»Тайшыбаевты қайта айналып тағы соғады.

«…Шындық үске шығады. Пар­тия­ның жолы қашан да дұрыс. Сол дұ­рыстық, сөз жоқ, ақтайды… Мені 16 жасымнан партия тәрбиеледі. Ол тәр­биені бір-ақ сілтеп ешкім алып тастай алмайды. Қашан өлгенше партия жолына қастық істеушіге қарсы күресемін. Ешкім мені бөгей де алмайды. Мүмкін сан рет таяқ та жермін, жеп те келдім. Оған көнем. Түбі – менікі дұрыс!» – деп жазды Мақсұт өзінің жоғарыға жолдаған арыздарында.

1937 жылғы 7 шілдеде Риддер қа­лалық партия комитетінің бюро мә­жілісінде Тайшыбаев Мақсұттың (өзінің қатысуынсыз) дербес ісі қаралды. Онда қаладағы «Жұмысшы» қазақ газе­тінің редакторы М. Тайшыбаевқа «антисоветтік» ұлтшылдық элементтермен байланыса отырып, нағыз ұлт­шылдық бағытты жүзеге асырып келді… » деген айып тағылды. 24 шілдеде М.Тайшыбаев қамауға алынды. Оны этаппен алдымен Семейге, одан соң, Алматыдағы НКВД түрмесіне әкеліп қа­майды. Қаңтардан бастап Мақсұттан күніне екі-үш реттен жауап ала бас­таған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұрағатында сақталған құжаттардағы одан жауап алудың уақыттарын көр­генде, әрине, тас қорғанның ішіндегі тергеу конвейерінің «халық жауларын» қа­лайша сүргілегенін көзге елестету қиын емес. 

Өзі ауру, әбден қинау мен азапқа шыдай алмаған Мақсұт ақыры тергеудің дайындап қойған қағазына қолын қойып, тағылған «кінәларын мойнына алады». Қол қойылған соң қиын емес, 1938 жылғы 11-наурызда Тайшыбаев РСФСР қылмыстық Кодексінің әйгілі 58-бабының 2, 7, 8, 11-тармақтары бойынша (2-қарулы көтеріліс әзірлеу; 7-зиянкестік; 8-террористік акт; 11-контрреволюциялық ұйымға қатысу…) айыпталып, кеңінен жайылған антисоветтік ұлтшылдық террористік-көтеріліс және шпиондық-диверсиялық ұйымның мүшесі ретінде ату жазасына кесіледі.

Сол күні Жоғарғы соттың Әскери коллегиясының отырысы ешқандай айыптаушысыз, қорғаушысыз, бір де бір куәгерсіз 15 минуттың ішінде үкімін шығарып, табан астында сол үкімді орындау жөнінде шешім шығарады. Өзінің әлі де жас екендігін ескеріп, «түзелуіне» мүмкіндік берулерін сұраған Мақсұттың соттағы соңғы сөзін ешкім құлағына да ілмеді. Сонымен, Риддердегі «Жұмысшы» газетінің редакторы Мақсұт Тайшыбаев 1938 жылғы 11-наурызда Орынбек Беков, Оразалы Қожанов, Ахмет Төлегенов сынды 44 адамның 41-шісі болып атылады.

Айтмұхамбет Қасымұлы,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив