KZ
Өскемен
+7°
ясно жел 11 м/с, С
443.85 474.3 4.8

Семейдегі облыстық аурухана жаңа технологиялар орталығына айналады

29.05.2019, 03:35 233

Келешекте шығысқазақстандықтар емделу үшін Еуропаның озық клиникаларына ағылмай, керісінше, шетелдіктердің бізге емделуге келетін күн алыс емес. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, өңірдің бірқатар медициналық мекемелерінде қызмет көрсету мен емдеу сапасы әлемдік деңгейге көтеріліп, JCI халықаралық стандартына сай жүргізілетін болады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Онкологиялық және жүрек-қан айналымы жүйесінің аурулары жиі ұшырасатын біздің аймақта алдымен осы бағыттағы емдеу мекемелерін - облыстық аурухана мен облыстық көпсалалы хирургия және онкология орталығын, Семей қаласындағы жедел жәрдем станциясы ауруханасын әлемдік деңгейге сай жарақтандыру туралы шешім қабылданыпты.

Осы мәселеге қатысты облыс әкімі Даниал Ахметовтың қатысуымен өткен жиында
облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ильяс Мұхамеджан Семей жедел жәрдем станциясы ауруханасы жағдайынан хабардар етіп, облыстық ауруханаға жапсарлана салынбақ операция блогының жобасымен таныстырды. Жапсарлана салынатын ғимараттың жалпы аумағы 5536 шаршы метр. Кардиологиялық операция бөлімінің эскизі танымал кардиохирург, Ұлттық ғылыми кардиология орталығының директоры Юрий Пямен келісіліпті.


-Облыстық аурухана жаңа технологиялар орталығына айналуы керек. Ол үшін біз айтарлықтай қаржы құюға да әзірміз, тек соңынан мүлде жаңа дәрежедегі емдеу мекемесі шығуы тиіс. Алдағы үш жылда кардиологиялық науқастардың отаға кезегі болмауы керек, - деді Даниал Ахметов.


Облыстық аурухананың бас дәрігері Жайық Жұмахановтың түсіндіруінше, бізде жоспарланғандай аурухана Қазақстанда әзірге жоқ екен. Қазір әр қабатта шашыраңғы орналасқан операция бөлімдері бірінші қабатқа тоғыстырылып, ол жерге дәрігерлер мен науқастардың кіруі де еуропалық стандартқа сай болуы керек.

–Біздің көпсалалы ауруханаға келіп түскен науқастар тек бір бағытта ғана емес, жарақат болсын, іш құрылысы не болмаса ортопедиялық болсын, әртүрлі бағыттағы жоғары технологиялы оталарды жасата алады. Біздің дәрігерлер қазірдің өзінде күрделілігі 6-7 дәрежелі операцияларды жасай береді. Енді операция блогының жасақталуын еуропалық стандартқа сәйкестендіруіміз керек. Стерильді таза аймақ қалыптастырып, операция бөлмелеріне ламинатталған ауа, яғни қайта тазартылған ауа жібереміз. Заманауи операция блогы салынғанда, біз отадан кейінгі асқынулардан, инфекцияның түсуінен қорықпайтын боламыз. Бүгін талқыланған жобамызды әлі де толықтыра түсеміз, бұл әлі соңғы нұсқа емес, - деді бас дәрігер.

Облыс әкімі жауапты басшыларға облыс орталығындағы ана мен бала орталығының, өңірдегі қатерлі ісіктің таралуын ескере отырып, облыстағы онкологиялық саланың JCI стандартына сәйкестігіне анализ жасауды тапсырды.

-Бұл бізге олардың техникалық жағынан қаншалықты жабдықталғанын және адами капиталының дамуын тиімді бағалауға мүмкіндік береді. Алдағы үш-төрт жылда ауқымды жұмыстарды атқаруға тура келеді. Бұл осыған дейін жүргізілген емдеу мекемелерін медициналық құралдармен жабдықтау және мамандардың біліктіліктерін жетілдіру шараларының заңды жалғасы. Елімізде JCI әлемдік стандартына сай санаулы ғана клиника бар: Ұлттық ғылыми кардиология орталығы, нейрохирургия орталығы , ҚР Президенті Іс басқармасы медициналық орталығы , республикалық ана мен бала орталығы. Келесі біз болуымыз керек, - деді Даниал Ахметов.

Облыс әкімі өңірдің қатерлі ісік аурулары бойынша алда келе жатқанын ескере келе, облыстық көпсалалы хирургия және онкология орталығын да әлемдік стандартқа сай жабдықтау қажеттігін айтты. Осы орайда емдеу орны Қазақстанда теңдесі жоқ екі құрал жабдықпен: лазерлі аспабы бар МРТ құралы және сәулелі терапиямен емдеу үшін қажет соңғы үлгідегі құрал-жабдықпен қамтамасыз етілетін болды. Салалық басқарманың басшысы Ильяс Мұхамеджанның сөзіне қарағанда, МРТ құралы қараша айының аяғында жеткізіліп, тұрғындарға үстіміздегі жылдың желтоқсан айында қызмет көрсете бастайды. Айтыстарына қарағанда, мұндай лазерлі аспабы бар құрал еліміздің бір де бір клиникасында жоқ. Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу интитутында тек осындай үлгідегі МРТ аппараты ғана бар.

-Бұл аппарат тек диагностика жасамай, емдеу үшін де қолданылатын болғандықтан, ең алдымен дәрігерлердің біліктілігін арттыруды естен шығармау керек. Алдағы уақытта мамандар білімдерін ұштау үшін бұрынғыдай үш айға емес, алты айлық және бір жылдық курстарға жіберілуге тиіс, - деп ескертті аймақ басшысы.

Облыстың бас онкологы, орталықтың бас дәрігері Гүлмира Сағидолдинаның сөзіне қарағанда, МРТ онкологияны ерте анықтауға мүмкіндік берсе, лазерлі аспап инвазивті емес әдіс бойынша, қуық асты қатерлі ісігіне, кейбір гинекологиялық ауруларға, сүйек дерттеріне хирургиялық операциялар жасауға мүмкіндік береді. Мұндай құрал Ұлыбритания, Израиль, Германия мен Американың клиникаларында табысты қолданылып келеді. Осы аппаратта жұмыс істейтін мамандарды аспаптың отаны Израильде оқыту жоспарланыпты. отырмыз.

–Бізде сәулелі терапиямен емдеуге қажетті құрал- жабдықтың ескі үлгісі бар, оның уақыты 2020 жылдың қаңтар айында бітеді.Ал жаңа үлгідегі қондырғының артықшылығы – иондалған сәулелену көздері жоқ, сондықтан сапалы емдеуге, науқастың сау органдарына зиян келтірмеуге мүмкіндік береді, келесі жылдың 1-2 тоқсанында қол жеткіземіз, - деп түсіндірді облыстың бас онкологы. Онкология саласын озық технологиялармен жабдықтау мен мамандардың біліктіліктерін үздіксіз жетілдіру өз жемісін беріп те келеді. Қазір қатерлі ісіктерді ерте сатысында анықтау, өмір жасын бес жылға ұзарту көрсеткіші жақсарған.

-Біз әлемдік деңгейге көтерілуіміз керек. Бәлкім үш жыл кетер, қалай да бұл міндетті шешеміз. Нәтижесінде біздің адамдар Оңтүстік Корея мен Германияға емделуге ағылғандарын қояды. Керісінше, бізге шетелден келулері мүмкін, өйткені бізде арзанырақ, - деп сабақтады облыс әкімі.

Даниал Ахметов облыстық ауруханада операция блогын салу кезінде мердігер ұйымдардың өкілдерін JCI халықаралық стандартының талаптарымен таныстыруды тапсырды. Облыстық денсаулық сақтау және облыстық құрылыс басқармаларына құрылыс жұмыстары осы әлемдік стандартқа толық жауап беретіндей, ертең қайтадан жөндемейтіндей жүргізілуі керектігін шегелеп тапсырды. Сонымен қатар облыстық көпсалалы хирургия және онкология орталығының операция блогын қайта құру жұмыстары кезінде де басшылыққа алуды қатаң ескертті.
-Біз жоғарыда аталған үш емдеу мекемесін әлемдік үлгідегі клиникалардың дәрежесіне жеткізуіміз керек. Жаңа стандарттар еңбекақының да жаңаша төленуін талап етеді. Осы жағын ескеру керек. Әлемдік деңгейге шығу үшін дәрігерлердің, орта буын мамандардың, санитардың ментилитеті өзгеріп, мүлде жаңа дәрежеге көтерілуі тиіс. Адамдардың өмірге деген көзқарасы өзгеруі тиіс. Таза бөлменің ортасында жуынды құйылған шелек тұратын болса, ондай жағдай бір медициналық орталықта кездескен, бұдан жақсы ештеңе шықпайды. Бәлкім жақсы емдеп үйренетін де шығармыз. Бірақ мұндай көзқараспен әлемдік деңгейге шыға алмаймыз, - деп қорытындылады Даниал Ахметов.

Joint Commission International (JCI ) немесе Біріккен Халықаралық Комиссия — медицина мекемелеріндегі науқастарға қызмет көрсету сапасы мен олардың қауіпсіздігі ең жоғары деңгейде болуын талап ететін ең ірі халықаралық ұйым. Біріккен Халықаралық Комиссияның аккредитациясы денсаулық сақтау саласында «алтын» стандарт болып саналады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив