KZ
Өскемен
+10°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, С
449.58 486.94 4.86

Чех компаниялары өнеркәсіп саласында әріптестік орнатуға ниеттеніп отыр

28.05.2019, 11:39 98

Өндірісі мен өнеркәсібі қатар дамыған өлке Өскеменге арнайы ат басын бұрған Чех Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Рудольф Гикл жұмыс сапары барысында облыс әкімі Даниал Ахметовпен кездесіп, тау-кен өндірісі және сауда-экономика салаларындағы әріптестік мәселелерін талқылады, – деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

– Біздің ынтымақтастық ниетіміз негізінен қос мемлекет арасындағы экономикалық байланыстарды арттыруға бағытталып отыр. Сіздердің пайдалы қазбаларға бай өңірлеріңіз Қазақстанның ірі өнеркәсіптік орталығы саналатынын жақсы білеміз. Менімен бірге осында бірнеше чехиялық компаниялардың өкілдері келіп отыр. Олар әр түрлі салада, әсіресе негізінен өнеркәсіпте әріптестік орнатуға ниетті, – деді елші мырза.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов мәртебелі меймандарға өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуынан қысқаша таныстыру жасап, Қазақстанның өнеркәсіптік орталығына айналған облыста қазіргі уақытта металлургия, тау-кен өндіру, атом өндірісі саласын дамытудың оң динамикасы қалыптасқанын атап өтті. Оның ішінде біздің аймақ бұған дейін де чехиялық серіктестермен машина жасау, ауылшаруашылығы, қаржы және сақтандыру қызметі салаларында тұрақты қарым-қатынас орнатып үлгерген.

– Бірінші кезекте біздің еліміз Чех Республикасында өндірілетін ауылшаруашылық өнімдерін көп тұтынушылардың бірі екендігін атаған орынды. Мысалы, шығысқазақстандық фермерлер соңғы уақыттарда Сіздің елде өсірілген ірі қара малдың симменталь тұқымын әкеліп, осында өсіруге қызығушылық танытып жатыр. Олар қызғылт-шұбар тұқымның өнімділігін жоғары бағалап отыр, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Сонымен қатар біздің өңірдің туристік әлеуеті зор екендігін, алайда тиісті деңгейде игерілмей жатқандығын атаған облыс әкімі екі жақты әріптестіктің аясында саланың дамуына жаңа серпін беруге болатындығына да тоқталды.
Өз кезегінде чехиялық кәсіпкерлер Шығыс Қазақстанда аграрлық салада орнаған байланысты нығайта түсуге, өңірге жаңа технологияларды, тау-кен өндірісі жабдықтарын жеткізуге ниетті екендіктерін жеткізді.

Сондай-ақ кездесу барысында Рудольф Гикл азаматтық авиация саласында да бірлескен жұмыстарды қолға алуға болатындығын атап, аймаққа ультра жеңіл ұшақтарды әкелуге, көшелік жарықтандыруға және трамвай көлігіне қатысты ортақ жобаларды іске асыруға болатындығын ортаға салды.

– Біз тау-металлургия кешенінде, машина жасауда, тағам өнеркәсібінде және ауылшаруашылығында қажетті мүмкіндіктерді ұсынуға әзірміз. Сіздер ұсынған өзге де жобаларды тиянақты қарастыруға және және ары қарайғы серіктестік қарым-қатынасты да талқылауға әзірміз, – деді кездесу барысында облыс әкімі Даниал Ахметов.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив