Мұхтар Төлеген: «Бүгін еліміздің болашағы үшін маңызды күн»

Мұхтар Төлеген, С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры, профессор, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты:
"Бүгін еліміздің болашағы үшін маңызды күн. Ата Заңымызға өзгерістер енгізу бойынша жалпыұлттық референдум басталды. Ел көлеміндегі ауқымды науқан тарихымыздағы елеулі оқиға екенін айта өткен жөн. Конституциялық реформаның басты мақсаты – демократияны нығайта отырып, әр азаматтың мемлекеттік маңызды істерге араласуына жол ашу. Сол себепті, Ата Заңымыз сіз бен біздің ортақ талқымыздан өтіп, оған қоғам талап еткен нақты өзгерістер енгізілмек. Біз өз тарапымыздан жастарға мейлінше референдум маңыздылығын белсенді түрде түсіндірдік. Өткен жиындардан байқағаным, жалпы біздің қоғам өзгерістердің негізгі бағыттарын оң қабылдап отыр. Әсіресе, жастарымыз белсенді. Олардың саяси сауатты болып, ел ертеңіне алаңдауы аса маңызды.
Халық өз тағдырын өзі шешетіндей болуы үшін мемлекеттің ісін барлық өлшем бойынша өзі айқындайтын жағдай жасау үшін референдум өтіп жатыр. Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар біздің қоғамның маңызды саяси трансформациясын іске асыруда өте маңызды рөл атқарады".