KZ
Өскемен
+12°
пасмурно жел 7 м/с, ОБ
448.15 483.46 4.86

Жазғы лагерьлер туралы. Өскеменнің оқушылары қалай демалады?

23.05.2019, 06:15 238

Өскемен қаласының оқушылары жазғы демалыс лагерімен қаншалықты қамтылған? Лагерьлер балаларды қабылдауға дайын ба? Көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына қандай жеңілдіктер қарастырылған? Осы мәселелер Өскемен қаласы әкімдігінің кезекті отырысына арқау болды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Жиында айтылғандай, Өскеменде биылғы оқу жылындағы балалар саны 35 мыңнан асады. Бұл былтырғы көрсеткіштен 1749 балаға көп.

- Сауықтыру, демалыс, туризм бағытындағы жазғы демалысты ұйымдастыру кезінде қоғамдық пайдалы істерге, спорттық-мәдени шараларға айрықша көңіл бөлінеді,-дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Айтпаева.
Биыл жазда 43 мектеп жанындағы лагерьлер 1787 оқушыны қамтиды. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдер клубтары базасында 11 алаң жұмыс істейді. Бұл былтырғымен салыстырғанда бес алаңға көп. Алтай ауданындағы «Жігер» және Ұлан ауданындағы «Алыс паруса» демалыс лагерьлерінің ашылуына да санаулы күндер ғана қалды. Өскемен қаласының әкімдігіне қарасты аталған екі лагерьде 1300 бала демалады. Оның ішінде көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың 434 баласы тегін жолдамамен қамтылады.

«Дара» қайырымдылық қорының қолдауымен қаладағы зағип балалар мен тірек-қимыл аппараты бұзылған мүмкіндігі шектеулі балалар үшін де демалыс ұйымдастырылады. Айталық, медициналық-әлеуметтік мекемелерде, интернаттар базасында, «Ғажайыптар елі», «Жарқын болашақ» қоғамдық ұйымдарында жазғы алаңдар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. 600 бала психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттеріндегі жазғы алаңдарда уақыттарын тиімді өткізсе, 4750 бала ата-анасымен бірге демалыс базаларында және санаторийде демалады.

Жазғы үш айдың ішінде қаладағы барлық оқушылар үшін балалар мен жасөспірімдер клубтары арнайы кесте бойынша эстетикалық, спорттық және туристік-өлкетану сияқты түрлі бағыттағы 600-ден астам іс-шара өткізеді.
Балалар жазғы демалысын қызықты өткізуі үшін жаңа жобалар да енгізілді. Мәселен, оқушылардың шығармашылық үйінде «Күншуақты жаз» алаңы ашылады. Аталған жоба 7-12 жас аралығындағы балаларға арналған.

Өскемен, Катонқарағай, Баянауыл қалаларының оқушылар тобымен алмасу жағы да қарастырылыпты. Ал 30 маусым - 3 шілде аралығында «Планета Жас Ұлан» көшбасшылардың көшпелі мектебі «Жігер» демалыс лагеріне барады. Аталған іс-шараға 8-11 сыныптарда оқитын, «Жас ұлан» қалалық комитетінің өкілдерінен құралған жүз бала қатысады. Көшпелі мектеп Өскеменде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.

Балалардың жазғы демалысына қалалық бюджеттен 24 миллион 537 мың теңге бөлінген. Оның 11 миллион 739 мың теңгесі – мектеп жанындағы лагерьлерге, 12 миллион 798 мың теңге қаржысы - әлеуметтік осал топтағы (қамқорлыққа алынған және жетім балалар) балалардың демалысына арналған. Көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына да биыл айрықша көңіл бөлінеді. Аталған санаттағы 5683 мектеп жасындағы балалар «Жігер», «Алые паруса», «Дарын», «Зоя Космодемьянская», Алматыдағы «Бөбек» ұлттық оқу-сауықтыру орталығы, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру лагері, сонымен қатар Күршім, Зайсан, Үржар аудандарындағы қазақ және ағылшын тілдері бағытындағы лагерьлерде демалады. Сонымен қатар, өздерінің шақыртуымен және күтіп алушылардың есебінен Италияның Чезенатико қаласындағы халықаралық лагерьге де демалыс ұйымдастырылады. Көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына жазғы лагерьлерге жолдама алып беретін меценаттар мен демеушілерді тарту жұмыстары да жүргізіліп жатыр.

Барлық лагерьлерде еріктілер қоғалысын дамытуға да көңіл бөлінеді. Студенттер түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға, балалардың тіл үйретуіне көмектеседі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив