KZ
Өскемен
+6°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, ОШ
448.15 483.46 4.86

Тоқаев: Адамның еңбегіне лайықты жалақы төленуі керек

26.04.2019, 14:00 105

Қасым-Жомарт Тоқаев Өскемендегі облыс активімен болған басқосу барысында өзіне қарата айтылған жылы лебіздер мен ыстық пейілдер үшін ақжарма алғысын жеткізді. Президент Елбасының әлемдік дәрежедегі тарихи рөліне ерекше атап, оның жаңа тұрпаттағы қазақ мемлекеттілігін құрудағы орасан зор еңбегіне тоқталып өтті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

– Еліміз тәуелсіздігін енді жариялаған 90-шы жылдардың басында сол кездегі белді әлемдік саясаттанушылардың Қазақстанның келешегіне күмәнмен қарағаны жасырын емес. Десек те, өмірдің өзі көрсетіп тұрғандай, Тұңғыш Президенттің сарабдал саясаты мен қажыр-қайраты, көрегендігі арқасында еліміз барлық өтпелі кезеңнің қиыңдықтарын еңсеріп, өркендеудің даңғыл жолына түсті. Бүгінде Қазақстан – табысты ел. Бір ғана бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша еліміз әлем бойынша 28-ші орынды иеленеді. Өзге де көрсеткіштер жөнінен Қазақстан басқалардан көш алда. Осы ретте Елбасының еңбегін ескермеске болмайды, – деген Мемлекет басшысы «Болашақ» бағдарламасы арқылы көптеген қазақ жастарының шетелде сапалы білім алғанын мақтанышпен атап өтті. Бұл да Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы болатын.

Бүгінде қазақстандық өрендер шетелдің көптеген алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алуда. Қасым-Жомарт Тоқаев солтүстік көршімізде 70 мың Қазақстан жастары оқып жүргенін, оның ішінде 30 мыңы ресейлік гранттар арқылы білім алып жатқанын атап көрсетті. Ол Мәскеуге сапарында Ресей президенті Владимир Путинге осы қамқорлығы үшін алғыс айтқанын да айтып өтті.

– Екі жыл бұрын Қытайдың Чжаньцзян қаласында студенттерге дәріс оқудың сәті бұйырды. Сол кезде аталмыш университетте 30 шақты қазақ студентінң бар екенін біліп, ерекше қуандым. Озық білім ордаларында біліммен қаруланған осы жастарымыз ертең елге оралып, Отанымыздың өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосары сөзсіз. Осы ретте айырықша атап өткім келетіні, бүгінгі заманда ең басты байлық – білім, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.

Президент, сондай-ақ, қазіргі қоғамдағы еңбектің және еңбек адамдарының рөліне де ерекше тоқталды.

– Кез келген еңбек құрметке лайық. Шынын айту керек, бізде халқымыз жалқау деген бір қате пікір қалыптасқан. Олай емес, қазақстандықтар еңбекқорлығы жағынан қытай мен кәрісті артта қалдырады, тек ол үшін еңбек етуге жағдай жасалып, сол еңбек әділ бағалануы тиіс, яғни оған лайықты жалақы төленуі қажет, – деп түсіндірді Президент.   

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив