"Апта сайын есеп тыңдаймын" Даниал Ахметов әкімдерге тапсырма жүктеді

Облыс әкімі Даниал Ахметов алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесі бойынша қала және аудан әкімдерімен, басқарма басшыларымен кеңес өткізді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Бұған дейін Өскемен қаласының әкімі бірқатар шағымдар мен ескертулер алған болатын. Сондай-ақ шұғыл түрде Риддер ЖЭО-мен жұмыс істеуге тура келді, мұндай жағдай қайталанбауы тиіс. Әрбір әкімге көмірді жеткізу, жөнелту мерзімдері мен отын мөлшері ескерілетін барынша нақты кесте жасауды тапсырдым. Сондай-ақ, сату нүктелерінің жұмысын тексеру және осы тізбектен алыпсатарларды (әсіресе шалғай аудандарға қатысты) алып тастау қажет, – деп жазды облыс әкімі әлеуметтік желідегі парақшасына.
Әкімнің айтуынша, 1 тамызға қарай әлеуметтік нысандарда көмірдің жүз пайыздық қоры болуға тиіс, ал 1 қыркүйекке қарай қалалар мен аудандардың жылумен жабдықтау жүйелеріндегі барлық жөндеу жұмыстарын аяқтау қажет.
– Тағы бір маңызды мәселе – жылу беру деңгейі. Атқарылған жұмыстар бойынша есептерді апта сайын тыңдайтын боламын, 15 қыркүйекке қарай өңірдің барлық нысандарында 2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымына әзірлік паспорттары болуы тиіс, – деді Даниал Ахметов.