100 дәрігер шетелге оқуға жіберіледі – ШҚО

Биыл ШҚО-ның тағы 100 дәрігер маманы шетелге оқу жіберіледі. Бұл туралы аймақ басшысы Даниал Ахметовтің қатысуымен өткен Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы барысында айтылды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Жиын барысында облыс әкімі әлеуметтік салалардың дамуына назар аударды: білім саласы, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету саласы.
Әкімнің айтуынша, соңғы бес бес жылда Шығыс Қазақстанның денсаулық сақтау саласына үлкен қаражат құйылып, бұл өз кезегінде жақсы нәтиже көрсеткен. Дәрігерлердің құзыреті сатып алынған заманауи техниканың деңгейіне сай келуі үшін аймақтағы бес мың дәрігер біліктілігін арттырып отыр, оның ішінде 341 маман Еуропада оқыды. Биыл тағы 100 маман шетелге оқуға жіберілмек.
Әкім білім саласындағы бірқатар мәселелерге тоқталып өтті. Аймақтағы қазақ тілі пәні мұғалімдерінің 49%-ның, орыс тілі пәні мұғалімдерінің 28%-ның білім деңгейі төмен екен. Ағылшын тілі пәні бойынша да ұқсас жағдай. Сондықтан ақпан айынан бастап бұл педагогтар өз деңгейін көтеретін болады.
Даниал Ахметов соңғы төрт жылда облыста көпбалалы аналарға екі мыңнан астам баспана берілгенін айтты.
Жеті жыл ішінде Семей қаласына 200 миллиард теңге инвестиция салынған екен.
- Бұл қаражат әуежайды қайта құруға, су құбырлары мен кәріз дюкерлерін жаңартуға, жол жұмыстарына жұмсалды. Сондай-ақ бірқатар мәдени нысандар бой көтерді, - дейді облыс әкімі.
Әкімнің айтуынша, Семейде 60 шақырым жол жөнделмек. Мұндай ауқымды жөндеу жұмыстары облыс орталығы Өскемен қаласында да жүргізілмеген.