Ластанған жерлерді тиімді басқару мақсатында Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру ұсынылады - министр

Мәжілістің жалпы отырысында «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
- 2008 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі аралықта Ұлттық ядролық орталық полигон аумағының 100 пайызын тексеріп, 2 миллионнан астам өлшеу жүргізді және топырақтың 5000-ға жуық үлгісіне талдау жасады. Биыл тексеру материалдары мемлекеттік экологиялық сараптамаға жіберілетін болады, содан кейін полигонның шартты таза және нормативтен тыс ластанған жерлерінің шекаралары айқындалатын болады. Олардың болжамды ауданы сәйкесінше 8900 км2 және 9400 км2 құрайды. Бұған дейін айтылғандай, ластанған жерлерді тиімді басқару мақсатында олардың аумағында Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру ұсынылады, - деді ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов.
Оның айтуынша, заң жобасында уәкілетті ұйымға құрылатын аймақтың аумағында ядролық қаруды таратпау режимін қамтамасыз ету, радиоактивті ластанған жерлерді оңалту және олардың қауіптілігін төмендету, тарихи радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу әрі радиоактивті ластану деңгейін мониторингілеу функцияларын беру ұсынылады.
Ядролық қауіпсіздік аймағының шегінде заң жобасында көзделмеген қызметті жүзеге асыруға тыйым салу енгізіледі.
Бұл радиоактивті қалдықтардың мамандандырылған аймақтан тыс жерлерге таралуына жол бермеуге және соның салдарынан халықтың сәулелену мүмкіндігін болдырмауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Семей ядролық қауіпсіздік аймағы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды.
Бұған дейін министр бұрынғы Семей полигоны маңында ластанған және таза аумақтардың аражігі ажыратылмағандықтан, жарамды жерлердің едәуір бөлігі пайдаланусыз қалып отырғанын айтқан болатын.