Өскемен
-29°
плотный туман ветер 1 м/с, В
468.9 485.64 7.7

Бас прокуратура жалған ақпарат таратуға қатысты үндеу жолдады

26.09.2022, 18:17 4 0 Мадина Амангелдіқызы
ҚР Бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев үндеу жолдап, жалған ақпарат тарату заңмен қудаланатынын ескертті. Айтуынша, отандық ақпараттық кеңістікте және әртүрлі әлеуметтік медиада түрлі тақырыптар бойынша көрінеу жалған ақпарат тарату жағдайлары жиілеп кеткен, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

"Бұл ретте олар жекелеген блогерлердің арандатушылық мәлімдемелерімен және әлеуметтік желілер пайдаланушыларының ұлттық алауыздықты тудыратын белгілері бар комментарийлерімен бірге жүреді. Нақты азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, сондай-ақ бірқатар танымал адамдарды ұстау және қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы жалған хабарламалар жариялануда. Мұндай фейктік мәліметтер қоғамдық жалған пікірді қалыптастырып ғана қоймай, сонымен бірге қоғамдық тәртіпке де теріс әсер етуі әбден мүмкін", - дейді Жандос Өмірәлиев.


Оның сөзінше, осындай шынайлыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратуды көбіне блогерлер қасақана, өздерінің және үшінші тұлғалардың мүдделері үшін жүзеге асырады.


"Олардың мақсаты – жеке пайда табу және бопсалау арқылы материалдық табыс көру. Көрсетілген ұлттық алауыздықты қоздыруға, қорқытып алуға, көрінеу жалған ақпарат таратуға бағытталған іс-әрекеттер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174, 194 және 274-баптары бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады", - деп ескертті ҚР Бас прокурорының орынбасары.


Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы ел азаматтарын, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін, әлеуметтік желілердің пайдаланушыларын заңнаманы бұлжытпай сақтауға және жоғарыда келтірілген кез келген құқық бұзушылықтардың жасалуына жол бермеуге, арандатушылыққа бой бермеуге және тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырады.

Біздің Instagram-ға жазылыңыз

Жаңалықтарды жылдамырақ көріңіз

Жазылу

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив