Қант бағасын көтерген кәсіпкерлерге шара қолданылады – Сауда комитеті

Қанттың бағасын себепсіз көтерген кәсіпкерлерге шара қолданылады. Бұл туралы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу туралы баспасөз-конференциясында ҚР Сауда және интеграция министрлігі сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев айтты.
«Қантқа сұраныс көбейген сайын қант бағасы өсуде. Соңғы мәліметтер бойынша бес күннің ішінде Магнум сауда орталықтарының желісінде 540-550 тонна қант сатылған. Бұрын бес күнде орта есеппен 170 тонна сатылатын. Қант бағасы сол себепті өсті. Жергілікті органдар Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп бағаны себепсіз көтерген кәсіпкерлерді тексеріп, тиісті шаралар қолдана алады. Осы аталған шаралар қабылданған соң баға тұрақтауы мүмкін», – деді сауда комитетінің төрағасы.