KZ
Өскемен
-7°
ясно жел 1 м/с, С
443.85 474.3 4.8

«Gap year» деген не? немесе америкалық жастар мамандықты қалай таңдайды?

9.04.2019, 08:33 203

Америкада мектеп бітірушілерге қатысты «gap year» деген ұғым бар. «Gap» – үзіліс, «уear» – жылға тең уақыт өлшемі. Түлектер мамандық таңдау үшін бір жыл үзіліс алады. Біздегідей мәжбүрліктен емес, өз еркімен іздену ниетімен.

Бұл жерде «мәжбүрліктен» деп айтуымыздың себебі белгілі. Ұлттық бірыңғай тестілеуден аз ұпай жинаған түлектер колледж, университеттің грантына іліне алмайды. Олардың бір бөлігінде ақы төлеп оқуға мүмкіндік жоқ. Ал қатар-құрбыдан кейіндеп, осылай бір жыл оқудан шеттеп қалудың психологияға қалай әсер ететіні – өз алдына бөлек мәселе. Біздің «gap year-дің» жағдайы солай болып тұр.

 

Өткенде Өскемендегі политехникалық колледжде жарыссөз өтті. Жастар жылы қарсаңында Өскемен мен Семейдің студент, оқушылары бірсыпыра мәселенің төңірегінде пікір салысты. Біз қозғап отырған тақырыпты да қузады. Сонда гуманитарлық колледждің студенті Зарина Ғинаятова елімізге «gap year» жүйесін енгізу керектігін тәптіштеп түсіндіріп еді.

«Gap year», яғни демалыс алған түлек бір жылды текке өткізбейді. Айлық курстарға барады. Университетпен қарым-қатынаста болады. Түрлі мамандық иелерімен әңгімелесіп, «мен кіммін?», «не нәрсеге қол жеткізуім керек?» деген сұрақтарға жауап іздейді. Тіпті өзі армандаған жұмыстарды істеп те көреді. Дүдамал күйден арылады.

 

Пікірталас алаңында алуан пікір айтылады ғой. Сонда «gap year-дың» елімізге түк қажеті жоқ» деген қарсы тараптың да айтар уәжі болды. «Біріншіден, баланың үзіліс уақытын тиімді пайдаланатынына кепілдік қайда? Мектеп кезінде-ақ емтиханға бір күн қалғанда дайындалып жүргендердің оқуға деген ынтасы мүлде жоғалады. Не болмаса олар ақша табу үшін қара жұмыс істеп, сонда өмір бойы байланып қалуы ғажап емес. Ол ол ма, бос уақытта «көгал қуып, гөлайттап», жаман жолға түсіп кететіндер де кездеседі. Ал қылмысқа барса, жауапкершілікті кім мойынына алады? Екіншіден, қыздар жағы тұрмысқа шығып кетуі мүмкін. Одан кейін оқуды жалғастыра ма, жоқ па – белгісіз».

 

Бұл пікірді Зарина нағыз жалқауларға тән деп бағалады. Болашағына алаңдайтын кез келген жан алған үзілісіне немқұрайды қарамайды. Оның үстіне үзілістегі түлектердің іс-әрекетін мемлекет бақылап отырады.

– ҰБТ мен емтиханның арасы – көзді ашып-жұмғанша. Таңдау жасап үлгермеген түлектерге мұндайда «gap year» көмектеседі. Сонда олар болашақта мол ақша табамын деген немесе грантқа түсуге болатын кез келген мамандыққа тапсыра салмайды. Кейін көңілі сүймейтін қызметке орналасып, өмір бойы өзін «бақытсызбын» деп іштей мүжімейді, – деген Зарина. – Асығыстықпен түскен оқуын аяқтамай, төлеген ақшасын желге ұшырғандай болғандар бар арамызда.

 

... Америкада мектеп бітіргендердің кейбірі мамандық таңдау үшін бір жыл көлемінде үзіліс алады. Өздері «gap year» деп атайды. Иә, соған ұқсас ұғым бізде де бар. Тек соны «мәжбүрлі түрде» деген бейресми атынан арылтып, жүйені біздің елге енгізсе қалай болар еді?

Әзірге елімізде мамандықты жаңылмай таңдағысы келген жастар оқу-өндірістік комбинатқа (өздері «УПК» деп атайды) барып жүрген көрінеді. Онда оқумен қатар іс-тәжірибеден де өтеді екен.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив