KZ
Өскемен
+23°
переменная облачность жел 4 м/с, З
447.4 477.55 4.76

1 сәуірден бастап әлеуметтік жәрдемақы қалай өзгереді?

14.03.2019, 11:06 336

"Нұр Отан" партиясының кезекті  съезінде  Елбасы Үкіметке  халықтың әл-ауқатын көтеру бойынша бірқатар нақты тапсырма беріп,  әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, сондай-ақ атаулы көмек алып отырған көпбалалы отбасылардың әр баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырған болатын. Бұл мәселе қоғамның қызу талқысына түсіп, ол көмектің кімге және қалай берілетіндігі  төңірегінде пікірталас  туындап жатты. Жуықта  облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы мұндай көлемдегі жәрдемақыны кімдер алатындығы және оның қалай есептелетіндігі жөнінде  түсінік берді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

 

                       21 мың теңге кімге бұйырады?

 

 Басқарма басшысының  міндетін атқарушы Тимур Жигитаевтың айтуынша, осы жылдың 1 сәуірінен бастап,  атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға жәрдемақы төлеу тәртібі өзгереді. Аталмыш көмек тек осы санатқа жатқызылатындарға көрсетілетіндігін атап өткен жөн. 

 

- Осы уақытқа дейін атаулы көмекті бір адамға шаққанда табысы күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан, бүгінгі күні  күнкөріс деңгейінің төменгі шегі 29698 теңге десек, 14 849 теңгеден аспайтын отбасыларға төленіп келді. Аталмыш көмек алатын отбасының әр мүшесі орташа алғанда  4834 теңге алып келді.  Енді аталған көрсеткіш 70 пайызға - 20 789 теңгеге дейін көтеріліп отыр. Демек, отбасының жалпы табысын әрбір адамға бөлгенде ақшаның сомасы күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, яғни  20 789 теңгеге жетпесе, отбасындағы  әр балаға 20789  мың теңгенің жәрдемақысы беріледі. Ал ата-анасына  әр мүшесіне шаққанда табыс күнкөріс деңгейінен төмен болса, айырмашылық 10 мың теңге бола ма, 7 мың теңге бола ма, сол сома қосымша төленеді, - деп түсіндірді Тимур Жигитаев.

 

    Жалпы, осы атаулы әлеуметтік көмекті кімдер ала алады деген сұрақ туындайды мұндайда. Басқармадағылардың айтуынша, елімізде бұл көмек толық, толық емес, көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты, жағдайы төмен адамдарға, жұмыс істеуге жарамды, бірақ күтімді қажет ететін мүгедек немесе қарт кісіге қарап отырған адамға, тіпті, екі ай бойы денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыз жандарға  тағайындалады екен.  Демек, отбасылық табысты бөлгенде әр адамға 14 849 теңгеден төмен шықса, осы көмек түрін алуға құжат тапсыруыңызға болады. Бұл сома 1 сәуірден бастап 20 789 теңгеге дейін көтерілгендігін де ескеріңіз.  Мысалы,   егер үйде екі адам болса, табысыңыз 41 578 теңгеден  (20 789 теңге х 2)  аз болса, атаулы көмек алуға құқығыңыз бар.

 

   Ал егер  отбасылық табыс – 160 000 теңге, төрт баланың ата-анасы болсаңыз, 160 000 : 6 = 26666, сонда әр адам басына 26 666 теңге шығады. Мұндай жағдайда атаулы әлеуметтік көмек алу құқығы  берілмейді.

 

                              Жаңа әдістің арифметикасы 

 

1 сәуірден бастап енгізілетін атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тәртібі осы көмекке мұқтаж отбасының қаржылық жағдайына қалай әсер ететіндігін есептеп  көрелік. Оқырмандарға түсінікті болу үшін атаулы әлеуметтік көмек алатын бес адамнан тұратын отбасының кірісін мысалға алдық.

 

Төрт баласын жалғыз тәрбиелеп  отырған Арна Мұхаметжанованың тапқан табысы отбасындағы әр адамға шаққанда күнкөріс деңгейінен төмен болғандықтан, мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек ретіндегі жәрдемақы алады. Баласының үлкені студент болса, кенжесі 5 жаста. Оның еден жуып табатын айлық табысы -42500 теңге.  20 жастағы студент ұлының 16800 теңге стипендиясы бар. Қазіргі күні ұлының шәкіртақысы да жанұяның табысы ретінде есептеліп, бұл отбасының айлық табысы: 42500+16800=59300 теңгені құрап отыр. Бұл соманы жан басына шаққанда  әр адамға  59300: 5=11860 теңгеден айналады. Күнкөріс деңгейінің төменгі минимумы 14849 теңге десек, оған 2989 теңге жетпей тұр. Демек, бұл отбасының әр адамы 2989 теңге көлеміндегі  атаулы әлеуметтік көмек алып отыр. Бес адамның жәрдемақысын қосқанда  оның жалпы сомасы -14594 теңге. Атаулы әлеуметтік көмекті есептеудің жаңа тәртібі енгізілген соң бұл отбасы 14594 теңгенің орнына 95445 теңге алатын болады екен.  Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа механизмін түсіндіру үшін Арна Мұхаметжанованың 1 сәуірге дейін алып келген жәрдемақысы мен одан кейінгі жәрдемақысы қалай өсетіндігін салыстырмалы түрде есептеп көрейік.

 

 2019 жылдың 1 сәуіріне дейін  - 2019 жылдың 1 сәуірінен  кейін

 

Отбасының жалпы және жан басына шаққандағы табысы: Анасының жалақысы 42500 + ұлының стипендиясы 16800=59300:5=11860

 

 Анасының жалақысы- 42500. Стипендия есептелмейді.

 

42500:5=8500

 

Кедейлік шегі  14849 теңге (күнкөріс минимумының 50%) 20789 теңге (күнкөріс минимумының 70%)

 

 

Анасы алатын АӘК  14849-11860=2989теңге  20789-8500=12289теңге

 

 

Үлкен ұлы алатын АӘК  2989 теңге  20789 теңге

 

2-ші бала алатын АӘК 2989 теңге 20789 теңге

 

3-ші бала алатын АӘК  2989 теңге 20789 теңге

 

4-ші балаға АӘК  2989 теңге 20789 теңге

 

Жалпы АӘК  2989 теңге x 5 адам= 14945 теңге 12289теңге+(20789 х 4 бала)=95445 теңге

 

Отбасының жалпы табысы : 42500+16800+14945=74245 теңге 42500+16800+95445=154745 теңге

 

                 

                  Өзге кірістер  табыс болып санала ма? 

 

Осылайша,  жылдың 1 сәуірінен  бастап бұл отбасы алып отырған атаулы әлеуметтік көмек 14945 теңгеден 80500 теңгеге артып , 95445 теңгені құрайтын болады.  Демек, 6,4 есе өседі. Бұл өсімге не әсер етті?

 

  Біріншіден, Мұхаметжановтар отбасының әр мүшесі жалпы табыстың жан басына шаққандағы көлемі мен кедейлік шегінің 50 пайызының айырмасын алып келді. Ол сома бәріне ортақ-2989 теңге болатын. Енді жалпы табыс пен күнкөріс деңгейінің минимумының айырмасын тек анасы алатын болады. Жаңа механизм бойынша баласының  стипендиясы табысқа енгізілмейтін болғандықтан, оның табысы мен күнкөріс деңгейінің минимумының айырмасы 12289 теңгені құрады.

 

Екіншіден, отбасындағы әр бала белгіленген тұрақты сома -20789 теңге алатын болады.

 

Үшіншіден, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін шәкіртақы, көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы (10500 теңге), көп балалы аналардың  «Алтын алқа», «Күміс алқа»  үшін алып келген жәрдемақысы (16160 теңге), мүгедек бала алатын жәрдемақы отбасының жалпы табысына кірмейтін болады.

 

Ал    атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін отбасының жалпы табысын есептеу кезінде толық отбасы болса, екі ата-ананың  жалақысы есептеледі, егер сіздің жалақыдан бөлек табысыңыз болса, мысалы,  шаруашылық, ол жергілікті әкімдіктің шешімімен есепке алынады. Алимент, демеушілік, материалдық көмек те табыс ретінде есепке алынады.

 

- Сондай-ақ  атаулы әлеуметтік көмек тағайындау процедурасы да жеңілдейтін болады. Бұрын бұл көмекті алу үшін бір бума қағаз жинаған болсаңыз, 1 сәуірден бастап тек бір құжат-жеке басыңызды кәуландыратан төлқұжатыңыз ғана қажет. Отбасы  туралы барлық мәліметтер «Е-Халық» ақпараттық жүйесіне  енгізілген,-дейді Тимур Жигитаев.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив