KZ
Өскемен
+10°
ясно жел 9 м/с, С
443.85 474.3 4.8

Юрий ПЯ, белгілі кардиохирург: «Бала кезімде ғарышкер болуды армандап едім»

14.03.2019, 08:31 187

Хирург-диджей, хирург-полиглот, қыстыгүні өзі басқаратын Ұлттық кардиохирургиялық орталықтың ауласын қардан тазалап, көктемде гүл егетін басшы.  Бұл  - белгілі қазақстандық кардиохирург Юрий Пяның адамдық қасиеттерінің бір қыры ғана. Танымал дәрігердің есімі аталғанда ең алдымен ауызға « тұңғыш рет» сөз тіркесі түседі. Тек елімізде ғана емес, тіпті әлемде тұңғыш рет жасаған оталары бар. Бір қызығы, аты аңызға айналған ғалым-кардиохирургтің дәрігерлік мамандығын таңдауына ата-анасы ықпал еткен көрінеді. Ал бозбала Юрий болса, жетпісінші жылдардағы әр жеткіншек сияқты ғарышкер немесе инженер болуды армандаған.

 

Техникалық мамандықты меңгеруді қалағаны соншалықты, физика-техникалық институтқа түсуге үш жыл қатарынан талпынғанымен, түсе алмайды.

 

-Ол жердегі профессорлардың мен туралы ойлары басқа болған сияқты, - дейді Юрий Владимировичтің өзі әзіл-шыны аралас. – Біздің әулетте дәрігер болып көрмеген, оның үстіне маған жандары ашыды ма, әйтеуір әке-шешем медициналық институтқа баруыма кеңес берді. Төртінші жылы Н.Пирогов атындағы №2 Мәскеу мемлекеттік медициналық институтына бірден қабылдандым.

 

-Қолы алтын кардиохирург болу сіздің пешенеңізге жазылған болып тұр ғой ендеше. Сізді табанды жан деуге болады.

 

-Бұл - тек маған, не медицинаға ғана қатысты емес. Әдетте қолың әрең жеткен нәрсені қатты бағалайсың. Мысалы, Эверест шыңын алсақ. Осы тауды бағындырамыз деп қаншама альпинист мерт болды. Соған қарамастан сол биікті мойындатқысы келетіндердің қарасы азаймайды. Медицинаның да өз шыңы бар, сен соған ұмтыласың.

 

-Юрий Владимирович, сіздің шетелде жұмыс істегеніңізді білеміз. Қазақстанға қайтып келгеніңізге өкінген жоқсыз ба?

 

-Мен Қазақстанда туып-өстім, орта мектепті осында аяқтадым. Ресейде жоғары оқу орнын тәмамдаған соң,  жолдамамен Қырғызстанда жұмыс істедім. Кеңес Одағы ыдыраған кезде Түркияға кетіп қалдым. Тура он жылдан кейін Қазақстанның дәмі қайта тартып, елге оралдым. Сенсеңіз, шетелде  жұмыс істеп жүргенде үнемі менің орным басқа жақта сияқты сезімде жүретінмін. Ол жерде  өзімді жұмысы дұрыс жолға қойылған алып бір машинаның кішкентай ғана бөлшегі сияқты сезіндім.   Іштей туған жерге оралуым керектігін, отандастарым үшін әлдеқайда пайдалырақ екенімді түсінетінмін, білімімнің шапағатын жерлестеріме тигізсем деген сезім болғаны рас.

 

-Ішкі түйсігіңіз сізді алдамапты. Ал қазір медицина саласында бас айналатындай табыстарға жеттіңіз. Үнемі бірінші болудың салмағы да ауыр шығар?

 

-Тек хирургтар емес, кез келген адам өз мамандығын таңдаған кезде алдына үлкен мақсаттар қояды. Ешкімде болмаған табысқа жетсем деп армандайды. Мұндай жандар көшбасшы болуға талпынады. Әрине, топ бастаған серкелердің жолы жеңіл емес, ол - заңдылық. Ал операция жасайтын хирург үшін мамандығы, ең алдымен, үлкен жауапкершілікті жүктейді. Өйткені, операция үстеліндегі пациент өзінің ең қымбаттысы – өмірін саған сеніп, тапсырып тұр. Міне, ең салмағы ауыр жүк осы дер едім.

 

-Операция алдында өзіңіз сенетін ырым немесе сақтайтын жоралғы бар ма?

 

- Мен науқасты ота жасағанша көрмеуге тырысамын, онымен операция үстелі басында  кездесуді қалаймын. Өйткені, біздің барлығымыз бірдейміз. Бүгін менің жолым болып, денім сау, ал ол өзінің өмірі менің қолымда екенін біліп, маған қарыздар сияқты болып жатады. Жүктелген жауапкершілікті білем, бірақ науқастың өзін  маған тәуелді сияқты сезінгенін көруді қаламаймын.

 

Астанада тұңғыш рет жасанды жүрек салынды

 

-Юрий Владимирович, әлемдегі тұңғыш жасанды жүрек имплантын 2017 жылы сіздің жетекшілігіңізбен  Астанада Ұлттық кардиохирургиялық орталықта салғанын білеміз.  Осы теңдесі жоқ операция жайында айтып берсеңіз?

 

-Жасанды жүрек имплантын француздардың CARMAT фирмасы мен  Airbus SE еуропалық аэрокосмостық және қорғаныс концернінің ғалымдары бірлесіп шығарған. Бұл - салмағы бір келідей болатын биопротез. Аталмыш құралды халықаралық зерттеу жөніндегі бағдарламаға қатысу үшін Қазақстан, Дания, Германия, Австрия және Чехия мемлекеттері таңдалып алынды. Мысалы, Прагада керемет клиникалық экспериментальды медицина  институты бар, бізде олардың оқымысты ғалымдарымен тығыз байланыс орнатылған. Жасанды жүрек салынған алғашқы пациентке алты айдан кейін донор табылып, қайта ота жасадық.

 

-Жасанды жүрек қанша уақытқа шыдайды? Науқасқа донордың жүрегін салмай-ақ қоюға болмады ма?

 

 -Жасанды жүрек дегеніміз жүрегінде ақауы бар, бірақ дәл қазір трансплантация жасауға келмейтін науқастарға уақытша салынатын аспап. Немесе пациент пен донорлық органның арасын жалғастырушы көпір десе де болады. Жүрек дерті бар пациенттердің көп жағдайда өкпе, бауыр, бүйрек сияқты органдарының қызметі де нашарлап, ағзасы донорлық органды салуды көтермейді. Осындай кезде жасанды жүректің көмегімен ағзасының қызметін қалпына келтіріп алу керек. Ота жасалған ер адам жарты жыл бойы жасанды жүрекпен жүрді. Басқа органдарының жұмысы қалпына келгенде барып, донорлық жүректі салу операциясы да ойдағыдай өтті.

 

-Бізде жасанды жүректі қажет ететін науқастар көп пе?

 

-Халықаралық статистикаға сүйенсек, миллион тұрғынға шаққанда он адамда сондай қажеттілік бар. Бағдарлама жұмысын жалғастыруда. 2017 жылдан бері үш қазақстандық азамат осы уақытша аспаптың көмегімен денсаулықтарын түзеп, қазір олардың барлығына донорлық жүрек салынған.

 

- Органдардың трансплантациясына сіздің жеке көзқарасыңыз қандай?

 

-Әрине, орган алмастыру – бүгінгі таңдағы медицинаның алтын стандарты. Бірақ бұл отаны жасау үшін донордың сау мүшесі қажет. Бір науқастың өмірін сақтап қалу үшін екінші бір жанның өлімін күту керек. Яғни, басқа бір отбасы үшін ол - қайғы. Сол себепті, моральдық тұрғыдан алғанда,  бұл күрделі сұрақ, трансплантацияға деген жеке көзқарасым екіұшты. Ал жасанды жүрек бұл – ең ақылды адамдардың ойлап тапқаны, солардың қолымен жасалған дүние, сол себепті келешек жасанды органдардың еншісінде болады деп ойлаймын.

 

-Біздің кардиохирургия қызметінің бүгінгі аяқ алысына қандай баға берер едіңіз?

 

-Шығыста кардиология бөлімшесі ашылғалы он жылдан асты, өңірде жүрекке алғашқы ота оған дейін де жасалған болатын. Сол кезбен салыстырсақ, кардиология орталығының бүгінгі жабдықталуы, көрсететін қызметтерінің сапасы адам сенгіссіздей өзгерген, айырмашылығы жер мен көктей. Өйткені, медицина бір орында тұрмайды, күнделікті жаңа технологиялар енгізіліп жатыр, озық құралдар шығарылуда. Солармен бірге шығысқазақстандық кардиохирургтердің деңгейлері де өсіп, Астананың үлкен клиникаларымен терезелері тең түскені қуантады. Оның үстіне, орталықтың жетекшісі Еділ Ботабаев біздің тәрбиеленушіміз. Ұлттық орталықта көп нәрсеге үйреніп, өз бетімен жұмыс істей алатын кезде Өскеменге келіп, өзіне білікті мамандардан тамаша команда  жасақтап алды. Әлі күнге біздің орталықпен тығыз байланыста, астаналық мамандар жиі келіп, шеберлік сыныптарын өткізіп тұрады. Осы жолы жүрекке ота кезінде науқастың өз органын мүмкіндігінше сақтап қалуға бағытталған екі ота жасалды. Біреуін Е.Ботабаевтың өзі жасап шықты.

 

Операция бөлмесінде баяу музыка ойнап тұрады

 

-Білгіш укипедия сізді жылына 365 ота жасайды дейді. Қарбалас жұмыс күнінен кейін қалай тынығасыз?

 

- Күніне екі-үш операцияға қатысатын кездерім де болады. Біреулерге қисынсыз болып көрінуі де мүмкін, бірақ мен ота жасамағанда көбірек шаршаймын. Ал басқаларға көмегің тиіп жатса, содан керісінше, қуат жинап, өлшеусіз ләззат аласың.  Мені хирургтер түсінуге тиіс. Қолым қалт еткенде кітап оқығанды ұнатамын. Бірнеше шет тілін меңгергем. Бір құпияммен бөлісейін. Мен студент кезімде диджей болғам.  Осы музыкаға деген әуестігім менің өмірлік серігім болып келеді. Жұмыс кабинетімде  музыкалық орталық бар, қабырғаларында өзім жас кезімнен жинаған винилді пластинкалар ілініп тұр. Тіпті, операцияны баяу музыка әуенінің ырғағымен жасаймын. Көбінде классикалық туындылар, блюз бен джаз стиліндегі әуендер ойнап тұрады.

 

-Қандай да бір музыкалық аспапта ойнайтын шығарсыз?

 

- Гитара шертуді, соқпалы музыкалық аспаптарда ойнауды енді үйренсем деп жүрмін.

 

-Пациенттер өздерінің Сізге деген ықыласын, алғысын қалай жеткізеді?

 

-Біздің орталыққа келсеңіз, науқастардың алғыстары жазылған хаттар, олар сыйлаған картиналар тұтастай бір қабырғаны алып тұр. Ерекше әдемі рояль бар. Бұл тамаша сыйлықты бізде емделген бір музыкалық отбасының өкілдері тарту еткен еді. Енді қазір кәсіпқой музыканттар келіп, концерт қояды. Кейде емделушілердің өздері де ойнап отырады.

 

Әрине, қоятын сұрақтарым әлі де көп еді. Бірақ танымал кардиохирургті шеберлік сыныбы аясындағы операцияға шақырып қалды.

 

-Астанаға жолыңыз түсіп жатса,  біздің орталыққа таңғы сегізде келсеңіз, міндетті түрде менімен кездесе аласыз. Сонда жалғастырамыз, - деген дәрігер асығыс басып, операция бөлмесіне беттеді.

 

Анықтама

Әлеуметтік желіде Юрий Пяның  емдеу мекемесінің ауласын  қардан тазалап жүрген видеосы жарияланған еді. Орталықтың қызметкері Әсел Мажибаева басшыларының  көктемде гүл егіп, жазда газондарды қырқатынын,  көппен бірге сенбілікке шығатынын жазған. Сонымен қатар атақты дәрігердің қызметкерлеріне өзі кофе қайнатып беретіні бар.  Үйіндегі «Бүкіләлемдік қітапхана» сериясының кітаптарын орталыққа әкеліп, науқастарына оқу залын жасап берген де Юрий Пя. Кезінде осы кітапхананы бір көлікке айырбастау жөніндегі ұсыныстан бас тартқан екен.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив