KZ
Өскемен
+14°
небольшая облачность жел 5 м/с, З
445.66 474.58 4.78

"Жел соқса едендегі линолеум көтеріледі" Өскеменде салынып жатқан үйлердің сапасына кім жауап береді?

14.03.2019, 05:40 187

Облыста соңғы жылдар көлемінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан көпқабатты үйлердің сапасына көңіл толмайды. Суық, есігі мен терезесінен жел кеулеген, жаңбыр жауса төбесінен, қабырғасынан су ағатын, жарығы жиі өшіп қалатын, пайдалануға берілісімен-ақ қабырғалары көгеріп, сызданып шыға келген баспаналарының жағдайын айтып, жергілікті билікке жүгінген ағайынның қарасы бүгінде көбейіп кеткен, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

 

Әсіресе, облыс орталығындағы 19-шы тұрғын ауданда салынып, пайдалануға берілген көпқабатты баспаналардың сапасыздығына шағым айтушылар көп. Аталған үйлерден пәтер алған тұрғындардың арыздануы әрине орынды, себебі олар баспананы тегін емес, қып-қызыл ақшаға алып отыр және ұзақ жылдар бойын ипотекалық несие төлемек. Ұзақ жыл сарыла күтіп, қарызданып жүріп алған баспананың әлгіндей сапасыз болып шыққаны кімге жақсы болмақ.

 

Сондықтан әлеуметтің бұл өзекті мәселесі «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының кезекті мәжілісінде арнайы қаралды. облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Дүсіповтің берген ақпаратына сүйенсек,  облыста «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2018 жылы бюджет қаржысы есебінен баспана және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына 22,7 млрд. теңге бөлініп, толық игерілген.

 

Өткен жылдың қорытындысы бойынша барлық қаржыландыру көздерінің есебінен 410,5 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілген. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 108,0%-ға артық. Оның ішінде 39 көппәтерлі үйдегі 3386 пәтер бар. Ал ағымдағы жылы жалпы ауданы 508,6 мың шаршы метр болатын 87 көппәтерлі үйдің құрылысы және қанатқақты жоба аясында 54 бір қабатты үйдің құрылысы жоспарланған. Биыл бюджеттік қаржылар есебінен баспана және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына 29,1 млрд. теңге қарастырылып отыр. Сондай-ақ, ағымдағы жылы былтырғы деңгейден 8 пайыз өсіммен 443,3 мың шаршы метр баспананы тапсыру жоспарлануда.

 

Баяндамашыға бақылау комиссиясының мүшелері «ал осы салынып жатқан баспаналар қаншалықты сапалы?» деп сауалды төтесінен қойды. Олардың мәліметтерінше, Өскемен, Аягөз және Шемонаиха қалаларында салынған баспаналардың сапасына көп сын айтылып жатыр. Ал Көкпекті ауданында 2018 жылы бағдарлама аясындағы жоба іске аспай қалған. Қазір мердігер «Еңбек-Семей» мекемесімен іс сотта қаралып жатқандықтан, бұрынғы тұрмыстық комбинаттың ғимаратын қайта құру тоқтатылған. Дегенмен, Сырым Дүсіпов бұл жобаға қайта жан біткенін, құрылыс іске асып жатқан жобалар қатарында екенін мәлімдеді.

 

Бұдан бөлек 19-шы тұрғын аудандағы Көкжал Барақ көшесі және Есенберлин даңғылы бойындағы үйлердің сапасыз құрылысы туралы бұған дейін де газетімізде айтқанбыз. Аталған даңғылдың тұрғындары партияның филиалына құрылысшылар жіберген кемшіліктерді бейнетаспаға түсіріп әкеліп те тапсырыпты.

 

Сонымен қатар аудандық комиссия және арнайы мамандар анықтағандай, Шемонаиха қаласында «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» қоныс аудару мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2017 жылы құрылысы басталып, 2018 жылдың соңында қолданысқа берілген 60 пәтерлік бес қабатты үйден де артынан көп кемшіліктер шыққан. Ондағы 7 пәтердің есігі мен терезесінен жел соғып тұрса, төрт пәтерде есік пен терезе тұтқалары істемейді, тағы төрт пәтердің есік пен терезе шыныларына сызат түскен. Кей пәтерлерде электр құралдары жұмыс істемесе, 4 және 5 қабаттарға суық судың қысымы жетпейді. Ол аздай төртінші подъезде 10 дана есептеу құралдары орнатылмаған. Бұдан бөлек мүгедектердің кіріп шығуына да жағдай жоқ. Үйді «Элхон – Строй» ЖШС салған. 

 

Комиссия мүшелері жалпы жаңадан салынған және салынып жатқан үйлердің көпшілігінде мүгедектерге арналған пандустар жоқтығын атап өтті. Оған жауап ретінде жоғарыдағы облыстық басқарманың және қалалық құрылыс бөлімінің басшылары «мердігер үйді қолындағы жоба бойынша ғана жүргізеді, оған өзі өзгеріс енгізе алмайды. Өзгеріс енгізу үшін шығын үлкейеді, қосымша қаржы қажет. Сондықтан пандустар қарастыру үшін тиісті заңнамаға өзгерістер де қажет» дегенді алға тартты. Ал баспаналарды салуға тапсырыс беруші бағдарлама әкімшісі ретінде бақылауды әлсіреткендері үшін ешқандай жауап бере алмады.

 

– Сонда біткен үйді қабылдап алған мемлекеттік комиссия қайда қараған? Өзге де қадағалаушы органдар не бітірген? Авторлық қадағалау, техникалық қадағалау не істеген? Тапсырыс беруші де тиісті бақылау жасамаған. Айтылған сынның бәрі орынды, үйлер сапасыз салынуда. Ондай үйдің бірінде өзім де тұрдым. Жел соқса едендегі линолеум көтеріледі, шеге қақсаң саңылау пайда болады. Содан соң тұрғындар барлық орындарға арызданып жатыр. Сондықтан барлық жағынан тұрақты бақылауды күшейте отырып, кемшіліктерді жою қажет. Алда біз бұл мәселені облыстық деңгейде қалалар мен аудандар әкімдерінің қатысуымен депутаттардың қоғамдық қабылдауында қараймыз. Бүгінгі айтылған кемшіліктердің орындалу нәтижелері ағымдағы 1 маусымға дейін партиияның облыстық филиалына хабарланатын болады, – деді «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив