KZ
Өскемен
+9°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, З
446.49 475.38 4.79

«Баспана хит» бағдарламасының осындай артықшылықтары бар

12.03.2019, 03:10 221

Бұдан былай баспананы мемлекеттік «7-20-25» тұрғын үй ипотекалық бағдарламасынан бөлек, «Баспана хит» бағдарламасы арқылы да алуға болады. Алдыңғысынан айырмашылығы, екінші бағдарлама бойынша екінші нарықтағы үйлерден де ипотека арқылы тұрғын үй алуға мүмкіндік бар, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


«Баспана хит» арқылы пәтер алуға несиелер 15 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Жаңа бағдарламаның жаңашылдықтары жөнінде «Баспана хит» акционерлік қоғамының облыстық филиалының төрағасы Рауан Баяш айтып берді. Оның айтуынша, аталмыш бағдарламаны жүзеге асыруға «7-20-25» бағдарламасындағы секілді екінші деңгейлі сегіз серіктес банк қатысып жатыр. Олардың қатарында «Центркредит банк», «Халық банк», «АТФбанк», «Цеснабанк», «Сбербанк», «Еуразиялық банк» және «BankRBK» мен «ForteBank» бар. Банктердің ішінде тұрғындардан өтінім қабылдаудан және несие беруден алдыңғы орындарда «Центркредит банк», «Халық банкі», «Цеснабанк», «Сбербанк» келеді.


– Өздеріңіз білесіздер, Елбасының тұрғындарды баспанамен қамту жөнінде Қазақстан халқына Жолдауында айтылғандай, «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы арқылы тек нарықтағы жаңа үйлерден пәтерлер сатылады. Биылдан бастап енгізілген өзгешелік, енді «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жаңадан салынған үйлерден де «7-20-25» арқылы баспаналар беріледі. Ал «Баспана хит» бағдарламасына келер болсақ, ол арқылы жаңа үйден де, сонымен қатар екінші нарықтағы қолданыстағы үйлерден де пәтер алу мүмкіншілігі бар. Сонымен қатар жылдық номинальды мөлшерлеме 11 пайыз болса, несие мерзімі – 15 жыл (салыстырмалы түрде алсақ, орташа нарықтағы ипотекалық мөлшерлеме – 17 пайыз). Алғашқы жарнасы – 20 пайыз. Бұл бағдарламаның тағы бір тиімді тұсы – бұған дейін өз атында үйі бар тұрғындар да екінші, үшінші пәтер алу үшін бағдарламаға қатыса алады, – дейді Рауан Баяш.


Рауан Ержанұлының берген ақпараттарына сүйенсек, бағдарлама бойынша Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларындағы баспаналардың максимальды құны – 25 миллион теңгені құраса, еліміздің өзге өңірлері үшін баспананың ең жоғарғы құны 15 миллион теңге болып бекітілген.


«Баспана хитке» қатысу үшін қойылатын негізгі талаптар - Қазақстан Республикасы азаматтығының болуы, ипотекалық тұрғын үй займдарының болмауы, тұрақты табысы, яғни төлем қабілеттілігінің болуы. Содан соң алам деген пәтерін екінші нарықтан таңдап, екінші деңгейлі банкке жүгіне алады.


Біз банк өкілінен екінші нарықтағы қай жылдар аралығында салынған баспаналарға рұқсат берілетіндігін сұрадық. Алайда бұл ретте әр банктің ұстанған саясаты әртүрлі болып шықты. Соған сай талаптарды да әр банк кепілдік саясаты бойынша өздері қояды. Көпшілігі салынғанына елу жылдан аспаған пәтерлерді және жер үйлерді алуға рұқсат береді. Сондай-ақ екінші нарықта сатылатын пәтерлер де банк талабына сай келіп, ешқандай кепілде, тұтқында тұрмағаны жөн. Бұдан бөлек, шағын қалалар мен аудан орталықтарынан да үй алу мүмкіндігі бар (мұны әр банк өзі шешеді). Тағы бір жеңілдігі үй алатын қаласы бойынша жергілікті тіркеу талап етілмейді. Мәселен, семейлік тұрғын Өскемен қаласынан үй сатып ала алады.


– Қазіргі кезде адамдарға осы бағдарлама қолайлы болып отыр әрі қызығушылық та жоғары. Себебі екінші нарықтағы пәтерді қаланың ортасынан, жұмысқа жақын, барлық инфрақұрылым салынған, әлеуметтік нысандар жақын орналасқан жайлы тұрғын аудандардан таңдап алуға болады. Бұл арзанға түседі. Ал жаңа мөлтек аудандар қаланың сыртында орналасқан, мұнымен бірге ондағы пәтерлер де қымбаттау, - дейді Рауан Баяш.


Өткен жылдың қыркүйек айында іске қосылған «Баспана хит» ипотекалық бағдарламасымен үй алуға облыс бойынша 323 адам өтінім берсе, соның 152-нің өтінішін банктер мақұлдаған («7-20-25» бойынша 456 адам өтініш берген, 4 млрд. теңгеге). Осы 152-нің ішінде 105 адам 581 миллион теңгеге өз пәтерлерін сатып алып, тұрып жатыр. Қалған елу адам да алда меншік баспаналарына қол жеткізеді.


Атап өтерлігі, облыс бағдарламаны іске асыруда Астана мен Алматыдан кейін үшінші орында келеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив