KZ
Өскемен
+15°
облачно с прояснениями жел 8 м/с, С
446.49 475.38 4.79

"500 шақырым деген немене..." Зайсаннан Өскеменге газ тарту

27.02.2019, 11:30 433

Сарыбұлақтың  сылдырап аққан бұлағынан газы танымал қазір. Қойнауынан шүпірлеп шыққан көгілдір отын Хуанхе өзенін бетке алып «ағуда».

 

Зайсан газын игеруге құлықты инвестордың іргемізден табыла кетуін әуел бастан ел екіұдай қабылдаған. Газдың негізгі бөлігі экспортқа кетіп, жер иелеріне жұғыны ғана берілуде деп есептейтіндер әлі де бар. Қолымызда оны анықтайтын мүмкіндік те, мандат та болмаған соң,  ресми деректерге сүйенеміз. О баста екі тарап Сарыбұлақтан шығатын газды 50-50 қағидаты бойынша, теңдей тұтынуға уағдаласқан.Қазір бұл талаптың сақталу-сақталмауы түгелдей «Тарбағатай-мұнай» компаниясының құзырында.   

 

Зайсанға газ тартылады деген әңгіменің шыққанына да он жылдан асыпты. Ал көгілдір отынның лаулап жанғанын жергілікті халық алғаш 2013 жылы көрген болатын. Содан бері қаланың 70 пайызы газға жалғанған. Оның өзі нақты ақпарат емес.  Аудан орталығынан бөлек, тоғыз ауыл газ тұтынып отыр. Қалған сегізі кезегін күтуде. Игіліктің кешігіп жүретін әдеті ғой. Іргеге тиіп тұрған ен байлық бәріне бір мезетте неге жетпейді деген сауал туындайды. Аудан әкімі Темірбек Қасымжанов мұндай «батпан құйрыққа» алғашында ауыл халқының үркектей қарағанын айтады. Тіпті, газ көп өтпей бітіп қалады деген сыбыс та тарапты.

 

-Алғаш үйлерге газ тартқанда, бәрі жүрексінді. Ауыл әкімдері мен мемлекеттік қызметкерлерден бастадық. Олардың тұрмысы адам танымастай өзгергенін көргенде ғана халық қимылдай бастады. Қазір газ тартқызу үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесінің тізімінде кәдімгідей кезек қалыптасқан, - дейді аудан басшысы.

 

Өткенді қайдам, дәл қазір Зайсанда газдан қашып отырған халық жоқ. Әйтпесе, оны тарту қызметі тым қымбат деген шағым жетпес еді құлағымызға. Газ таратушы мекеменің жергілікті филиалын басқарып отырған Серік Оразбаевқа сол елдің шағымын сұрақ етіп қойдық. Алғашында газ орнатуға ары кетсе 100-150 мың теңге ғана кетеді деген мекеме басшысы келе-келе қызмет құны тартылатын үйдің инфрақұрылымына байланысты деген уәжге көшті.

 

-Кейбір үйде жылу батареясы бұрыннан бар. Оларға газ пешін орнатып, магистральдан құбыр тартса жетіп жатыр. Енді біреулер құдық пешпен жылынып отыр. Олар жылу құбырын тартқызады. Қымбат баға соның әсерінен пайда болады. Газ пештің бағасы қуаттылығына байланысты. 100 шаршы метрге кемінде 120 мың теңгенің пешін қою қажет. Ал алманиялық пештердің бағасы 400 мыңға дейін барады. Енді біреулер үйімен қоса моншасына, жазғы үйіне де газ тартқызады. Сәйкесінше, қызмет құны өседі. Сондықтан әркімге әртүрлі ақша шығады. Мұнда қатып қалған баға жоқ, - дейді Серік Оразбаев.

 

Сол нақты бағаның болмауы ел арасында түсінбестік туғызып отырса керек. Газ құбырының әр метрі қаншаға шығатынын, пештердің қуатына байланысты бағасын нақтылап, кесте ретінде газет бетіне жариялауды ұсынып та көрдік. Ондағы ойымыз – газ тарту бағасына қатысты әңгімеге нүкте қою болатын. Алайда Серік Оразбаев ондай кестенің жоқ екенін айтты. «Жасалған жұмыстың бағасына абонент келіспесе, не істейсіздер?» деген сұрағымызға  «Дәлелдейміз» деп жауап берді.

 

Шіліктіге көгілдір отын жете ме?

 

Екінші кезекте қалған сегіз ауыл бар дедік қой. Соның ішінде Шіліктіге көгілдір отын апару қиынға түсетін түрі бар. Бірде Тарбағатай ауданының, бірде Зайсанның құрамына еніп, тел емген төлдің күйін кешкен ауылға аспаннан жауған киізден ұлтарақ та тимей қалуы мүмкін. Сарбұлақ-Майқапшағай құбырынан Шіліктіге торап тарту мүмкін болмай тұр. Жалғыз үміт - Тарбағатайда.

 

-Әуелі облыстық мәслихатқа құжаттама дайындау үшін бюджеттік сұраным тастаймыз. Мәслихат құптаса, биылдан қалмай Тарбағатайға газ тарту жұмыстарын жобалаймыз. Шіліктіге құбыр тартудың мүмкін не мүмкін еместігі сол кезде белгілі болады. Маңырақ пен Шіліктінің арасы - 50 шақырым. Бірақ ортада тау тұр, - дейді облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Асхат Бұқатов.

 

Серік Оразбаев «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы елдің тоғыз облысына газ таратып отырғанын айтады. Соның ішінде ең шағын филиал Зайсандағысы.

 

-Біздің торап экономикалық жағынан ең тиімсіз бөлімше болып саналады. Тұтынушының саны аз, ауылдардың арасы алыс. Шығынға жұмыс істеп тұрмыз деуге де болады. Тұтынушы санын көбейту үшін Тарбағатай және Күршім аудандарын жылдамдатып қосуға мүдделіміз, - дейді филиал басшысы.

 

 Аталмыш компанияның құрылтайшысы «ҚазТрансГаз» АҚ бұл жерден шығын көргенімен, экспорттан сол шығынды еселеп қайтаруда. Сол үшін де тұрмысы төмен отбасылардың үйіне газды тегін тартып беріп келеді.

 

Серік Оразбаев әңгіме барысында өте маңызды дүниенің шетін шығарды. Зайсан өңірінде ірі өнеркәсіп ошақтарының болмауы да кері әсерін тигізіп отырса керек.

 

-Егер Зайсан аумағында Өскемендегі ҮМЗ, ТМК сияқты үлкен зауыттардың бірі болғанда, шығып жатқан газдың көп бөлігі өзімізде тұтынылар еді. Ал қазір әлеуметтік нысандар мен үйлер ғана газ пайдаланып отыр. Өндіріс ошақтарымен салыстырғанда олардың қажеттілігі иненің жасуындай ғана. Бізге салса, Өскеменге де газ тартар едік. Сонау Қызылордадан Астанаға магистраль салып жатыр. Оның қасында 500 шақырым деген немене? Сол кезде ғана Сарыбұлақтың газы сыртқа кетпей, өз игілігімізге жараушы еді, - дейді маман.

 

Былтыр аудан бойынша 1877 абонент газға қосылыпты. Бұл - бұрнағы жылдарға қарағанда тәп-тәуір көрсеткіш. 2013 жылы небәрі 32 үйге газ тартылса, 2017 жылы абонент саны 755-ке жеткен. 2019 жылға 2500 абонентті қамту жоспарланып отыр. Астананың бұйрығы солай. Сонда жыл аяғына қарай барлығы 6000 абонент газ тұтынатын болады.  Ауылдар арасында Айнабұлақ тұрғындары өзгелерден белсенді болған. Қазір мұнда 190 үй көгілдір отынмен жылынып отыр. Бұл ауылдың тең жартысына да жетпейді. Яғни, газ тартылды деген тоғыз ауылдың өзінде кезек күтіп отырғандар әлі көп деген сөз.

 

-Былтыр елдің бәрі әбден қара күзде өтініштерін қаптатты. Желтоқсанның 20-сына дейін жұмыс істедік. Ақыры, қатты аяздан дәнекер ұстамай қалды. Сонда ғана тоқтауға мәжбүр болдық, - дейді Серік Оразбаев.

 

Газ тартылған үйлердің тұрмысы қаншалықты жеңілдегенін көзбен көру үшін Қараталдағы бірнеше үйге бас сұққанбыз. Бәрінің айтатыны бір сөз: «Үйімізге газ келгелі, көңілімізге жаз орнады». Айтса айтқандай. Тіпті бағасы қымбат болғанның өзінде бір реткі шығын жылдар бойғы ауыр жұмыстан құтқарып, ай сайынғы шығынын 10 есеге азайтқан.

 

Осы ауылда 40 жыл дәрігер болып, басшылық қызметтің де дәмін татқан Мұқан Зайтынов есімді зейнеткер  көгілдір отынның иігілігі қартайған шағында қолайлы болғанын айтады.

 

-Өтірік айтқан адамға жұмақ деуге болады. Жағдайымыз жақсы. Ең алғаш болып Қараталда газ тартқызған мен едім. Кейін бәрі қосыла бастады. Көмір сатып алмайсың, пеш жағып, күл шығармайсың. Тамызық дайындап әуре болмайсың. Айына көп болса 5 мың теңге кетеді. Бір қыстағы шығыны 30 мыңнан аспайды. Ал бұрын 10 тонна көмір жағатынбыз. Қазір түтіннің исін ғана сағынамыз, - дейді қария.

 

Есімжан Нақтыбайұлы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив