Өскемен
-8°
небольшой снег Штиль
458.69 501.3 6.52

ШҚО-да Жақыпбек Малдыбаевқа ескерткіш қойылды

11.11.2022, 11:44 168 0 Мадина Амангелдіқызы

Өскемен қаласында қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш Жақыпбек Малдыбаевқа ескерткіш қойылды, деп хабарлайды Altaynews сайты.

Ескерткіштің ашылу салтанатына билік өкілдері, зиялы қауым өкілдері, батырдың туыстары және қала тұрғындары қатысты. Жақыпбек Малдыбаев сынды тұңғыш әскери ұшқыштың ғұмырнамасын руханият әлеміне алғаш рет алып келген қаламгер Айтмұхамбет Қасымов шара барысында баяндама жасап, нәтижелі еңбектің бағасын берді.

– Тарихсыз мемлекеттің болмайтындығы баршаға аян. Ал кезкелген мемлекеттің тарихын жасайтын – әр заманда, әр кезеңде ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен, өз саласында тыңнан түрен салып, танымал болған тарихи жеке тұлғалар. Міне, бүгін ескерткіші ашылғалы отырған қазақ деген халықтан шығып, көк аспанға ұшақпен  алғаш самғаған Жақыпбек ағамыз – елінің абыройын асқақтатар батыр да батыл ұлдарының бірі, халқының ұшақты игеру тарихына жаңа бір жарқын парақ қосып отырған тұңғыш әскери ұшқыш. Енді бір мәселе! Осы ескерткішке ең жақын орналасқан Болат Мазанұлы Ахмадиев басшылық жасап отырған № 5 мектеп екен. Сол мектеп оқушылары анда-санда келіп-кетіп, осы ескерткішті өздерінің қамқорлықтарына алса тіпті жөн болар еді, оны әрине, өздері шеше жатар деп ойлаймын. Құрметті ағайын, бүгінгі қуаныш – ұшқыштың тұғырлы ескерткіші құтты болсын! Оның қысқа да болса мағыналы да мәнді, ерлікке толы өмірі мен еңбегі жас ұрпаққа әрдайым үлгі, өнеге болсын!, – деді журналист-жазушы, филология ғылымдарының кандидаты Айтмұхамбет Қасымов.

 

Жалпы Жақыпбек Малдыбаевтың ерлігі бұған дейін де ескерусіз қалған емес. Тоқсан жылдық тойы Зайсанда дүркіреп өтсе, жүз жылдық тойы Өскеменде тойланған. Жүз жылдық тойы қарсаңында көше аты беріліп, ескерткіш тақта бой көтерген болатын. Міне, сол бір іс-шара биыл да жалғасын тауып отыр. Игілікті шараға келген ұшқыштың туысқандары жұртқа алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

– Ұшқышын ұлықтап жатқан елге, осындай ауқымды шараның іске асуына ұйтқы болған қалалық әкімшілікке, атсалысып жүрген азаматтарға рахмет! Ескерткіштің авторы – Нұрбол Қалиевке рахмет! Батыр атамыздың ерлігін жастарға нәсіп етіп, көкте ұшақтың тізгінін, жерді тұлпардың тізгінін ұстайтын жастар көп болсын, – деді Клара Малдыбаева.

Отанды қорғау жолында 31 жасында ғана ғұмырына нүкте қойылып, бұлтқа сіңген ұшақтай мәңгілікке аттанған ұшқыштың өмір жолы ұрпаққа үлгі-өнеге бола берері сөзсіз. Ендігі кезекте Ертісті бойлап Малдыбаев көшесінің маңынан өткен жанның барлығы ұшақтың қанатындағы ерлікке тағзым өтетін болды. Тарихқа тағзым осылай жасалса керек-ті.


Қызырбек ДҮРГІНБАЙҰЛЫ

 

Біздің Instagram-ға жазылыңыз

Жаңалықтарды жылдамырақ көріңіз

Жазылу

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив