KZ
Өскемен
+3°
переменная облачность жел 2 м/с, З
444.32 473.33 4.76

Даниал Ахметов "Үміт" балалар үйіне шағын автобус сыйлады

31.12.2022, 18:00 550 Мадина Амангелдіқызы

ШҚО әкімі Мемлекет басшысының атынан "Үміт" балалар үйіне шағын автобус сыйлады.

Балалар жылының соңында және Жаңа жыл қарсаңында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленетін "Үміт" балаларды қолдау орталығына барды, деп хабарлайды Altaynews.kz.
Әкім мерекелік шараға қатысып, балаларды Жаңа жылмен құттықтап,  әр балаға көркем әдебиет кітабын және орталыққа шағын автобус сыйлады. 

- Бүгін орталық педагогтары мұнда отбасылық жылулық атмосферасын қалыптастыра алды. Үйірмелер мен секциялар, компьютерлік сыныптар балаларға бос уақыттарын тиімді өткізуге мүмкіндік береді. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан балаларға кітаптар жиынтығы, ал орталыққа шағын автобус сыйға тартылды. Біз  2023 жылы облыстың барлық мектептерінде робототехника сыныптарын жаңартамыз. Ал "Үміт" орталығының жанында спорт орталығын саламыз, онда барлық шағын ауданның балалары айналыса алады, - деді облыс әкімі Даниал Ахметов. 

Атап өту керек, биыл облыста бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл деген лауазым енгізілді. 

- Біз алдағы уақытта да білім беру және балалар денсаулығы мәселелеріне ерекше назар аударатын боламыз. Жаңа жыл қарсаңында барлық балаларға, ата-аналар мен мұғалімдерге отбасылық бақыт, денсаулық пен амандық, жаңа табысты жобалар мен бастамалар тілеймін. Жаңа жылдарыңызбен!, - деді әкім.  

 

- "Біз Жаңа жыл қарсаңызда тілегімізді орындағаны үшін Қасым-Жомарт Кемелұлына алғыс айтқымыз келеді. Біз мұндай шағын автобусты көптен бері армандадық. Енді бізде өз автобусымыз бар, онымен біз секцияларға, үйірмелерге және түрлі шараларға барамыз", - деп бөлісті балалар.

Сонымен қатар, балалар жылы аясында ҚР Президенті мен облыс әкімі Даниал Ахметовтың жаңа жылдық шыршалары өткізілді. Мерекелік шараға өңірдің түкпір-түкпірінен 450 бала қатысты. Олардың қатарында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балалар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар ұлдар мен қыздар, сондай-ақ оқуда, спортта, шығармашылықта және қоғамдық өмірде жетістікке жеткен дарынды балалар бар. Балаларға тәтті сыйлықтар мен ақшалай сертификаттар берілді.
Жыл сайын білім беру жүйесінің тәрбиеленушілері, жетім балалар және ата - анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін мерекелік жаңа жылдық іс-шаралар өткізіледі. Биыл да бұл дәстүр жалғасын тапты. Мемлекеттік органдардың, меценаттардың, қоғамдық қорлар мен демеушілердің қолдауының арқасында екі апта бойы балалар үшін ертеңгіліктер, концерттер, қойылымдар, сондай-ақ көшпелі іс-шаралар, мұражайларға, кафелер мен кинотеатрларға бару ұйымдастырылды.
Айта кету керек, ШҚО-да балалар жылына 129 іс-шара өткізу жоспарланды. Бүгінгі таңда барлық ойластырылған жобалар 100% іске асырылды. Өңір бойынша 0-ден 18 жасқа дейінгі 181 мың 266 бала қамтылды.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив