KZ
Өскемен
+4°
переменная облачность Штиль
448.81 476.82 4.77

1 қаңтардан бастап кімдердің жалақысы өсті?

2.01.2023, 10:40 825 Оразай Жеңісұлы

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде жалақы, зейнетақы артып, ең төменгі күнкөріс деңгейі өседі. Қай сала мамандарының табысы қанша теңгеге дейін өсетінін есептеп көрейік, деп хабарлайды Altaynews.kz.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖ) 60 000 теңгеден 70 000 теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл 2022 жылы 60 000 теңге болды. Ал ең төменгі күнкөріс деңгейі – 36 018 теңге.

Өздеріңізге мәлім, Үкімет Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын іске асырып жатыр. Бұл жоба аясында дәрігерлердің, мұғалімдердің, бюджет саласының басқа да қызметкерлерінің және өндірістік персоналдың жалақысын кезең-кезеңмен ұлғайтылады.

Осылайша 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,8 млн-ға жуық жалдамалы қызметкердің жалақысы өседі.

Дәрігерлердің жалақысы

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният 2023 жылға қарай дәрігерлердің орташа жалақысы 550 мың теңге болатынын айтты.

2021 жылдың қаңтарынан бастап 247 мың медицина қызметкерінің жалақысы өсті. 2022 жылдан бастап дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға, орта медицина қызметкерлерінің табысы 20 пайызға артты, - деді министр.

Министрдің сөзіне қарағанда, 2022 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы 421 мың теңгеге дейін жеткізілді. Орта медицина қызметкерінің жалақысы шамамен 235 мың теңгені құрады.

2023 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы шамамен 561 мың теңге болады деп жоспарланып отыр.

Мұғалімдердің жалақысы

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап балабақша тәрбиешілерінің, мектеп пен колледж мұғалімдерінің, сондай-ақ қосымша білім беру жүйесі мамандарының жалақысы тағы 25%-ға өседі.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдың қаңтарынан бастап мұғалімдердің жалақысы жыл сайын 25%-ға артып келеді.

Мұғалімдердің еңбекақысы оқу жүктемесіне, білім деңгейіне, біліктілігіне, еңбек өтіліне, магистр дәрежесіне және басқа да қосымша төлемдерге байланысты есептеледі.

Жалақыға біліктілік санаты (лауазымдық жалақысының 30%-нан 50%-ға дейін), магистратураға, пәндерді ағылшын тілінде оқытқаны үшін, дәптер тексергені үшін, сынып жетекшілігі мен тәлімгерлік қызметі үшін қосымша ақы да белгіленеді.

Сондай-ақ дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне сабақтан кейін қосымша спорт секциясын өткізгені үшін ай сайынғы қосымша ақы төленеді.

Сонымен қатар 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап студенттердің стипендиясы 20%-ға, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 15%-ға өседі.

Мәдениет және өнер қызметкерлерінің жалақысы 

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Қазақ ұлттық өнер университеті және Қазақ ұлттық хореография академиясы педагогтері мен басқарушы қызметкерлерінің жалақысы артады.

Негізгі өзгеріске сәйкес, мәдениет және өнер саласындағы ерекше мәртебесі бар жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының профессор-оқытушылар құрамы мен басшы қызметкерлері алатын айлық мөлшерлеріне 3,5 арттыру коэффициенті есепке алынады. Бұған дейін осы коэффицент 1,75 болған.

Өрт сөндірушілердің жалақысы

2023 жылдан бастап өрт сөндірушілердің ең төменгі жалақысы 180 мың теңге болады.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің айтуынша, үш жыл бұрын өрт сөндірушілер 65 мың теңге жалақы алған. 2022 жылдағы көрсеткіш бойынша жұмысқа енді кіріскен маманның ең төменгі жалақысы 110 мың теңге.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жалақыны 10%-дан 70%-ға дейін көтеру жоспарланып отыр. Қатардағы құрамның айлығы 70 пайызға, ал басқарушы құрам – өрт сөндіру қызметі мен бөлім басшыларың жалақысы 10 пайызға өседі, - деді төтенше жағдайлар министрі.

Алайда төтенше жағдайлар министрлігі басшылығының, оның ішінде министр мен оның орынбасарларының жалақысы көбеймейді.

Әскерилердің жалақысы

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ҚР ҚК әскери қызметшілерінің лауазымдық айлықақысын арттыру 2023 жылы орташа 60%-ды құрайды. Сонымен қатар ҚР ҚК арнайы мақсаттағы бөлімшелері әскери қызметшілерінің лауазымдық айлықақысын 20%-ға артады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов хабарлады.

Теміржолшылардың айлығы

«ҚТЖ-мен қазір нақты жұмыс істеп жатырмыз. Өйткені Қазақстан бойынша осы теміржолшылар арасында мәселе туындап отыр. Басшыларының келесі жылы жалақыны өсіретін ойы бар. Бірақ оның сомасы қазіргі тарифке байланысты. Бір жағынан тарифті өзгерту белгіленіп жатыр. Ол тарифті бекітсек, жалақының өсімі соған байланысты болады. Бірақ жалақы келесі жылы міндетті түрде өседі», – деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында. 

Айлық есептік көрсеткіш

Жыл сайынғы дәстүрмен айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 2023 жылы 3 450 теңгеге дейін өседі.

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап оның мөлшері 3 063 теңге болды, ал 2022 жылғы 1 сәуірден 3 180 теңгені (жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдер үшін) құрады.

Айта кетері, айлық есептік көрсеткіш жәрдемақы, айыппұл, салық және басқа да төлемдерді есептеу үшін қолданылады. Яғни, АЕК өссе, жәрдемақылар мен айыппұлдар да артады деген сөз.

Зейнетақы өседі

Алдағы үш жылдық бюджетке қатысты заңға сәйкес, 2023 жылғы 1 қаңтардан ең төменгі зейнетақы (ынтымақты + базалық) 77 417 теңгеге дейін өседі.

Соның ішінде ең төменгі мемлекеттік базалық зейнетақы – 24 341 теңге, ең төменгі ынтымақты зейнетақы 53 076 теңгені құрайды.

Бала күтіміне байланысты жәрдемақы 1,5 жасқа дейін төленеді

Жаңа жылдан бастап бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы сәби 1,5 жасқа толғанға дейін төленеді.

Бұрын ол тек 1 жасқа дейін берілетін. 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін бір жасқа толмаған барлық бала үшін төлем автоматты түрде жарты жылға ұзартылады. Ал 1 қаңтардан кейін туған балаға бірден 1,5 жылға тағайындалады.

Сондай-ақ жаңа жылдан бастап бұл жәрдемақының мөлшері де ұлғаяды:

бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 19 872 теңге;

екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 23 495 теңге;

үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 27 083 теңге;

төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 30 705 теңге.

Декретке дейін жұмыс істеген әйелдердің бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек есептеледі. Оның мөлшері бала туғанға дейін соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды.

Еске салсақ, президент 2023 жылдан бастап бала күтіміне байланысты төлемдердің мерзімін 1,5 жасқа дейін ұзартуды тапсырған еді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл ата-аналарға ең маңызды кезеңде өз балаларының қасында ұзағырақ болуға мүмкіндік береді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив