KZ
Өскемен
+10°
ясно жел 6 м/с, С
443.85 474.3 4.8

ШҚО: 46 елді мекенде су басу қаупі сейілді

шартты сурет

12.01.2023, 18:00 223 Оразай Жеңісұлы

Шығыс Қазақстан облысында көктемде су басу қаупі басым 71 елді мекен бар.

Оның 15-інде қауіп бүгінде жойылды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құтқарушылар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, су тасқыны қаупі жоғары учаскелерге мониторинг жүргізуде. Жалпы өңір бойынша көктемде су басу қаупі басым 71 елді мекен бар. Бүгінде оның ішіндегі 15 ауылда қауіп жойылып, 46-да барынша азайтылды.

«Арнайы жол картасына сәйкес, облыста тасқынға қарсы 21 шара жоспарланған. Бүгінгі күні оның 16-сы іске асырылды. Арық арналарын тереңдету және тазарту, науаларды жөндеу, өзен жағалауларын нығайту жұмыстары жалғасуда. Облыстық маңызы бар автокөлік жолдарындағы 102 көпір мен 1503 су өткізу құбырларындағы су деңгейі тұрақты бақылауда», - делінген ақпаратта.

Күн сайын жолдардағы су өткізу құбырлары мұздан тазартылып жатыр. Жергілікті атқарушы органдар 62 су өткізу құрылысын, 80 шақырым арық пен каналды, 46 көпірді тазартып, 102 мың текше метр қар шығарды.

«Қазгидромет» РМК ұсынған ақпаратқа сәйкес, облыс бойынша Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында топырақтың қату тереңдігі ең жоғары. Нақты айтқанда – 77 см құрап отыр.

«Өңірдегі жазық жерлердің басым бөлігінде қар жамылғысындағы су қоры нормадан 3 есеге асып түсті. Бұл Катонқарағай, Күршім Көкпекті, Глубокое және Шемонаиха аудандарында.

Қар жамылғысының биіктігі 13 см-ден 116 см-ге дейін жетті. Облыстың таулы аумағында қар қалыңдығы нормаға жуық, шығыста және оңтүстік-шығыста нормадан 20-25 пайызға жоғары», - делінген хабарламада.

Су тасқыны қаупі жоғары кезеңде жедел әрекет ету үшін ШҚО ТЖД-ның жеке құрамынан 1764 адам, 217 тасымалданатын және 18 тіркемелі мотопомпа, 700-ден астам техника, жергілікті атқарушы органдардан 60 жүзу құралы әзірленген. Төтенше жағдайлар кезінде халықты эвакуациялайтын 124 пункт дайындалды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив