KZ
Өскемен
+14°
ясно жел 10 м/с, СБ
446.49 475.38 4.79

Бала бағатын темір төбет

17.01.2023, 11:43 304 Оразай Жеңісұлы

Жеті қазынаның бірі саналатын тазылардың орнын жасанды зерделі иттер алмастыра ала ма? Қытайлық компания Oppo Inno Day 2022 шарасында Qric атты робот итті әлем назарына ұсынды.

«Жарқын болашақты қалыптастыру» деген ұранмен өткен шара былтыр 14 желтоқсанда ұйымдастырылып, ғылымның жетістіктері көпшілікке таныстырылған. Аталмыш шарада көптің назарына Qric атты робот ит ілікті.

Қазіргі күні жұмысбасты ата-аналар үйдегі баласына қарайтын адам таппай қиналып жатады. Ал баланы үйге жалғыз қалдыруға тағы болмайды. Осындайда темір иттің тигізер пайдасы зор. Qric – жасанды зерде орнатылған ақылды құлтемір. Ол үйдегі баламен ойнап, оның көңілін көтеріп, жақсы серік бола алады. Тіпті баланың денсаулығы нашарласа немесе бір жерін жарақаттап алса темір төбет өз бетімен жедел жәрдем шақырады. Ал баланың не істеп жатқанын көзімен көргісі келген ата-ата Qricке қоңырау шалса жеткілікті. Ол денесінде орнатылған камералардың көмегімен үйдегі жағдайды телефонға тікелей жолдайды және баламен онлайн режимде сөйлесуге де мүмкіндік туғызады.

Егер үйге ұры түссе, темір төбет арнайы органдарға хабар беріп, үй иесіне ескерту де жасайды. Сонымен қатар ол үйге әкелген кішігірім сәлемдемелерді де қабылдай алады. Иттің бұл қызметі үйінде сирек болатындар үшін аса тиімді екені сөзсіз.

Oppo компаниясының ұсынған бұл құлтемірдің жаппай сатылымға қашан шығатыны әлі белгісіз. Алайда темір итті асырағысы келетіндер көп. Qric-тің бағасы шамамен – 1600 АҚШ доллары.

Айта кетелік, Qric әлемдегі жалғыз темір төбет емес. Одан бұрын қытайлық Xiaomi компаниясы CyberDog жобасын ұсынып, алғашқы төрт аяқты роботты жасаған еді. Ол ит жылдам жүгіріп, үй жануарына тән мінез таныта алғанымен оның атқаратын қызметі Qric-тікіндей емес, шектеулі. Адамға тигізер пайдасы мол болғандықтан қазіргі таңда Qric көпшілікті қызықтырып отыр.

Ынтымақ Толқын

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив