KZ
Өскемен
+6°
переменная облачность жел 2,2 м/с, З
444.32 473.33 4.76

Өскеменде «Жас IT маманы» жобасы іске қосылды

31.01.2023, 16:15 457 Оразай Жеңісұлы

Алты мыңнан астам тұрғыны бар Шығыс ауылыда жаңа «IT сынып» ашылды. Технологияның тілін тауып, еліміздегі IT саласының тасын өрге домалатам деген әрбір жас бұл жерде тегін білім алмақ.

Қазір алысты жақын, жаяуды жылдам еткен заман туды. Әлемнің бір түкпіріндегі болмыс әп-сәтте екінші бұрышына жетеді. Бұның барлығы IT саласының жетістігі. Алайда, сұранысқа ие болған саланың ақсап тұрған тұсы маман тапшылығы. Бұл тек бізде ғана емес, әлем елдерінің өзекті мәселесіне айналған. Соңғы жылдары елімізде аталмыш түйткілді шешуге айтарлықтай күш салынуда. Нәтижесінде, әр өңірде IT мектептер мен сыныптар ашылып, жас буынның озық технологиямен ерте танысып, тілін табуға мүмкіндіктер жасалуда.

Сондай бастамалардың бірі облыс орталығында орналасқан «Оралхан Бөкей» атындағы қалалық кітапхана ұсынған «Жас IT маманы» жобасы. Бір жылға жоспарланған курс оқушыларға бағдарламалау тілі, 3D модельдеу, 3D принтермен жұмыс және робототехника сынды озық салаларды үйретпек. Дәріс алушылар жас ерекшелігіне сәйкес топтарға бөлініп, қазақ және орыс тілдерінде білім алады. Жобаның ең тиімді жері курстың барлық қатысушылар үшін тегін болуында. Себебі, қазір баласын осындай үйірмелерге жіберіп, білімін шыңдауға көптің қалтасы көтере бермейді.

Кітапхана басшысының айтуынша бұл идея білім саласына қалай қол ұшын созса болады деген ойдан туған. Сонымен қатар, IT саласындағы маман тапшылығы ескеріле отырып, жеткіншектерді осы салаға қызықтыруды жөн көрген.

-Қазір цифрлық даму кезеңі. Осы үрдістен қалмау жолында барлығымыз еңбектенуіміз керек. Мектеп оқушылары бос уақыттарын тиімді пайдаланып, білім мен ғылымға ұмтылсын деп сыныпты ашуға күш салдық. Сыныпқа керекті жабдықтармен «Казцинк» ЖШС қамтамасыз етті. Оларға да алғысымыз шексіз. Біз кітапхана екенбіз деп қарап отырмай жастар неге қызығушылық танытса, соны қолжетімді қылуға тырысуымыз керек. Сонда ғана ауыз толтырып айтатын жетістіктерге жетеміз,- деді қалалық кітапхана директоры Қабиба Ақжігітова.

Аталмыш жобаны «Казцинк» ЖШС қаржыландырған. Қазір сыныпта робототехникаға арналған құрастырмалы бөлшектер мен 3D принтер және бағдарламалауға арналған компьютерлер қойылған. IT сыныптың ашылған орыны да жоба үшін маңызды рөл атқарады. 6 мыңнан астам тұрғыны бар шағын ауданда 800-ге жуық оқушы жергілікті мектепте білім алады. Қаладан алшақтығы талапты жастардың қолын байламас үшін ұтымды жоба осында іске асқан.

-Цифрлық технологиялар жұмыс берушілер арасында ғана емес жастардың да қызығушылығын туғызып отыр. Сондықтан біз бұл жобаны қуана қолдадық. Осы уақытқа дейін сыныпта бірнеше сабақ өткен екен. Қысқа мерзімде оқушылардың жеткен жетістігін көріп таңданып отырмын. Бастан аяқ бір робот құрастырып оған телефон арқылы бағдарлама орнатып үлгеріпті. Бұл жастардың алғырлығы мен осы салаға деген қызығушылығының айқын дәлелі. Келешекте жаңа қазақстанды құратын да осы жеткінжектер,- дейді «Казцинктің» әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев.

Жаңадан ашылған IT сыныпта осыған дейін 8 сабақ өткен. Оқытушылар қаладан арнайы келіп сабақ беріп жүр. Тәлімгердің айтуынша аз уақыт ішінде ауыл жастары белгілі нәтиже көрсетіп үлгерген.

-Мен робототехникаға қатты қызығамын. Өз қолыммен робот құрау арманым енді. Қазір оған мүмкіндігіміз бар. Сынып ашылғалы 8 сабағына қатысып, 8 рет робот құрастырдым. Оның тек бесеуі сәтті шықты. Алдағы уақытта барлық мүмкіндігімді пайдаланып, жетістікке жетсем деймін, -деді оқушы Айдын Азаматұлы.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде 2025 жылға қарай 100 мыңдай IT мамандар даярланбақ. Ал жеткіншектердің арманын орындауға жол ашқан аталмыш жоба білікті маман даярлауға септігін тигізеді деген сенімдеміз.

Айта кетелік, бұл «Казцинктің» кітапханамен бірлесе атқарған алғашқы жобасы емес. Осыған дейін де компанияның қолдауымен бірнеше өтімді жобалар жарық көрген.

Ынтымақ Толқын

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив