KZ
Өскемен
+13°
облачно с прояснениями жел 2,2 м/с, СБ
446.49 475.38 4.79

Шығыстың еріктілері ел алғысын арқалап жүр

Фото: etoday.kz

28.02.2023, 22:00 233 Мадина Амангелдіқызы

Жасаған жақсылығы үшін ақы сұрамайтын қайырымды жандар бар. Оларға елдің ақ батасы мен алғысынан артық олжа жоқ. Мұқтаждарға көмек қолын созып, кез келген сәтте қолдау көрсетуге ұмтылатын еріктілердің еңбегін қалың жұрт ерекше құрметтейді.

Рас, бұл волонтер деген қауымның белсенділігіне дауа жоқ, қысы-жазы дамыл таппайды ғой. Үнемі жақсылықтың жаршысы болып жүретін оларға ауа райының қолайсыздығы, төтенше жағдай, табиғи апат сияқты қауіп-қатер де кедергі емес...

Арыға бармай-ақ осы жылдың басынан бергі уақытқа назар салсақ, облыс еріктілері біраз шаруа тындырғанына көз жеткіземіз. Биыл өңірде қар қалың түсіп, саршұнақ аяз бен ақ түтек боранның дүркін-дүркін әлек салуы қайырымдылық жасағын әдеттегіден ширақ қимылдауға мәжбүр етті. Тарбағатай, Күршім, Алтай, Катонқарағай, Зайсан және басқа аудандардың волонтерлері тыным таппады. Жолда қалған жолаушыларды қар құрсауынан құтқару, боранда адасқан адамдарды іздеу, қолғанатқа зәру қариялардың ауласындағы қарын күреп, отын-суын әзірлеп, азық-түлігін жеткізіп беру олардың үйреншікті жұмысына айналғалы қашан.

Түркия еліндегі алапат зілзаладан зардап шеккен бауырларымызға гуманитарлық көмек ұйымдастыру да осы еріктілердің күшімен жүзеге асырылғанын атап өткен жөн. Облыс еріктілерінің арқасында Шығыс Қазақстаннан Түркияға 10 тоннадай қажетті заттар жөнелтілді. Мұның арасында белсенділер дертіне шипа іздегендердің медициналық ем-домына ақша жинау, баспанасы жоқ отбасыларына үй алуға көмектесу сияқты қайырымдылық іс-шараларына да уақыт тауып жүр.

Енді міне еріктілер тобы көктемгі тасқынның алдын алу, жұртты қарғын судың қаупінен сақтандыру жұмысына білек сыбана кіріскен. Дәл қазір 260 волонтер құтқарушыларға көмектесіп жатыр. Олар су тасқыны болуы ықтимал учаскелерге тұрақты мониторинг жүргізіп, аулаларды қардан тазартып, тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіруде.

«Еріктілер жеке сектордың, жалғыз тұратын қарттардың, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың үйлерін қардан тазарту бойынша жиырмадан астам іс-шара өткізді. Сондай-ақ олар ТЖД өкілдерімен бірге қала-аудандарда үй-үйді аралап, су тасқынының қаупі туралы 2500-ге жуық жадынама таратты», – делінген төтенше жағдайлар қызметі ұсынған хабарламада.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив