KZ
Өскемен
+13°
ясно жел 9 м/с, С
444.22 476.38 4.82

Сайлау-2023: Үміткерлер сайлаушылардың талап-тілектерін тыңдады

3.03.2023, 18:30 340 Мадина Амангелдіқызы

18 ақпаннан Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауының алдындағы үгіт-насихат жұмыстары басталды. Сайлауға жіберілген 7 саяси партия насихат шараларын түрлі форматпен жүргізіп жатыр. 

AMANAT партиясының республикалық сайлауалды штабының мүшелері Қызылорда облысының сайлаушыларымен кездесті.

Штаб мүшелері партияның білім саласындағы басымдықтарын педагогтармен талқылады. AMANAT Төрағасы Ерлан Қошанов білім саласындағы жетістіктерге қарамастан, қазақстандықтар партиялық қабылдау бөлмелеріне әлі де шағым арқалап келетінін атап өтті.

– Сапалы білім еліміздің әр тұрғынына қолжетімді болуы тиіс. Осы мақсатта алдағы бес жылда біз кемінде 1,2 миллион ыңғайлы оқушы орнын құрамыз. Сондай-ақ 300 мың жаңа орыннан тұратын мектепке дейінгі білім беру ұйымымен қамтамасыз етеміз, – деді Ерлан Қошанов.

Білім беру ұйымдарының қызметкерлері «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғаннан кейін кітапханашылар, зертханашылар және басқа да техникалық қызметкерлер назардан тыс қалғанын айтты. Бұл мәселені жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативін арттыру арқылы шешуге болады.

 

 «Ауыл» партиясынан Мәжіліс депутаттығына партиялық тізімі бойынша кандидаттар Қостанай қаласында «Фермерлер ата-аналарының айтуы» атты дөңгелек үстелге қатысты.

Шараға отбасылық фермерлердің ата-аналары мен туыстары, жастар, «Ауыл» партиясы мүшелері қатысты.

– Мемлекеттен фермерлерге бөлініп жатқан көмектің жырымдалып жететіні аян. Жас фермер ішкі қыжылын жақынына ғана айтады. Мүмкін баласының айта алмай жүргенін ата-анасы айтар. Сондықтан фермерлердің ата-аналарын жинап, мұң-мұқтажға құлақ түріп жатырмыз, – деді Мәжіліс депутаттығына партиялық тізімі бойынша кандидат Қайрат Айтуғанов.           

«Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасымен танысқан, оның балалары айта алмай жүрген мәселелерді шешуге бағытталғанына көз жеткізген ата-аналар ұсыныстар берді.

Сондай-ақ кандидаттар «Қазақ тұлпары» жылқы зауытында облыстың АӨК өкілдерімен «Қостанай жылқы тұқымын дамыту» тақырыбын талқылады.

 

Respublica партиясы сайлауалды турын жалғастыруда, бір мезгілде еліміздің екі аймағында – Қостанай және Ақтөбе облыстарында сайлаушылармен кездесулер өтті.

Сапардың бірінші күні Қостанай облысында халықпен кездесу өтті. Екінші күні партиялықтар агроөнеркәсіп саласындағы еңбек ұжымдарымен дидарласты. «МИЛХ», «СарыарқаАвтоПром» кәсіпорындарына барды.

«Баян-Сұлу» кондитерлік фабрикасының ұжымымен кездесуде партияның тең төрағасы, Мәжіліс депутаттығына кандидат Динара Шүкіжанова әр азамат дауыс беруге тиіс екенін атап өтті.

– Әр дауыс беруге құқылы және мұны назардан тыс қалдыруға болмайды! Дауыс беру күні біз тек сайлау учаскесіне барып қана қоймай, жаңа саяси күштің қалыптасуына және өзгерістер үдерісінің іске қосылуына ықпал етеміз, – деді ол.

Сонымен қатар кандидаттар ақтөбелік жастармен, спортшылармен, қоғамдық пікір көшбасшыларымен де кездесті.

 

ҚХП төрағасының орынбасары, Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат Асхат Асылбеков Батыс Қазақстан облысында партия активімен кездесті.

Халық партиясы билік өкілеттіктерін бөлуде тежеу мен тепе-теңдіктің саяси жүйесін жақтайды. Партия атышулы істер бойынша парламенттік тергеу жүргізу мүмкіндігі берілетін «Ықпалды Парламент» қағидатын іске асыруда Халықтық үкімет құру қажет. Осы және өзге де тақырыптар бойынша спикер кеңінен ой қозғады.

– Біз соттың тәуелсіздігін қалаймыз. Сондықтан аудандық соттың судьяларын халық сайлауы керек! – деді ол.

Төраға орынбасарының айтуынша, облыстық және оған теңестірілген соттардың судьяларын облыстық мәслихаттар сайлауы тиіс.

Халық партиясы ел аумағында өз азаматтарымыз өндірген тауарлардан, көрсеткен қызметтерден қосымша құн салығын алып тастауды және айналымға 5% мөлшерінде бірыңғай салық енгізуді қолдайды.

 

Baytaq партиясынан Парламент Мәжілісінің депутаттығына үміткер Жанат Саматқызы Ақтау қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан полигонның бас жоспарымен танысты.

Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданының барлық қатты тұрмыстық қалдықтары осында тасымалдануда. Полигонда техника жетіспейді. Жалпы өңірде тұрмыстық қалдықтарды жинаумен және шығарумен айналысатын кәсіпорындар саны 20-дан асады.

Қоқыс полигоны 2016 жылы пайдалануға берілген. Полигон орналасқан жер «Маңғыстау жылу» МКК қарайды. Ал тұрмыстық қатты қалдықтарды қабылдау және сұрыптау жеке кәсіпкермен жасақталған келісімшарт негізінде жүргізіледі. Күніне 1000-1300 текше метр қоқыс жеткізіледі. Қалдықтардың 70% қайта өңдеуге жіберілсе, қалған 30% жарамсыз қоқыс күйінде қалып отыр.

Маңғыстау өңірінде тұрмыстық қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеудің тұтас инфрақұрылымын құру, сондай-ақ полигондарды нормативтік талаптарға сай етіп жасақтау әзірге тек қағаз күйінде қалып тұр.

 

«Ақжолдың» демпартиясының республикалық штаб мүшелері Қарағанды ​​облысының халқымен, еңбек ұжымдарымен үгіт-насихат кездесулерін өткізді.

«Ақжолдықтар» «Eurasian Foods» АҚ жұмыскерлерімен кездесіп, партия саяси бағдарламасын таныстырды. Оның ішінде кәсіпкерлікті қолдау мәселесіне жан-жақты тоқталды.

– «Ақ жол» партиясы әділ салықты талап етеді. Оның әсері қандай? Оның әсері тұтынушылар үшін өнім бағасының арзандығы мен салықтың аз болуы себепті жұмысшыларға жалақы өсіру мүмкіндігінің пайда болатындығында, – деді республикалық штаб мүшесі Ғани Хамзин.

Жұмысшылар көкейдегі сұрақтарын қойды. Көпшілікті әлеуметтік әділеттілік, сыбайлас жемқорлықпен күрес, әділ сайлау мәселелері қызықтырды.

Сондай-ақ республикалық штаб мүшелері Саран қаласының орталық ауруханасына барды. «Ақ жол» партиясының кандидаттары партияның саяси бағдарламасын таныстырып, дәрігерлердің сұрақтарына жауап берді.

 

Жалпыұлттық социал демократиялық партиядан Мәжіліс депутаттығына партия тізімі бойынша кандидат Әбдікамал Әшімбеков Түркістан облысы сайлаушыларымен үгіт-насихат кездесуін өткізді.

Кентау трансформатор зауытының жұмыскерлерімен кездесу барысында кандидат жиналған қауымға партияның сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарын баяндады.

Атап айтқанда, партияның сайлауалды бағдарламасында жаңа Еңбек кодексін қабылдау туралы тармақ бар екенін атап өтті. Аталмыш құжатта еңбек шарттарын жасасу кезінде жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің толық теңдігі қамтамасыз етілетін қағидат бар.

Сонымен бірге Жалпыұлттық социал демократиялық партиядан Мәжіліс депутаттығына партия тізімі бойынша кандидат Әбдікамал Әшімбеков өз сөзінде жастарды жұмысқа орналастыру бойынша аталмыш өңірдің артта қалып жатқандығына тоқталды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив